Accessibility links

Министр тозған жылу желілерін жаңарту үшін 14 жыл және 2 трлн теңгеден астам қаражат керегін айтты


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Үкімет 14 жыл ішінде жылу желілеріне модернизация жүргізетінін мәлімдеді. Сәрсенбі күні үкімет отырысы кезінде индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев алғашқы кезеңде 2030 жылға дейін 75 пайыздан астамы тозып кеткен 1,6 мың шақырым желі жаңаланатынын айтты. Министрдің сөзінен "Власть" сайты үзінді келтіреді.

"2023-2037 жылдар аралығында жылу желілері кезең-кезең бойынша жаңаланады. Алғашқы кезеңде, 2023-2030 жылдар аралығында 75 пайыздан астамы тозған ұзындығы 1,6 мың шақырым болатын жылу желілерін алмастыру жоспарда бар" деді Өскенбаев.

Оның сөзінше, алғашқы кезеңге 538 млрд теңге инвестиция қажет.

Министрдің айтуына қарағанда, 2030-2037 жылдары министрлік 50-74 пайызы тозған 3,7 мың шақырым құбыр желілерін ауыстырады. Оған 1,2 трлн теңге қажет.

Өскенбаевтың айтуынша, қазір жергілікті атқару органдары бірінші кезекте жылу желілерінің жағдайын тексеріп, жоба-сметалық құжатнамаларды әзірлеуі тиіс. Ізінше бюджетке өтініш беру керек болады.

Министр сонымен бірге 2023-2028 жылдары 68 қалада құбыр-тазалау станцияларын салу және жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты. Келесі жылы алты қалада сондай станция салынады деген жоспар бар, қазір жоба-сметалық құжатнамасы дайындалып жатыр деді.

Энергетика министрлігі 2023 жылдың алғашқы тоқсанына дейін барлық жылу электр орталықтарына аудит жүргізіліп, олардың қазіргі жағдайы анықталатынын айтады.

Қазақстанда жылыту маусымы басталғалы бері бірнеше өңірде жылу электр орталықтарында апат болып, тұрғындар қақаған аязда жылусыз қалды.

Энергияны қадағалау комитетінің мәліметінше, 2022 жылдың үшінші тоқсанында Қазақстанның біртұтас энергетикалық жүйесінде 5961 ережебұзушылық болған. Кейбір жерлерде электр станция жабдықтары, аудандық қазандық, электр және жылу желілері істен шыққан.

Қараша соңында Екібастұздағы жылу электр орталығындағы ірі апаттан кейін жүздеген үй мен әлеуметтік нысан қақаған аязда жылусыз қалған. Моноқалада техногенді сипаттағы төтенше жағдай жарияланып, 8 желтоқсанға дейін күшінде болды. Көптеген үйлерде жылу радиаторлары, су құбырлары жарылған, канализация желілері қатып қалған.

Апат саладағы мәселелер: инфрақұрылымның тозғандығы және бақылаудың жетіспеушілігін көрсеткен. Қазандықтар ресми түрде ЖЭО мамандарының қателігінен істемей қалды деп түсіндірілді. Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі төтенше жағдай саладағы жүйелі жемқорлықпен де байланысты деп мәлімдеген. Қазақстанда жылу электр орталығының иелері модернизация жүргізуге мүмкіндік бермейтін төмен тарифке шағымданады. Сарапшылар коммуналдық төлем ретінде жиналған қаржы жұмсауда ашықтық жоғын алға тартады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG