Accessibility links

"Тоңып отырмыз". Семейде жылу орталығында апат болып, ондаған үйдің температурасы салқындаған


Семейдегі үйлер.
Семейдегі үйлер.

Абай облысының орталығы Семей қаласында "5-интернат" жылу орталығында 10 желтоқсанда апат болды. 36 көпқабатты тұрғын үйде температура екі есеге азайып, жұрт іс жүзінде жылусыз қалған.

—Тағы қатып жатырмыз. Қашан бізде жылу болады? Жасым 90-да, тоңып отырмын. Қайда барамыз? Шара қолдануын сұраймыз, —деді қала тұрғындарының бірі.

Қала әкімінің орынбасары Дмитрий Гариков Азаттыққа тазалау жүйесіндегі ақауға байланысты қазандықтар жұмысы тоқтатылғанын айтты.

—Таңғы сағат 4-те тазалау жүйесі тоқтап қалды, параметрлер азайып, тек бір ғана қазандық істеп тұрды. Кейін төрт қазандықтықтың екеуін қостық, айналым жүйесі үнемі істеп тұрды. Жарты сағаттан соң жүйені толық қосады, содан кейін барлық қазандық жұмыс істей бастайды. Қазір тазалау жұмыстары қолмен жүргізіліп жатыр, сол себепті қазандықтардағы параметрлерді көтере алмай жатыр, - деді Гариков.

Әкімнің орынбасарының айтуынша, әдетте жылыту батареяларына берілетін су температурасы 85 градус болып тұратын, ал қазір 51 градус болып тұр. Семейде күндіз ауа температурасы минус 18 градус болды.

Әкімдіктің айтуынша, күндізгі сағат 4-ке дейін барлық қазандық іске қосылған.

Жылыту маусымы басталғалы бері ресми мәлімет бойынша, осымен Семейде үшінші ірі апат болып отыр. Бұған дейін "Ғаббасов" пен "Восточный правый" ауданындағы қазандықтардың тазалау жүйесі сапасыз көмірге байланысты істемей қалған.

Әлеуметтік желілерде апаттарға байланысты шағым көп.

Энергияны қадағалау комитетінің мәліметінше, 2022 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесінде 5961 рет ереже бұзылған. Кейбір жерлерде электр станция жабдықтары, аудандық қазандық, электр және жылу желілері істен шыққан.

Қараша соңында Екібастұздағы жылу электр орталығындағы ірі апаттан кейін жүздеген үй мен әлеуметтік нысан қақаған аязда жылусыз қалған. Моноқалада техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, 8 желтоқсанға дейін күшінде болды. Көптеген үйлерде жылу радиаторлары, су құбырлары жарылған, канализация желілері қатып қалған.

Апат саладағы мәселелер: инфрақұрылымның тозғандығы және бақылаудың жетіспеушілігін көрсеткен. Қазандықтар ресми түрде ЖЭО мамандарының қателігінен істемей қалды деп түсіндірілді. Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі төтенше жағдай саладағы жүйелі жемқорлықпен де байланысты деп мәлімдеген. Қазақстанда жылу электр орталығының иелері модернизация жүргізуге мүмкіндік бермейтін төмен тарифке шағымданады. Сарапшылар коммуналдық төлем ретінде жиналған қаржы жұмсауда ашықтық жоғын алға тартады.

XS
SM
MD
LG