Accessibility links

Столтенберг: НАТО толық масштабты соғысқа жол бермеуді көздейді


Йенс Столтенберг.
Йенс Столтенберг.

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг Украинадағы соғыс "бақылаудан шығып кетсе", бұл Солтүстікатлантикалық альянс пен Ресей арасындағы "толық масштабты соғысқа" ұласуы мүмкін деп мәлімдеді. Норвегияның NRK телеарнасының тілшісі "биыл қыста қатты неден қорқасыз?" деген сұраққа Столтенберг осылай деп жауап берді.

"Біз күн сайын осыған жол бермес үшін жұмыс істеп жатырмыз" деді ол. Ол АҚШ пен Батыс елдерінің Украинаға көмек беруінен "шаршағандардың" және азық-түлік пен отынның қымбаттауына наразы адамдарды түсінетінін жеткізді. Алайда НАТО бас хатшысының пікірінше, Украинамен соғыста Ресей жеңсе, бұл қалған елдердің бейбітшілігіне қатер төндіреді және оның құны Батыс үшін "бұдан да әлдеқайда жоғары" болады" деді Столтенберг. Оның сөзінен The New York Times үзінді келтіреді.

Ал британдық Times басылымы Пентагондағы дереккөзге сүйене отырып, АҚШ Украинаға берілген қару-жарақты қалай қолдануды өздігімен шешуіне рұқсат берген деп жазды. Осылайша Ресей аумақтарына соққы жасауына "үнсіз" келісім берген.

Times жазуынша, Ресей Украинаның маңызды инфрақұрылымдарына жаппай соққы жасағаннан кейін АҚШ Украина қарулы күштерінің нысанасына көп алаңдай беруін доғарған.

"Тек украин әскерінің халықаралық заңдар мен Женева конвенциясын сақтағаны дұрыс деп отырмыз" деп басылым АҚШ қорғаныс министрлігіндегі дереккөздің сөзінен үзінді келтіреді.

  • Ресей қорғаныс министрлігі Саратов пен Рязань облыстарындағы аэродромдарға соққыны украиналық дрондар жасады деп мәлімдеген. Украина ресми түрде мұны растаған жоқ. Украина президенті кеңсесінің жетекшісі Михаил Подоляк Твиттерде "егер бір нәрсені өзге елдің әуе кеңістігіне ұшыра берсе, ерте ме, кеш пе, олар ұшқан орнына оралады" деп жазды.
  • Киев пен америкалық заң шығарушылардың өтінішіне қарамастан Джо Байден әкімшілігі Украинаға Ресей аумағындағы нысандарға соққы жасайтын әскери ұшақтарды беруден бас тартып отыр.
  • 9 желтоқсанда Владимир Путин Ресей АҚШ тәрізді өзінің әскери доктринасына превентивті қарусыздандыратын ядролық соққы жасау құқығын енгізе алады деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG