Accessibility links

Агенттік: Қазақстандық банктерге "Мир" карталарын қабылдауға рұқсат берді


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлама таратып, АҚШ қаржы министрлігіне қарасты шетел активтерін қадағалау жөніндегі басқарма ресейлік жеке тұлғалардың карталарын Қазақстан аумағында пайдалануға рұқсат бергенін мәлімдеді.

Ведомство "Ресейден Қазақстанға қоныс аударған жеке тұлғалардың ресейлік банктердің "МИР" картасын пайдалануына қарсылық жоқ" деп мәлімдеген.

Дегенмен Американың реттеуші органы санкция ережелері бұзылмағанына көз жеткізу үшін операцияларды қатаң бақылауда ұстайды.

"Осылайша, қазақстандық банктердің "МИР" карталары бойынша төлем, аударымдар қабылдауға, сонымен бірге жеке тұлғаларға банкоматтардан ақша беруге құқығы бар" деп жазылған агенттік таратқан хабарламада.

Алайда агенттіктің жазуынша, "Мир" жүйесіне қосылу туралы шешімді қазақстандық банктер мекеменің жеке даму стратегиясы мен ішкі жүйеге төнетін қатерлерді ескере отырып, өздері қабылдайды.

Бұған дейін ресейлік "МИР" төлем карталарын қабылдайтын бірнеше ел АҚШ-тың жанама санкциясынан сескеніп, карталарды қабылдаудан бас тартқан.

Кейінгі айлары Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркия және Вьетнам "Мир" картасымен операцияларды тоқтатқан. Түркия ресейлік туристерге арналған жаңа ортақ төлем жүйесі жөнінде идея айтқан, алайда қандай да бір қадамдар туралы айтылмады.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін көптеген елдер Мәскеуге қатаң санкция салған. Ол өзге салалармен қатар қаржы саласын да қамтыды. Наурыз айында Ресейде Visa және Mastercard төлем жүйелері жұмысын тоқтатқан.

XS
SM
MD
LG