Accessibility links

Ресейлік дипломат Орталық Азия елдері Мәскеуден теріс айналуға "емеурін білдірсе, шығынға батады" деп ескертті


ЕАЭО-ға мүше елдердің тулары.
ЕАЭО-ға мүше елдердің тулары.

Ресей сыртқы істер министрлігінің департамент басшысы Александр Стерник Мәскеудің Орталық Азия елдерімен қатынасы "стратегиялық шыдамдылық" саясатына негізделген деп мәлімдеді. Оның сөзінен "Коммерсант" басылымы үзінді келтіреді.

Басылым тілшісі Стерникке аймақ елдері "Ресейге қарсы санкцияны қолдаса, Мәскеудің реакциясы қандай болмақ?" деген сұрақ қойған.

Стерник "Орталық Азиядағы одақтастардың әрекетін сараптаған кезде бірінші кезекте оның Ресей мүддесіне қаншалықты нұқсан келгені ескеріледі, соған қарай қорытынды жасалады" деп жауап берген.

Оның пікірінше, Орталық Азия елдері Ресеймен көпжақты байланыс орнатуға "мүдделі", тіпті оны азайтуға деген емеуріннің өзі "оларды экономикалық шығынға батырады".

"Тіпті оны азайту туралы емеуріннің өзі оларды экономикалық шығынға батырады, оны Батыстың ешқандай өтемақысы өтей алмайды" деді ол.

Дипломаттың айтуынша, Ресей аймақ елдерінің басқа тасымал дәліздерін табу талпынысына алаңдамайды.

"Халықаралық нарыққа шығатын жаңа жол іздеу – кез келген егемен елдің құқығы" деді ол.

Стерник бұл сөзін "Валдай" пікірталас клубында өткен "Орталық Азия және украин дағдарысы" конференциясы кулуарында айтқан.

Орталық Азия елдері, оның ішінде Қазақстан Кремльдің Украинаға басқыншылығын қолдаған жоқ, ашық айыптамаған да. Сарапшылар Мәскеудің Украинаға басқыншылығынан кейін Орталық Азия елдерінің Ресейден өздерін аулақ ұстауға тырысып жатқаны, аймақтағы ірі ойыншылар Қытай, Түркия, АҚШ-пен қарым-қатынасты нығайтып, тепе-теңдік сақтауға тырысып отырғанын айтады.

Экономикасы шикізатқа тәуелді Қазақстан экспорттайтын мұнайының басым бөлігін ресейлік КТК құбыры арқылы халықаралық нарыққа шығарады. Биыл жазда президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай тасымалдауды диверсификациялауды маңызды міндет деп атаған. Осыған орай ол Транскаспий бағытына басымдық беруді тапсырған. Қазақстан 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Баку - Тбилиси - Жейхан мұнай құбыры арқылы 1,5 млн тонна мұнай экспорттай бастайды. Бірақ сарапшылар бұл ресейлік құбыр арқылы тасымалдайтын мұнаймен салыстырғанда "теңіз тамшысы" екенін айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG