Киев Ресейдің зымыран шабуылынан соң жылу жүйесін толығымен қалпына келтірген.
Киев қаласының мэрі Виталий Кличко телеграм-арнасына: "Қалаға жылу беретін жүйе әдеттегідей жұмыс істеп тұр", – деп жазды.
"Жұма, 16 желтоқсанда Ресей әскері Киевті 40 зымыранмен атты, оның 37-сін әуе қорғанысы жүйесі атып түсірді" деп хабарлайды РБК Украина. Зымыран шабуылынан кейін Киевте апат жағдайында электр қуаты ажырап, жылу мен су кідірген.
Украина президенті Владимир Зеленский сенбі күні кешкілік жасаған үндеуінде Ресей әскері атқылағаннан кейін энергетикалық құрылымдарының қалпына келтірілгенін айтқан. "6 миллионға жуық адамға электр қуатын бір күнде қайта жеткіздік. Жөндеу жұмыстары үзіліссіз жалғасып жатыр", – деген.
Украинаның энергетика инфра құрылымына жасалған соққыдан кейін тұтынушылардың жартысына жуығы электр қуатынсыз қалған. Харьков пен Харьков облысы электр қуатынан толық ажырап, Киев те айтарлықтай зардап шекті деп жазады Би-би-сидің Орыс қызметі.
- Ресей қазан айынан бері Украинаның энергетикалық инфрақұрылымын зымыранмен жаппай атқылап келеді. Соның нәтижесінде Украинадағы жылу және су электр станцияларының бәрі зақымданды.
- Ресей президенті Владимир Путин 7 желтоқсанда адам құқығы жөніндегі кеңес мүшелерімен онлайн-кездесуде Ресейдің зымыранмен атқылап отырғанын мойындап, онысын дұрыс деп есептейтінін айтқан. Ертеңіне "Алтын жұлдыз" медалімен марапаттау салтанатына қатысушылармен сөйлесіп тұрып, Украинаның энергетикалық инфрақұрылымдары Украина әскерінің әрекетіне жауап ретінде атқыланып жатқанын айтқан.
- Украина азаматтық инфрақұрылымның атқыланғанын соғыс қылмысы деп есептейді. Осы себептен де АҚШ Сенатының халықаралық қатынастар бойынша комитеті Ресей Украинаға геноцид жасап отыр дейтін резолюция қабылдаған.
ПІКІРЛЕР