Accessibility links

Тәжікстанда Украинада қаза болған екі азаматты жерледі. Оларды Ресей түрмесінен соғысқа әкеткен


Манучехр Шодов және Бобоазиз Туйдиев
Манучехр Шодов және Бобоазиз Туйдиев

Тәжікстанның Хатлон облысында "Ресей түрмесінде жазасын өтеп жүріп, ізінше Украинадағы соғысқа әкетіліп, сонда қаза болған" екі мигрант жерленді. Бұл жөнінде қаза болғандардың туыстарына сүйенген Азаттықтың Тәжік қызметі жазды.

2021 жылы қыркүйекте Ресейде Бобоазиз Туйдиев есірткі сақтады деген күдікке ілініп, алты жыл түрмеге кесілген. Әкесі Тохир Туйдиевтің айтуынша, 23 қыркүйекте ұлы телефонмен хабарласып, өзін соғысқа әкететінін хабарлаған.

"Оларды соғысқа жібермеуі тиіс деп едім, Бобоазиз өзінде таңдау жоғын айтты. Оны мәжбүрлеп соғысқа аттандырған" деді ол.

22 жастағы Бобоазиз Туйдиевтің мәйіті Ресейден Тәжікстанға 12 желтоқсанда жеткізілген. Марқұмды туыстары туған жері Яван ауданында жерледі.

"Ресей билігі мәйітті туған жеріне жіберу жағынан көмектескен жоқ" деді ағасы Камолхожа Гоибов. Оның сөзінше "өмірінде қару ұстап көрмеген" тәжірибесіз жас жігітті соғысқа аттандырып жіберген.

"Оның желкесі жарақаттанған, басының жартысы жоқ десе де болады. Қаржылай көмек беруге уәде берген Ресей билігі көк тиын да берген жоқ. Тіпті мәйітті әкелуге мигранттардың көмегімен ақша жинадық" деді ол.

28 жастағы Манучехр Шодов Тәжікстанның Кушониен ауданында жерленді. Әкесі ұлының Ресейде не үшін сотталғанын айтпады.

"Соғысқа әкеткенін бізге айтқан жоқ. Қазір ештеңе айта алмаймын, сын-ескертпем де жоқ, баламды өлтірген" деді ол.

Ресми Душанбе Ресей түрмелерінде отырған тәжік азаматтарын соғысқа жіберіп жатыр деген ақпаратты растамады, терістеген де жоқ.

Озоди радиосының хабарлауынша, Мәскеу түбіндегі көші-қон орталығы бұған дейін қоғамдық көліктерге Ресей армиясына алып жатқаны туралы тәжік, өзбек, қырғыз тілдерінде жарнама ілген. Хабарландыруларда еңбек мигранттарына Ресей азаматтығын жеңілдетілген шартпен берілетіні жазылған.

Мәскеуде мигранттарды сонымен бірге Украинадағы соғысқа қатысу үшін келісімшартқа қол қоюға да шақырып жатыр. Мәскеу метросында таратылған үнпарақтар ҰҚШҰ-ға мүше елдердің 18-40 жастағы азаматтарын Ресей армиясына қосылуға үндейді. ҰҚШҰ-ға Ресей, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан мүше.

XS
SM
MD
LG