"Назарбаев қоры" Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығының (OCCRP) үстінен түсірген шағымын қайтып алды. Бұл жөнінде OCCRP сүйенген "Власть" сайты жазды.
Сайттың жазуынша, сот істі қарап та үлгермеген, тараптар жазбаша ескертулермен алмасып қана қойған.
Шағымды қайтып алу қор өкілдері одан мүлдем бас тартты дегенді білдірмейді, деп жазды сайт.
OCCRP биыл қаңтарда Қазақстанды ұзақ жыл басқарған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен байланысты төрт қайырымдылық қоры ("Назарбаев қоры" жекеменшік қоры, "Нұрсұлтан Назарбаев қоры", "Демеу қоры" және "Елбасы" қоры) жайлы зерттеу жариялап, Назарбаев қорларына тиесілі активтерде кемі 7,8 миллиард доллар барын анықтаған еді.
Зерттеу жарияланғаннан кейін "Назарбаев қоры" мен оған қатысты компаниялардың бірнеше ақпарат құралы мен ұйымды сотқа бергені хабарланған. OCCRP үстінен шағым биыл қыркүйек соңында АҚШ-тың Мэриленд штаты сотына түсірілген.
Бұған дейін OCCRP мақалада жалған тұжырым жоғын айтқан.
Азаттық тілшісі 22 желтоқсанда күндіз "Назарбаев қорына" хабарласқанмен жауап ала алмады.
Қор өкілдері "қор қаражаты мақсатына сай жұмсалмайды" деген тұжырым шындыққа сәйкес келмейді және аталған ақпарат қордың іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деп санайды.
Назарбаев қоры елде арнайы заңмен реттеледі, ол оны түрлі зерттеулер нысаны болудан да қорғайды. Қор жетекшілік ететін Назарбаев университеті мен Назарбаев зияткерлік мектептеріне жыл сайын бюджеттен миллиардтаған теңге бөлінеді.
ПІКІРЛЕР