Қаңтар оқиғасы кезінде зардап шеккен қырғызстандық музыкант Викрам Рузахунов Қазақстаннан өтемақы талап етпек. Бұл жөнінде адвокат Бақыт Автандилге сүйенген Азаттықтың Қырғыз редакциясы хабарлады.
Адвокаттың сөзінше, Рузахуновтың азапталуына байланысты қозғалған қылмыстық іс сараптама нәтижесі дайын болғанша тоқтатылған. Адвокаттың сөзіне қарағанда, Рузахуновты азаптағандар анықталып жатыр және олардан материалдық-моральдық шығын талап етілмек.
Биыл Қаңтар басында Қазақстанның күштік құрылым өкілдері Рузахуновты ұстап, ұрып-соққан. Екі күннен соң, Қырғызстан билігі мен қоғамының араласуымен ол босатылып, Бішкекке жеткізілген. Кейін ол жақта оған ауруханада операция жасалды. Викрам Рузахунов Қазақстанның күштік құрылымдарының өзін азаптағанын мәлімдеді.
Қазақстанда "Азаптау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Биыл мамырда Рузахуновтың Алматыға барып, тергеу амалдарына қатыспағаны үшін істің уақытша тоқтатылғаны хабарланды. Қыркүйек айында тергеу амалдары басталған. Музыкант өзін ұрып-соққан оннан астам полицейді таныған.
Рузахуновтың соққыға жығылуына байланысты Қырғызстан милициясы да қылмыстық іс қозғап, сараптама тағайындаған. Нәтижесінде музыканттың денсаулығына ауыр зақым келгені анықталды.
Жуырда "Қырғызстанның азаптау мен дөрекі қарым-қатынастан азат болу құқығын сақтаудағы жетістіктері" атты халықаралық форумда Викрам Рузахунов Азаптауды ескерту жөніндегі ұлттық орталықтан ерікті елші болып бекітілді.
Қырғыз парламентінің депутаты Эльвира Сурабалдиева Рузухановты нағыз лайықты кандидат деп атап, азаптауды басынан кешірген адам ретінде оның елдегі азаптау оқиғаларымен күресетінін айтты.