Бучада бейбіт азаматтарды подполковник Артем Городилов қарамағындағы ресейлік 234-десанттық шабуыл полкінің мүшелері қырған. Бұл жөнінде америкалық New York Times басылымының зерттеуінде айтылады.
Сегіз ай бойы басылым тілшілері ресейлік әскери қызметкерлердің Бучадағы қырғынға қатысы туралы дәлел-айғақтар жинаған. Қырғын ресейліктердің Киевті өзіне бағындыру жолында қасақана жасаған талпыныстарының бірі дейді зерттеу авторлары.
"Ресей солдаттары қарусыз ер адамдарды тергеп, дарға асқан. Жолда кезіккен кез келген адамды: мейлі, ол отбасымен қашқан бала болсын немесе тамақ табуға тырысқан жергілікті тұрғын немесе велосипедпен үйіне қайтып келе жатқан адам болсын, бәрін шетінен өлтіре берген" деп жазды NYT.
Журналистер Ресей әскері шегінгеннен кейін Бучада бірнеше ай болып, жергілікті тұрғындардан сұрастырған. Сол аумақтағы бақылау камераларынан жазбалар жинап, үкіметтегі дереккөздерден экслюзивті жазбаларға қол жеткізген.
Кейін олар материалдардың бәрін сараптап, Яблун көшесінде адамдарды қалай қырғанын минутына дейін дәлдікпен анықтаған. Бұл көшені жергілікті тұрғындар "ажал жолы" деп атайды. Қырғынға 234-полктің қатысы барын дәлелдейтін айғақтар арасында әскери техникалар, униформалар, хаттар мен оқ-дәрі жәшіктері, телефон әңгімелер мен командирлер қолданған ресейлік радиоарналардағы әңгіменің қағазға түсірілген нұсқасы да бар.
"Буча тұрғындарының айтуынша, ресейлік әскери қызметкерлер оларды тергеген кезде ылғи телефондарын тартып алып отырған. Құрбандардың телефондарын алып қойған болуы мүмкін деп болжаған журналистер украин билігінен биыл наурызда Бучадан Ресейге шалынған барлық телефон қоңырауларының дерек қорын алды. Құрбандардың туыстарынан марқұмдардың телефон нөмірлерін жинап, дерек қорында бар-жоғын тексерді. Нәтижесінде масқара жайт ашылды: Солдаттар Ресейдегі туыстарына хабарласу үшін құрбандардың телефондарын үнемі пайдаланған. Көп жағдайда оларды өлтіргеннен кейін бірнеше сағаттан соң қолданған" деп жазды басылым.
Ресейлік солдаттар қолданған телефон нөмірлерін талдаған журналистер олардың туыстарына қатысы бар әлеуметтік желі парақшаларын зерттей отырып, 234-полктің 20-дан астам десантын анықтады. Әскери қызметкерлердің екеуі 234-полктан екенін растаған. Журналистер әскери қызметкерлердің туыстарымен де сөйлескен.
Будағы қырғын кездейсоқ болған қантөгіс емес, деп атап өтеді зерттеу авторлары. Яблун көшесінде адамдар орыс және украин әскері шайқасып жатқан кезде немесе атыс кезінде кездейсоқ оққа ұшпаған.
"Ресей әскері оларды қасақана түрде өлтірген. Киевке баратын жолды тазалау үшін қырған болуы мүмкін. Ондаған бейбіт тұрғын атып өлтірілді" деді NYT.
Журналистер полк командирі подполковник Артем Городилов жөнінде де мәліметтер тапқан. Зерттеушілердің айтуынша, ол Бучадағы ресейдің десанттық бөліміне жетекшілік еткен. Оның бұл қалада болғанын бақылау камералары және полктің екі мүшесінің сөзі дәлелдей түседі. Оның өзге әскерилермен бірге Бучада өлген украиналықтардың мәйіті жанында жүргені жөнінде видео бар.