Еуразия жоғары экономика кеңесінің Бішкек саммиті ұйымның халықаралық байланысқа мән бергендігімен ерекшеленді. Бұған Ресейге салынған халықаралық санкциялар себеп болған. Батыстағы мұнай және газ нарығынан айрылған Кремль Орталық Азиядағы газ тапшылығын өз мүддесіне бейімдегісі келеді.
8 желтоқсанда Бішкекте Еуразия экономика одағы (ЕАЭО) жоғары экономика кеңесінің саммиті өтті. Оған одаққа мүше елдердің басшыларымен қоса, одаққа бақылаушы мәртебесіне ие Өзбекстанның премьер-министрі қатысты.
Саммитте одақ елдері арасында тауарлар мен капиталдың еркін айналымына туындаған кедергілер, жұмысшы күшіне қатысты шектеулер айтылды. Ұйым елдері ортасындағы газ нарығын қалыптастыру және оның шарттарын сәйкестендіру сөз болды.
Отырыста Ресейдің Украинадағы соғысы туралы тікелей сөз болмағанымен, оның санкциялық салдары туралы айтылды. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ЕАЭО елдері арасындағы саудадағы кедергілерді жою туралы қозғаса, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ұйым жұмысын дамытуға дамытуға мүдделі екенін айтқан. Ол Ресейге салынған санкциялық шараларды меңзеп, оны «ЕАЭО елдері экономикасына қысым» деп атаған. Беларусь президенті Александр Лукашенко ұйымның қаржы жүйесін сауықтырудың қажеттілігі туралы айтып, батысқа қарсы кіжіну сипатында сөйлеген.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Ресейге салынған халықаралық санкциялардың әсерінен туындайтын жағдайдың алдын алу үшін ЕАЭО-ның сыртқы экономикалық ынтымақтастыққа мән беріп отырғанын атап көрсетті. Айтуынша, ұйым Иран және Индонезиямен арада еркін экономикалық аймақ құру үшін келіссөздер басталған. Біріккен Араб Әмірлігімен де осы бағытта келіссөз жүргізу қолдауға ие болған.
Ресей президенті Владимир Путин жиында ЕАЭО аясында ортақ газ нарығын қалыптастыруға Мәскеудің даяр екенін мәлімдеген. Оның айтуынша ЕАЭО мен Еуроодақ арасындағы газ бағасы он еседен астам айырмашылыққа ие, ЕАЭО үшін газ арзанға түспек.
Армения премьер-министрі Никол Пашинян болса, ЕАЭО аясындағы ортақ нарық қалыптастыру келісімінің жобасын дайындауға әзірлік жайында айтқан.
Ұйымның осы отырысында одақтың кезеңдік төрағалығы Ресейге тапсырылды. Мәскеу ЕАЭО-ның 2023 жылғы төрағалығын атқармақ.
Саммитте ЕАЭО мүшелері негізінен техникалық сипатқа ие оннан астам құжатқа қол қойған.
ҚҰРЫЛМАЙ ЖАТЫП ҚҰЛАҒАН «ОДАҚ»
Жиынға қатысқандардың құрамы отырыстағы мәселенің мәнін де көрсететіндей.
Ресей басшысы Владимир Путиннің бұл – биылдыққа Орталық Азияға бесінші сапары. Украинадағы соғыс, соған орай Ресейге қарсы жарияланған санкциялар жағдайында Путиннің шетелге сапары азайған. Ал Орталық Азия – Путиннің биылғы шетел сапары ішінде ең көп сапарлаған аймағы.
ЕАЭО-ға бақылаушы мәртебесінде қатысатын Өзбекстан әуелде Бішкек саммитіне президент деңгейінде қатысатыны айтылғанымен, оған тек премьер-министрін жіберді. Одаққа бақылаушы тағы бір мемлекет Куба президенті Мигель Диас-Канель Бермудес жиынға қатыспағанымен, оның видео-жолдауы көрсетілді.
Президент сайлауынан кейін Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапарын Ресейден бастағаны белгілі. Сонда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы газ саласындағы ынтымақтастыққа Ресейдің де қосылуға мүдделі екені айтылған. БАҚ-та «газ одағы» «үштік газ одағы», немесе «үштік одақ» аталып кеткен бұл ұсынысқа Қазақстан оң қабақ танытса, Өзбекстан одан бас тартатындығын жариялаған. Осы ел энергетика министрі Жорабек Мырзамахмұдов Өзбекстанның газ мәселесін «саяси шарттарға айырбастамайтынын», газ импорттаса оның коммерциялық негізде жүзеге асатынын білдірген.
Бұл – Еуропа елдерінің халықаралық санкция бойынша Ресей газын сатып алудан бас тартқан жағдайында болып жатқан көрініс. Ал Орталық Азия елдері жылыту маусымында өзін-өзі толыққанды газбен қамти алмай отыр.
Ташкент осы жағдайда газ саудасының саясилануынан қауіптенетінін байқатады. Алайда қазірге дейін газ мәселесі бойынша Мәскеуге Өзбекстан делегациясы барып қайтқаны хабарланған. Қазақстан да бұл мәселеде Кремльмен кеңесуін жалғастыра беретін сияқты.
«ӨЗБЕКСТАННЫҢ ГАЗ ОДАҒЫНАН БАС ТАРТУЫ БАСҚАЛАРҒА ДА ӘСЕР ЕТЕДІ»
Ресейдің Украинадағы соғысы оныншы айға ұласып барады. Орталық Азия елдері Кремльдің бұл басқыншылығын қолдамады. Мәскеуге экономикалық тұрғыда тәуелді Қазақстан мен Өзбекстан басқыншылықты ашық айыптаған да жоқ. Ал қоғамда және сарапшылар ортасында Ресеймен ынтымақтастық орнатқан елдердің де санкцияның кері салдары болатыны жайында жиі айтылады.
Қырғызстандық саясаттанушы Эмилбек Жороевтың айтуынша, Ресейдің Украинадағы соғысы жағдайында Путиннің қатысуымен өткен ЕАЭО-ның Бішкек саммиті әлдебір мәнге ие сияқты көрінуі мүмкін. Алайда жиында әлдеқандай бір радикалды серпіліс байқалмаған. Қол қойылған құжаттар мен айтылған сөздер көбіне ресми және символдық сипатқа ие болды.
– Бұл Путин үшін бұл халықаралық деңгейде Ресей мен оның серіктестерінде экономика тәуір деп мәлімдеудің қосымша бір мүмкіндігі болды. Мәскеуде, үйде отырып, мәлімдеме жасағаннан гөрі Путин осындай халықаралық жиындарда соғыс жайлы сөйлеп, Ресей үшін бұл соғыс трагедия, дағдарыс емес дегенді жеткізгісі келді. Бұл туралы біз емес, батыс елдері ойлану керек дегенді аңдатпақ әрекет болды, - дейді саясаттанушы Азаттыққа.
Оның айтуынша, Орталық Азия елдері үшін Ресеймен мұндай жиындар өткізу сонша бір ыңғайлы формат емес, бұл – мәжбүрлі әрекет. Соғысқа қатысты мәселеде Орталық Азия елдері бейтарап бағыт ұстанатындығын көрсеткісі келгенімен, Ресейден, Ресей ықпалынан бас тарту бұл елдер үшін әзірге мүмкін емес.
– Уақыт өткен сайын аймақ елдері үшін нақты материалдық бейтараптық таныту қиындап барады. Орталық Азия елдері соңғы айларда Ресей жүргізіп жатқан соғысқа тартылмағанын байқатып, уақыт өткізе тұру үшін маневр жасап жүргендей көрінеді, - дейді Эмилбек Жороев.
Қарай отырыңыз: Путиннің "газ одағы" пайда ма, қауіп пе?
Сарапшы «үштік газ одағы» мәселесінде де нақты ештеңе айтылмады дейді.
– Көптеген мәселе әлі де көп талқылауды қажет етеді. Нақты ештеңе көрмедім. Әр елдің мүддесі әр басқа. Газ одағы таяуда жүзеге асады деп ойламаймын. Бұл – Ресей үшін ғана өзекті мәселе. Ресей үшін батыс нарығы өте қатты қысқарды. Газ бен мұнай саудасындағы бұл әрекет Ресейдің қадамына әсер етпей қоймайды. Мұндай одаққа ортақ дайындық та жоқ. Ал Өзбекстанның Ресей таңған үштік одақтан бас тартуы оған қатысты басқа да елдердің осылай жасауына түрткі болатын сияқты. Геосаяси жағынан алып қарағанда қалған елдер де бұны қабылдай қоймас деп ойлаймын, - дейді саясаттанушы Эмилбек Жороев.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯ РЕСЕЙМЕН ҚАТЫНАСТЫ ШЕКТЕУІ МҮМКІН БЕ?
Қазақстандық экономист Сапарбай Жобаев Орталық Азия елдері үшін Ресеймен қатынастың маңызға ие екендігін айтады. Оның айтуынша, еуропалық эмиссарлардың таяуда Орталық Азияға сапарларында аймақ елдерінің ЕАЭО-мен байланысы туралы да айтылған.
– Аймақ елдері Ресейге өз өнімдерін сататын болса, оған шектеу жоқ. Банк жүйесі бойынша Ресеймен қатынас жасауға батыс қарсы емес екендігін айтқан. Ресеймен арадағы төлем жүйесі бойынша да үлкен кедергі жоқ. Қарапайым адамдардың жағдайына қарайласу үшін батыс кейбір жағдайларға рұқсат беретін қадамға барып отыр. Ал санкция мәселесі туындай қалса, Орталық Азия ондайда Ресеймен қатынас жасаудан шектелуі мүмкін, - дейді Сапарбай Жобаев Азаттыққа.
Оның пайымдауынша, басқа елдерден келген кейбір тауарлар реэскпорт ретінде қазір Орталық Азия елдері арқылы Ресейге сатылып жатыр.
Экономист мына мәселеге назар аударған жөн деп есептейді. Қытай, Иран және Африка елдері Ресей тауарларын санкциядан сескенбестен сатып алып жатыр. Осындай жағдайда Ресеймен іргелес Орталық Азия да ынтымақтастықтың бұл түрінен бас тартпауға тырысады.
Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, «газ одағы» ұсынысына орай Өзбекстан газ саудасын әлдебір одақ аясында емес, дербес қарастыруды жөн санайды.
– Өзбекстан өзіне жетпей жатқан газды Ресейден алса, бұл халықаралық сауда заңын бұзды деп есептелмейді. Өзбекстанның Ресейден газ алуға қарсы болғаны жайлы сөз жоқ, бірақ Ташкент газ саудасында өз шарттарымен екіжақты ынтымақтастық деңгейінде жұмыс істейтінін аңдатып отыр, - дейді экономист.
Еуразия экономика одағы 2014 жылы Беларусь, Қазақстан және Ресейдің қатысуымен құрылды. 2015 жылдан бастап жұмыс істей бастаған одаққа кейін Қырғызстан мен Армения мүше болды. Өзбекстан мен Куба – 2020 жылдан бастап ЕАЭО-ға бақылаушы. Сарапшылардың пікірінше, Ресейге қарсы санкцияға дейін де одаққа мүше елдер үшін ЕАЭО пайдалы жағынан таныла қоймаған. ЕАЭО негізінен Ресейге тиімді болып келген. Мәскеуге қарсы санкциялар күшейгенде ЕАЭО елдерінде одақтан шығу жайы жиі айтылатын болған.
ПІКІРЛЕР