Азаттық радиосы
«Билік жоспар құрумен, халық күн көрумен әлек»

"Билік жоспар құрумен, халық күн көрумен әлек" Қазақстанды кедейлік жайлап барады

Жаннат НҰҒМАНОВА

Жел. 12, 2022

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда миллионға жуық адам кедей тұрады. Экономистер кедей саны бұдан үш есе көп болуы мүмкін дейді. Кейінгі он жылдағы рекорд қымбатшылық кедейлік мәселесін одан әрі ушықтырып отыр. Азаттық инфляциядан зардап шеккен отбасылармен сөйлесіп, қазақстандықтардың табысы неге азайып жатқаны жөнінде экономист пікірін білді.

Көпқабатты үйдің астыңғы қабатындағы терезеге "Киім тігу, жөндеу" деген үлкен плакат ілінген. Кіреберістегі төрт шаршы метр аядай жерді 57 жастағы Қайныш Қалиева жұмыс үшін жалға алған. Есіктің орнына көк перде ілінген. Оның астынан ызылдап суық жел соғып тұрады.

Қайныш Қалиева

Тігінші үстелінде сөгілген ескі пальто жатыр. Қайныш апай пальтоның астарын ауыстыруға кірісті.

— Мынаның жағасын қайта тігіп шығуым керек. Күзетші болып істейтін әйел, үлкен кісі. "Астарын ауыстырып берші" деп алып келді. Бұрын ішінде тері болған ғой, ауыр дейді киюге. Бір жерге барған екен, 15 мың сұрапты. Сосын мен жарты бағасына істеп берейін дедім, — деді ол.

Кейінгі кезде клиенттері ескі киімдерін жөндетуге жиі әкелетін болған. Сондықтан Қайныш апайдың жұмысы бастан асады. Бірақ әйел бұған қуана қоймады. "Үнемдеуге тырысқандары ғой, халықта ақша жоқ" деді ол клиенттеріне жаны ашып.

— Жұрт ескі-құсқы киімін жөндейді, бұрынғыдай лақтырып тастамайды. Ауы үлбіреп қалған шалбарын алып келеді ғой енді, қайтсін. "Жамап-жасқаумен" айналысқым келмейді негізінде. Неге десеңіз, оған уақыт та, жіп те көп кетеді. Шұлық пен әбден тозған киімдерді жөндеуге тура келеді. Қалай жасап бермейсің енді, өзім сияқты пенде, — дейді Қайныш Қалиева.

ТАБЫСТЫҢ АЗАЮЫ ЖӘНЕ ҚЫМБАТШЫЛЫҚ

Еңбек министрлігі Қайныш Қалиеваны өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына жатқызады. Ол өз бетінше нәпақасын тауып жүр. Шығыс Қазақстанда туып, Ресейде училище бітірген әйел Зайсанда жұмыс істеген. 13 жыл бұрын Алматыға көшіп келген. Кенже ұлымен бірге пәтер жалдап тұрады. Жұмыс істейтін орнына ай сайын 15 мың теңге төлейді. Күнде алдына әртүрлі клиент келеді, арасында бай адамдар да бар.

— Шалбардың балағын қысқартуға алып келеді, мың теңге десем, "Каспиге" екі мың теңге салып жібереді. Рақметімді айтамын. Біздің жұмысты жеңіл өнеркәсіп дейді ғой. Жеңіл түгі жоқ. Адал еңбегім, оны жұрт бағалап жатса, қуанасың, әрине.

Қайныш әңгіме арасында сол жақ бетін ұстай береді. Бетінің бұлшықеті қозғалғанда көзін жұмады. "Үшкіл жүйкенің қабынуы" дейді ол қысыла сөйлеп.

— Уақытында емдеу керек еді. Әне-міне деп жүріп, қалды ғой. Бала өсіреміз дедік, жұмыс жасаймыз дедік. Солай өмір де өте шықты. Балалар аяққа тұрғанша, не көрмедік – қарызға да баттық, жиған-тергенімізді ломбардқа да тапсырдық. Бірақ адал өмір сүрген адамға құдай бәрін өзі береді деп ойлаймын. Ашкөз болмау керек.

Қайныш Қалиева мемлекеттен жәрдемақы алмайды. Зейнетке дейін әлі төрт жылы бар. Мемлекет оны кедейлер қатарына қоспаған. Өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген әйелдің табысы ең төменгі күнкөріс шегінен (2022 жылы қазандағы дерек бойынша, Алматыда бұл көрсеткіш - 51 500 теңге) жоғары.

Ұлттық статистика бюросының 2022 жылдың екінші тоқсанындағы дерегі бойынша, халықтың 5,1 пайызы немесе 971 228 адам ең төменгі күнкөріс шегінен аз табыс табады.

"Бағасын түсіріңізші" дейтін клиенттер Қайрат Сыйдалиевке де көп келеді. Ол ұзындығы — үш, ені бір жарым метр бөлмеде аяқ киім жөндеп, кілт жасайды. Шеберхананың кіреберісіне "Шебердің құлағы естімейді" деп жазылған.

Қайрат Сыйдалиев

15 жыл бұрын Тараздан Алматыға көшіп келген азамат есту қабілетінен айрылғандықтан мүгедектік алған. Әйелінің де денсаулығы нашар. Отбасы жатақханада тұрады.

— Бөлмеге 45 мың теңге төлейтінбіз. Қыркүйекте жалға алу бағасы 70 мың теңгеге өсіп кетті. Бірақ жұмысым бар, бәрі жақсы, — дейді Қайрат жауабын қағазға жазып.

Қайраттың шеберханасына күртешесінің сырмасы бұзылған студент келді. Шебер қолындағы етігін тастай сала, күртешені жөндеуге кірісті. Жұмысы үшін 300 теңге алды. Тағы бір клиентіне кілт жасап берді. Бірақ Қайраттың негізгі жұмысы — аяқ киім жөндеу.

— Жаңа аяқ киім қымбат тұрады, сондықтан ескісін жөндетуге жиі әкеледі, — дейді Қайрат Сыйдалиев.

Қазақстан билігі кедейлер туралы сөз қозғалғанда көп балалы, мүгедектігі бар ала асырап отырған, асыраушысынан айырылған отбасыларды ғана атап, оларды "масыл" деп айыптайды. Бірақ қазір зейнеткерлер мен студенттерді де кедей қатарына жатқызуға болады. Өйткені олардың табысын инфляция жеп қояды.

— Табыстың азаюы, жұмыссыздық — осының бәрі уақытша қиындықтар деген сенімнің жоқтығы Қаңтар оқиғасына себеп болды. Үкімет мәселені шешудің орнына одан әрі ушықтырып отыр. Түбі бұл әлеуметтік жарылысқа әкеліп соғуы мүмкін. Әсіресе ауылда кедей тұратын қазақ жастары арасынан осындай мәселе шығуы ғажап емес, — дейді экономика ғылымдарының докторы Мағбат Спанов.

Төртқабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан дүкен. Кассаға жету үшін сусын мен азық-түлік жиналған қорапшалардың арасынан өту керек. Кассаның алдынан да сатушы көрінбейді: үстел үстіне бәліш пен тәтті нан толы ыдыс қойылған.

Бұл дүкеннің айналасында екі километрге дейін басқа сауда орындары жоқ. Гүлзария жарты жылдан бері осы жерде сатушы болып істейді. Дүкенге келушілердің көбін жақсы таниды.

— Нан, майонез, "қытай кеспе", сосын "Горилла" – жақсы өтетін тауарлар. Халық арзанырақ бірдеңелерді жеп алады да, сосын жаңағы "Горилланы" сіміріп ішеді. Ұйықтамас үшін. Түнімен жұмыс істейді ғой.

Гүлзария әпкесі мен жездесінің дүкенінде істейді. Өз айтуынша, жездесі ақкөңілденіп, тауардың бәрін қарызға беріп, тақырға отыра жаздаған.

— Мына жерге келгенде қарыз дәптер дегеннің көзін жойдым. Жездем апамнан тығылып ана жер, мына жерге жазып беріп жүрген ғой қарызға. Кейде адамдар қарызға алып, жеке куәлігін тастап кетеді, бірақ оны қайтарып алуға келмейді. Несіне келсін? Ол деген — бес минутта жасалатын дүние. Жоғалтып алдым дейді де, жаңасын ала қояды, — дейді Гүлзария.

Қазір Гүлзария қарызға зат бермейді. Дүкенге келушілер жейтін тамағымыз жоқ деп жыласа, бәліш немесе нан береді. "Ақшасын берсе, береді, бермесе, садақа" дейді ол.

Гүлзарияның айтуынша, осыған дейінгі жұмыс орнымен салыстырғанда, қазіргі дүкеннің жағдайы жақсы. Бұрынғы дүкенде екі қарыз дәптер болған, жұрт ақшасын қайтармай, кәсіп иесі шығынға батқан.

— Кедейліктің көкесі сол жерде болды. Бастапқы екі аптада кәдімгідей күйзеліске түстім – бәрі көшіп келгендер, пәтер жалға алып тұратындар, ақшасы да, жұмысы да жоқ. Сосын бәрі келіп қарызға тамақ сұрайды. Оған қарағанда қазір мына жерде кілең "бай".

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда халықтың 5,1 пайызы кедейлік шегінен төмен өмір сүреді. Дүниежүзілік банк есебінше, елдегі кедей халықтың үлесі - 15,5 пайыз (үш миллион адам). Экономист Мағбат Спанов банк есебі шындыққа жақын деп есептейді.

— Әлем тәжірибесіне сүйенсек, күніне 4 доллардан аз (1 желтоқсандағы бағам бойынша, айына шамамен 56 мың теңге. — Ред.) ақшаға өмір сүретін адамдар кедей саналады. Қазақстанда кедейлік ең төменгі күнкөріс шегімен есептеледі (2022 жылдың 1 сәуіріндегі дерек бойынша, 37 389 теңге. — Ред.). Үкімет деректерді бұрмалап көрсетеді, — дейді экономист.

1 қарашадағы дерек бойынша, 700 мыңға жуық қазақстандық (699 095) немесе 135 791 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алады.

Атаулы әлеуметтік көмекті кім ала алады?

Атаулы әлеуметтік көмек алуға табысы кедейлік шегінен аспайтын Қазақстан азаматтары, қандастар, босқындар, шетелдіктер мен елде тұратын азаматтығы жоқ адамдар өтініш бере алады. Отбасы мүшелеріне шаққандағы табыс мөлшері аталған көрсеткіштен төмен болса, жетпейтін мөлшері атаулы әлеуметтік көмек есебінен төленеді.

2019 жылдың 1 сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсету критерилері өңірлік күнкөріс деңгейінің 70 пайызын құрайды. Қазан айында елдегі күнкөріс шегі 48 121 теңге болған.

Көп балалы Жангелдиевтер отбасы Алматының Жетісу ауданындағы жылу электр станциясынан екі километр жердегі үйді жалдап тұрады. Ауладан мұржалар анық көрінеді, ауадан да жақын маңда ЖЭС бары сезіледі. Сырт қарағанда бітпеген құрылыс сияқты көрінгенімен, үйдің іші жылы, бөлмеге газ тартылған.

Екі жасар Асылжан қонақтарды жылап қарсы алды. Ол бөтен адам көрсе, жатырқайды. Балақай тәттіні байқаған соң, күлімсіреп шыға келді.

— Альбина, Іңкәр, баланы алыңдар, — деді 37 жастағы Малика қыздарын шақырып.

Көп балалы Жангелдиевтер отбасы Алматының Жетісу ауданындағы жылу электр станциясынан екі километр жердегі үйді жалдап тұрады

Қыздары анасына көмекке жүгірді. Қайыркен мен Маликаның бес баласы бар: Аружан — 17, Альбина — 13, Іңкәр — 10, Ынтызар — 6, ал Асылжан 2 жаста. Азаттық Жангелдиевтер отбасына жексенбі күні барғанда, Қайыркеннен басқасының бәрі үйде болды. Отағасы құрылысқа жұмысқа кеткен. Азық-түлік, киім-кешек пен жалға алған пәтерге ақша табуы керек.

— Бұл жерге жақында көшіп келдік. Бұрын осы ауданнан 40 мың теңгеге үй жалға алып тұратынбыз. Орыстар келгенде (21 қыркүйекте мобилизация жарияланғаннан кейін келген ресейліктерді айтады — Ред.), қожайын "үйді босатыңдар" деді. Басқа үй іздеуге екі апта уақыт берді, бірақ аз уақыт ішінде баспана таба алмадық. Бір ай бұрын ғана 80 мың теңгеге таптық. Кішкентай балалары бар отбасыға ешкім үйін жалға бергісі келмейді, — дейді Малика.

Үйде кәріз жүйесі жоқ, әжетхана далада орналасқан. Отбасы аптасына бір рет моншаға барады, арасында көрші үйлерге барып, ақша төлеп душқа түседі.

Малика Жангелдиева

Малика таңертеңгі 8-ден 23:00-ге дейін спорт кешенінде кассир болып істейді. Екі күн демалысында дәмханаға барып, ыдыс-аяқ жуады. Үлкен қызы Аружан да сол жерде істейді. Ол колледждегі оқуына барып, түстен кейін отбасына көмектесу үшін жұмысқа шығады.

— Балалардың әртүрлі ауысымда оқитыны жақсы болды. Кішкентайыма қарауға көмектеседі. Кенже балам қоспа ішеді, туғаннан кейін үш айдан соң жұмысқа шығып кеттім. Көбіне Альбина қарайды. Асылжан Альбинаны анам деп ойлайтын сияқты, — дейді Малика.

Жангелдиевтер отбасы тату тұрады, қолынан келгенше, бір-біріне қамқор болуға тырысады.

— Аружан колледжге грантқа оқуға түсті, кішкентайларымның да үлгерімі жақсы. Балаларым жақсы білім алып, отбасымызға көмектесер деп үміт артып отырмын. Осылардың өмірі біздікінен жақсы болса екен, — дейді Малика.

Малика отбасына түскен ауыртпалықты сәл де болса жеңілдету үшін атаулы әлеуметтік көмек алуға екі рет өтініш берген. Бұл – кедейлік шегінен төмен тұратын отбасыларға арналған мемлекеттік жәрдемақы түрі.

— Бірінші рет үш жыл бұрын 165 теңге артық болғаны үшін атаулы әлеуметтік көмек ала алмай қалдым. Екінші рет биыл сәуірде ата-анама 90-жылдары совхоз мүлкі таратылған кезде тиген жерді сылтауратты. Үйдегі төрт баланың әрқайсысына үш гектардан жер беріп еді. Ағаларым сол жерде шаруашылықпен айналысады. Менің жер өңдеп, егін салуға ақшам жоқ. Өз атымдағы үш гектар жерді ағаларымның атына өткізуге болмайды екен, тек мемлекетке қайтаруға болады, — дейді Малика.

Заңгерлер Маликаға атаулы әлеуметтік көмек бермеу туралы шешімге қарсы сотқа арыз беруді ұсынған. Бірақ көп балалы ана бұған бас қатырғысы келмейді.

— Әр жолы қорланып айтамын. Мұрын шүйіре қарап, "балаларыңды біз үшін туған жоқсың" деген кейіп танытады. Құдды бір өз қалтасынан ақша төлеп жатқандай болады. Әзірге бармаймын деп ұйғардым. Жүйе көмектессек деген ниетпен емес, қайтсек те, ақша бермеу керек деген принциппен жұмыс істейді, — дейді көп балалы ана.

Қазақстанда атаулы әлеуметтік көмек беру жүйесі қалай өзгерді?

2019 жылы Астанадағы бес қыздың қазасынан кейін көп балалы аналар жаппай наразылыққа шыққанда үкімет аз қамтылған азаматтардың қатарын кеңейтіп, көп балалы отбасыларды да осы санатқа қосқан. Әлеуметтік көмек көрсету критериі ең төменгі күнкөріс шегінің 70 пайызына дейін өскен.

2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек шарты өзгерді. Енді халықты еңбекке ынталандыруға, аз қамтылған отбасылар табысы мен мемлекеттік қолдау көлемін есептеуді ашық әрі әділ жүргізуге басымдық беріледі. Осы өзгерістен кейін атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатары екі есе азайды (графикті қараңыз), бірақ аз қамтылған отбасыларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакет қосылды.

Еңбек министрлігі АӘК алушылар қатарының азаюын еңбекпен қамту шараларымен байланыстырады. Ведомство дерегінше, 2022 жылдың 1 қарашасындағы дерек бойынша, бұрын атаулы әлеуметтік көмек алған 24 200 адам жұмысқа тұрған.

ИНФЛЯЦИЯДАН КЕЙІН ЕЛДЕ КЕДЕЙ КӨБЕЙДІ

Малика Жангелдиева өз баспанам болса деп армандайды. Ол көп балалы ана ретінде үй кезегіне тұрғысы келген. Бірақ өтініш қабылдау үшін азаматтан үш жылдық тұрғылықты мекенжай анықтамасын сұрайды. Үй иелері отбасын тіркеуге келісе бермейді, сондықтан Маликаның мекенжай анықтамасына бір жарым жыл ғана болған. Бірақ көп балалы ана үміт үзбейді. Ол қымбатшылық кезінде өмір сүру қиындап кеткенін айтады. 1 желтоқсандағы ресми дерек бойынша, жылдық инфляция 19 пайыз болған. Азық-түлік 24 пайыз қымбаттаған. Ал іс жүзінде азық-түлік бағасы екі есе өскен.

— Тапқанымыз тамақтан артылмайды. Бұрын балаларға бір-бірінен қалған киімді кигізетінбіз. Қазіргі киімдердің сапасы нашар, бір маусымға әзер шыдайды. Биыл күртешелер мен аяқ киімдерді жөндетіп алдық. Балалар ескі киім кигісі келмейді, бірақ жағдайымызды түсінеді. Басқа қайтеміз?!

Дүниежүзілік банк дерегінше, кедейлер арасында көп балалы отбасы көп. Экономикалық ғылымда "кедейлік шеңбері" деген термин бар: ол кедей отбасынан шыққан баланың жақсы білім алмайтынын немесе оқуға мүмкіндігі болмайтынын білдіреді. Сондықтан аз қамтылған отбасында өскен балалар кедейліктен құтылады дегенге сенім аз.

— Шынымды айтсам, мұндай отбасылардан шыққан балаларға көмектесетін мейірімді адам табылмаса, олардың кедейліктен құтылуы екіталай. Өйткені адам үздік оқуы үшін дұрыс тамақтанып, жақсы мектепке барып, киініп, ортасымен араласып, қосымша қызметтер пайдалануы керек. Оған интернет, телефон қажет. Кедей отбасының балалары ше? Олар жұмыс істеп, отбасына көмектеседі. Оқуға уақыты жоқ. Осы бір шеңберді бұзып шығу өте қиын, — дейді Мағбат Спанов.

Бұл шеңберді мемлекет те бұза алмай келе жатыр. Үкімет кедейлікпен күрес үшін түрлі әлеуметтік бағдарлама дайындап, оларды жүзеге асыру үшін болашақ ұрпаққа арналған қорларға қол сұғады.

— Кедейлік атаулы әлеуметтік көмек түрінде ақша таратумен және ұлттық қордан балаларға арналған шот ашу туралы уәдемен ғана шешілмейді. Жұмыс орнын ашу керек, бірақ қазір ұлттық қордың ақшасын кеміріп жатырмыз. Болашақ ұрпақтың қалтасына қол сұғып отырмыз. Осылай жалғаса берсе, 2030 жылдан кейін қорда мүлде ақша қалмайды, — дейді Спанов.

Сарапшы үкімет статистиканы бұрмаламай, бізде кедейлік мәселесі барын мойындауы керек деп есептейді. "Бұл кезек күттірмейтін, ұлт тағдыры үшін маңызды саяси мәселе" дейді ол.

Басқа елдерде кедейлікті қалай анықтайды?

Әлемде халықты әлеуметтік қорғаудың бірнеше моделі қолданылады: постсоветтік, скандинавиялық, континенталды және англосаксондық немесе либералды. Қазақстанда басқа постсоветтік елдердегідей әлеуметтік көмек көлемі күнкөріс шегіне байланған.

Скандинавиялық, континенталды, англосаксондық (либералды) модельдерде әлеуметтік көмек мөлшері медиандық табыстың 40 %-60 %, АҚШ-та — 40 %, Канадада — 50 %, Швеция, Норвегия, Дания, Австрия, Германия, Францияда — 60 % тең.

Көмек көрсету жүйесі Қазақстанда да өзгеруі мүмкін. Қазір еңбек министрлігі дайындап жатқан әлеуметтік кодексте 2025 жылдан бастап кедейлік шегін орта медиандық табысқа (қазір — шамамен 50 мың теңге) байланысты анықтау әдісі енгізіледі. Министрлік осылай Қазақстанды еуропалық стандартқа жақындатып, медиандық табыстың 50-60 % әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсауды жоспарлап отыр.

Спанов кедейлікпен күрес барысында Қазақстан Қытайдың стратегиясына назар аударуы керек деп есептейді. 2021 жылы Қытайдың мемлекеттік кеңесі "Кедейлікпен күрес: Қытай тәжірибесі мен үлесі" деген "ақ кітапты" таныстырды. Бұл бағдарлама инфрақұрылымдық нысандар құрылысынан бастап денсаулық сақтау, білім беру мен мәдениет саласындағы қоғамдық қызметтерге дейінгі экономиканың барлық бағытын қамтиды.

— Қытай 2016 жылы бағдарламаның бірінші кезеңінде 500 миллион адамды кедейліктен құтқарды. Үкімет 2027 жылға дейін кедейлікті жоямыз деген мақсат қойды. Оларда бағдарлама ғана емес, нақты механизм болды. Адам өзін-өзі асырауы үшін халыққа тек мүмкіндік беріп, тексерістен босату керек деген ой айтылды, — дейді экономист.

Сарапшының пікірінше, Қазақстан үкіметінде кедейлік мәселесін шешуге қауқары жететін бір де бір мемлекеттік қайраткер жоқ. Өйткені бұл үшін демократия принципіне құрылған бәсекеге толы нарық, халықтың билікке сенімі керек.

— Қазір Қаңтар оқиғасы бойынша сот процестері жүріп жатыр. Бәрін құпия ұстап отыр. Ашық айтыңдар, халық не болғанын білсін. Бәрін жасырса, көзге шұқып тұрған мәселелерді көрмесе, билікке сенім қайдан болсын? Халық — сайлаушы. Арасында құр айқайға бейім, бұзақы, экстремистері де бар. Бірақ негізінен адамдар әділ сұрақ қойып жатыр. Ал басшылар халықпен сөйлеспейді, түрлі қағаз, есептер көрсетіп, сытылып кетуге тырысады. Әртүрлі тілде сөйлейміз: билік жоспар құрумен, халық күн көрумен әлек.