Accessibility links

Қазақстан Ресейді Украинадағы соғысын тоқтатуға шақыратын БҰҰ резолюциясына қарсы дауыс берді


БҰҰ Бас ассамблеясы қабылдаған Қырым және Севастопольдегі адам құқығы ахуалы туралы резолюцияға дауыс беру нәтижесі. 15 желтоқсан 2022 жыл.
БҰҰ Бас ассамблеясы қабылдаған Қырым және Севастопольдегі адам құқығы ахуалы туралы резолюцияға дауыс беру нәтижесі. 15 желтоқсан 2022 жыл.

Қазақстан Ресейді Украинадағы соғысын тоқтатып, әскерін шығаруды талап ететін БҰҰ резолюциясына қарсы дауыс берді. Резолюцияның өзі "Уақытша басып алынған Қырым автономды республикасы мен Севастополь қаласындағы (Украина) адам құқығы ахуалы" деп аталады. 15 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблеясы қабылдаған құжатқа 82 ел қолдап дауыс берген, 14 ел қарсы шыққан, 80 мемлекет қалыс қалған.

Қарсы дауыс бергендер арасында Қазақстан да бар. Ресей, Беларусь, Зимбабве, Иран, Қытай, Солтүстік Корея, Сирия құжатты қолдамаған.

"Неміс толқынының" жазуынша, құжатта түбек бойынша бұған дейін қабылданған резолюцияларда айтылған жайттардан бөлек, Ресейдің Украинаға басқыншылық жасау мақсатында Қырымды пайдалануын айыптау бар. Резолюция Ресейді "Украина мен украиналықтарға өшпенділік тудырды, Кремльдің Украинаға басқыншылығын ақтайтын жалған ақпарат таратты" деп айыптайды.

БҰҰ Бас ассамблеясы Қырымда белсенділерді қудалау мен азаматтарды күштеп көшіру, адам ұрлау, "тазалау" әдістеріне жол беруге болмайды деп санайды. Резолюция "Ресейден Украинаға басқыншылығын дереу тоқтатып, әскерін Украинаның халықаралық дәрежеде мойындалған шекарасынан тыс жерге алып кетуді" талап етеді.

Ресейдің одақтасы Қазақстан Кремльдің Украинаға басқыншылығын қолдаған жоқ, ашық айыптамаған да. Қазан айында Ресей аннексиясын айыптаған резолюцияға дауыс беру кезінде Қазақстан қалыс қалған. Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді "қалыс қалу деген де БҰҰ-да қарастырылған ұстаным, Қазақстан стратегиялық нейтралитет ұстанады" деп мәлімдеген. Бұл жолғы дауыс беруіне байланысты Қазақстан СІМ түсініктеме бермеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG