Accessibility links

Financial Times: Греф және Набиуллина Путинге соғыстың салдарын түсіндіруге тырысқан


Герман Греф және Эльвира Набиуллина
Герман Греф және Эльвира Набиуллина

"Сбер" жетекшісі Герман Греф және Ресей банкінің басшысы Эльвира Набиуллина Ресей Украинаға басып кірмей тұрып шамамен бір ай бұрын президент Владимир Путинге шабуылдың салдары өте ауыр болатынын айтып, түсіндіруге тырысқан. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген британдық Financial Times басылымы жазды.

Мақалада Греф пен Набиуллинаның Путинмен Ново-Огареводағы резиденциясында жүзбе-жүз кездескені және оған 39-беттік презентация көрсетілгені айтылады. Презентацияда Батыс елдерінің санкциясы Ресей экономикасын ондаған жылға артқа тастайды деген болжам да болған. Греф ЖІӨ-нің екі жыл ішінде 30 пайызға азайып, инфляция күрт өсуі мүмкін екенін, ресейліктердің тұрмысы нашарлай бастайтынын ескерткен.

FT дереккөзінің айтуынша, Путин Грефтің сөзін бөліп, кері салдарын жою үшін не істеу керектігін сұраған. Алайда Греф пен Набиуллина Украинамен жағдайды ушықтырмау қажеттігін нақты кесіп айта алмаған.

"Олар кездесу жөнінде сұрап, батылдық танытты. Алайда Путинге өз мәлімдемелерін жеткізе алмады" дейді дереккөз.

FT жазуынша, Путин оларға өз жоспары туралы айтпаған және екеуі де соғыс басталғанын "теледидардан білген". Басылымның жазуынша, өздерінің айтқандарына президенттің құлақ аспағанын көрген "технократтар" көңілдері құлазыған.

"Грефті сондай күйде ешқашан көрген емеспін. Оның жүзі абыржып, есеңгіреген күйде болды" дейді басылым дереккөздерінің бірі.

Дереккөз Грефті "үнемі Кремний алқабында жүрген" "бейбітшілік адамы" деп атаған. "Енді ол оқшау қалды" деді бұрын Грефпен жұмыс істеген FT дереккөзі.

Бірақ соған қарамастан Греф те, Набиуллина да қызметтерінен кеткен жоқ. FT жазуынша, олар керісінше Ресей экономикасының қатаң санкцияға төтеп беруі үшін көп күш салған.

Мақалада аты аталғандар әзірге түсініктеме берген жоқ.

Батыс елдерінің барлығы Грефке санкция салған. Ал Набиуллина ұзақ уақыт санкцияға ілінбей келген, тек биыл күзде ғана АҚШ пен Канада оған санкция салды.

2022 жылдың қорытындысы бойынша, Ресей ЖІӨ бірнеше пайызға қысқарады. Елде инфляция өсіп, азаматтардың табысы кеміген. Алайда Греф презентациясында айтылған өте нашар болжамдар орындалған жоқ.

XS
SM
MD
LG