Accessibility links

Пост жазып, басы бәлеге қалды. Қазақстандағы "экстремизммен күрестің" ерекшелігі


Қылмыстық кодекстің 405-бабы бойынша сотталған, Сәтбаев қаласының тұрғыны Бүркітбай Насырханов.
Қылмыстық кодекстің 405-бабы бойынша сотталған, Сәтбаев қаласының тұрғыны Бүркітбай Насырханов.

Қазақстанда экстремистік баппен айыпталған азаматтар банк, сақтандыру және нотариус қызметін пайдалана алмайды. Оларды автоматты түрде "терроризм мен экстремизмді қаржыландыратын тұлғалар тізіміне" енгізеді. Өзін осы тізімнен шығаруды талап етіп, діттегеніне жеткен адам аз. Құқық қорғаушылар бұл процестің қиын екенін айтады.

Бір жарым жылға бостандығын шектеу, үш жылға қоғамдық-cаяси қызметпен айналысуға, әлеуметтік желіге жазба жариялауға және митингілерге қатысуға тыйым салу. Сәтбаев қаласында тұратын белсенді Бүркітбай Насырханов былтыр шілдеде осындай сот үкімі оқылғанда, өзін бұдан басқа да жаза күтіп тұрғанын білмеген. Белсендінің банктегі шоттары бұғатталып, банкоматтан ақша алу, жіберу, тіпті жалақы алу мүмкіндігінен айырылған.

– Шоттарымды бұғаттап тастады, маңдай теріммен тауып, салығын төлеген жалақымды ала алмай отырмын. Заңды жолмен келген ақшаға неге мұндай шектеу қояды? Маған сот үкімінде көрсетілмеген қосымша санкциялар қолданып жатыр, – дейді Насырханов.

"ЖАН-ЖАҚТЫ ШЕКТЕУ"

Бұрынғы кенші шоттары бұғатталғанын банктеші шотынан ақша алуға барғанда білген. Банк қызметкерлері қаржы операцияларына шектеу қойылғанын айтқан. Насырханов адвокат жалдаған, ол мемлекеттік органдарға хат жазған.

Қаржы бақылау агенттігі адвокатқа Насырхановтың "терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар тұлғалар тізіміне" қосылғанын хабарлаған. Бұған белсендінің 405-баппен сотталуы себеп болған. Әдетте бұл бап наразылыққа шыққан немесе әлеуметтік желіде билікті сынап, пікір жазған белсенділерге қарсы қолданылады. Кейінгі үш жарым жылда ондаған адамның үстінен "тыйым салынған ұйым қызметіне қатысу" (Қазақстанда сот шешімімен "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" қозғалыстары "экстремистік" деп танылған, Еуропа парламенті бұл ұйымдарды "бейбіт оппозициялық бірлестік" деп атайды) айыбымен іс қозғалған.

Facebook-те сыни пост жариялаған Насырханов та аталған қозғалыстар қызметіне қатысты деп айыпталған. Ол сотта өзіне тағылған айыпты мойындаудан бас тартып, кеншілер мен өндіріс мүгедектерін қолдауға арналған қоғамдық-саяси қозғалыс құруға талпынғаны үшін қудаланып жатқанын айтқан.

Бүркітбай Насырханов.
Бүркітбай Насырханов.

– Маған біреуден ақша алды немесе экстремистік ұйымды қаржыландырды деген айып тағылған жоқ. Өзім заңсыз санайтын сот үкімінің өзінде жалақы алуға байланысты шектеу болмаған. Аты-жөнімді тізімге қосқалы, ештеңе істей алмай отырмын. Отбасым, бала-шағам бар. Қалай өмір сүремін? Бұл адамды қорлау, құқын негізсіз шектеу ғой, – дейді Бүркітбай Насырханов.

Белсенді сотқа жүгінген. Бірақ банк операцияларына шектеу қойылғандықтан мемлекеттік төлемді аудара алмаған. Насырхановтың орнына ақшаны адвокаты төлеген. Ол халық банкінің филиалына қарсы арыз берген. Істегі үшінші тарап – бас прокуратура мен қаржы бақылау агенттігі. Азаматтық істі Ұлытау облысы Жезқазған қалалық соты қарап жатыр. Арыз берушінің талабы – банктің әрекетін заңсыз деп тауып, оның қаржы операцияларына қойылған шектеулерді алып тастауға міндеттеу.

– Бір жаза түріне кесілген адамға қосымша жаза тағайындалып отыр. Мұндай тізімде терроризмді қаржыландыруға қатысқан адамдар ғана болуы тиіс. Бірақ Насырхановқа терроризм мен экстремизмді қаржыландырды деген айып тағылмаған. Сот үкімінде қылмыстық жазаның басқа түрлері де қамтылмаған. Насырхановты тізімге қосып, Конституцияда кепілдік берілген құқықтарын жүзеге асыруына мүмкіндік бермей отыр. Банк операцияларын шектеу заңсыз деп есептейміз, – деді сотта адвокат Инара Масанова.

Адвокаттың пікірінше, Қазақстанның "Терроризмді қаржыландырумен күрес туралы заңы" халықаралық стандарттар мен мемлекет мойнына алған міндеттемелерге сай келмейді. Масанова соттан Конституциялық кеңеске хат жолдап, "Терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қарсы күрес туралы" заң нормаларының негізгі заңға сәйкестігін тексеруді сұрады. Сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.

Банк филиалының өкілі ұйымға тағылған айыппен келіспейді. Ол банк 24 сағат ішінде қаржы бақылау агенттігі сайтындағы "терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар тұлғалар тізіміне" қосылған адамның қаржы операцияларын бұғаттау бойынша шара қабылдауға міндетті екенін айтты. Насырхановтың банк операциялары сол себепті бұғатталған деп түсіндірді. Прокуратура да соттан талапкер арызын қанағаттандырмауды сұрады.

Қаржы бақылау агенттігінің дерегінше, Насырханов тізімге 2021 жылғы 7 қазанда бас прокуратураның құқықтық статистика және арнаулы есеп комитетінің сот үкіміне сүйеніп дайындаған хатының негізінде қосылған. Қаржы және мүлік операциялары бұғатталған. Ақшаны тек қарыз төлеуге ғана пайдалануға болады.

"ІЛУДЕ БІР АДАМ ҒАНА КҮРЕСЕДІ"

"Терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар тұлғалар тізімінде" бір жарым мың адамның аты-жөні жүр. Құқық қорғаушылар ілуде бір адам ғана өзін тізімнен шығару үшін күресетінін айтады.

– Ешкім бұл мәселемен айналысқысы келмейді. Сотқа көп адам бармайды. Әдетте адамдар амалын тауып, өмір сүруге тырысады. Күресетіндер де, оларды қолдап, көмектесуге келісетіндер де аз, – дейді құқық қорғаушы, адам құқықтары жөніндегі қазақстандық бюро директоры Евгений Жовтис.

Жовтистің ұйымы 2018 жылы белсенділерді тізімге қосу ережесін өзгертуді сұраған. Ол кезде бюро заңгерлері төрт сотталушының (арасында оппозициялық саясаткер, тіркелмеген "Алға" партиясының бұрынғы басшысы Владимир Козлов та бар) құқығын қорғаған. Козлов Жаңаөзен оқиғасынан кейін "араздық туғызды" деген айыппен түрмеге жабылған. Бұл экстремистік бапқа жатады (Козлов 2019 жылы бостандыққа шыққаннан кейін Украинаға көшіп кетті). Астана соты арыз беруші тарап [экстремизмді қаржыландыруға қатысқан тұлғалар тізімі туралы] ережелер халықаралық міндеттемелерге сай келмейді деп тануды сұрағандықтан, бұл істі азаматтық іс түрінде қарауға болмайды, ал азаматтық-процесстік кодексте мұндай мәселелер қарастырылмаған деп, бюроның өтінішін қанағаттандырмаған. Ұйым заңгерлері Жоғарғы сотқа дейін жеткен, бірақ нәтиже шығара алмаған.

Бюро дерегінше, қазір Насырхановтың процесінен бөлек, Алматы облысында "экстремистік" баппен сотталған тағы бір азаматтың арызы бойынша сот өтіп жатыр. Ол көлігіне сақтандыру құжатын ала алмаған. Онсыз көлікті жүргізуге болмайды. Арыз иесінің жалғыз табыс көзі – көлігі.

– Қазір екі іс бойынша соттасып жатырмыз. Бірақ өте қиын. Қай заңға сілтесек те, көмектеспейді. Не бас прокуратура, не ұлттық қауіпсіздік комитеті реакция білдірген жоқ. БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетіне арыз беруге материал жинап жатырмыз, – дейді құқық қорғаушы.

Экстремизмді қаржыландырды деп көрсетілген адамдар тізіміне енгендер екінші деңгейдегі банктер мен сақтандыру компанияларының ғана емес, нотариустың да қызметін пайдалана алмайды. Заңды кәсіппен айналысу мүмкін емес, өйткені жеке кәсіпкер ретінде тіркелгенге кедергі бар.

Заң бойынша, тізімдегі тұлғалар өзін және отбасын асырау үшін банкке өтініш жазып, ең төменгі жалақы мөлшерінен аспайтын көлемде еңбек демалысына тиесілі ақшасы мен жалақысын ала алады. Елдегі ең төменгі жалақы мөлшері – 60 мың теңге (шамамен 127 доллар).

"ҰҒЫМДАРДЫҢ ОРНЫН АУЫСТЫРУ"

Қазақстанда "Терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар ұйымдар мен тұлғалар тізімі" "Қылмыстық жолмен келген табысты заңдастыруға (жымқыру) және терроризмді қаржыландыруға қарсы заңға" сәйкес дайындалған. Евгений Жовтистің айтуынша, заң мен Қазақстан ратификациялаған терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес туралы халықаралық конвенция атауында "экстремизм" термині жоқ. Конвенцияда бұл күрес заңды ақша қозғалысына қатысты қолданылмауы керек деп жазылған. Бірақ Қазақстанда террористік немесе экстремистік бап бойынша сотталған адамдар автоматты түрде тізімге енеді. Олардың терроризмді қаржыландыруға қатысы бар ма, жоқ па, оған мән бермейді.

– Жақында бас прокуратура халықаралық қауымдастыққа терроризммен және зорлықшыл экстремизммен күресіп жатқанын айтты. Бірақ бұл ұғымдардың орнын ауыстыру ғой! Бізде "зорлықшыл экстремизм" емес, "экстремизм" деген ұғым ғана қолданылады. Экстремизм сөзінде зорлық сипаты жоқ. Бүкіл мәселе осыдан басталады, – дейді Евгений Жовтис.

Жовтис террористік қылмыс жасап, зорлық-зомбылықты қолданатын экстремизмге барған адамдар мен саяси оппозицияның ара-жігін ажырату керек деп есептейді. Ол "Қазақстанның демократиялық таңдауы" немесе "Көше партиясы" сияқты қозғалыстарды тікелей немесе жанама түрде қолдаған, бірақ зорлық жасамаған адамдарды мысалға келтіреді.

– Бақылаңдар, бірақ ақшасы мен жеке өміріне тиіспеңдер. Биліктің әрекеті тиімсіз. Егер жазасын өтеп шыққан адамға экономикалық мүмкіндік қалдырмаса, ол қалыпты өмірге қалай оралмақ? Сонда билік бұл әрекетімен оларға заңсыз іспен айналысыңдар дегісі келе ме? Әсіресе, экстремистік іс-әрекетке қатысты деп айыпталғандар не істейді? Билікке қаласаңдар, ажырататын белгі енгізіп қойыңдар деп отырмыз. Сонда тізімдегі адамдардың жартысы одан шығып қалады, өйткені олар халықты зорлық-зомбылыққа шақырмаған, – дейді Жовтис.

Жовтистің сөзінше, терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар тұлғалар тізімі Ресей мен Қазақстанда ғана бар. Құқық қорғаушының сөзінше, 2020 жылы БҰҰ-ның терроризммен күрес бойынша арнайы баяндамашысы Фионнуала Ни Аолаин Қазақстандағы терроризм мен экстремизмге қарсы заңды қатаң сынаған.

– Ол "экстремизм" терминіне құқықтық тұрғыдан анықтама берілмегенін, бұл тізім халықаралық міндеттемелерге сай келмейтінін айтты, – дейді Жовтис.

Халықаралық Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының мәлімдеуінше, Қазақстан билігі кейінгі жылдары билікті сынайтындарға қысым көрсетіп, қылмыстық іс ашып қудалау үшін экстремизм бойынша айыптауларды жиі қолдануға көшкен.

Қазір адамды "терроризм мен экстремизмді қаржыландыруға қатысы бар тұлғалар" тізімінен шығару үшін сот үкімінің күші жойылуы керек немесе соттылығы жойылғаны туралы құжаттар қажет. Жаза мерзімі аяқталғаннан кейін де айыпталушы бірнеше жыл бойы тізімде тұрады. Мысалы, "Шаңырақ ісі" бойынша 18 жыл түрме жазасына кесіліп, он бес жылын абақтыда өткізген, былтыр мерзімінен бұрын босатылып, артынша қайтыс болған ақын әрі диссидент Арон Атабек әлі күнге осы тізімде тұр.

"Экстремизм" айыбымен сотталғандар қаржы қызметтерінен қағылғанын айтады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:08 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG