Accessibility links

Ирандық шахматшы қыз Алматыдағы чемпионатқа жалаңбас қатысты


Иран гроссмейстері Сара Хадем шахматтың блиц және жылдам түрінен Алматыда өтіп жатқан чемпионатқа қатысып отыр. 26 желтоқсан 2022 жыл
Иран гроссмейстері Сара Хадем шахматтың блиц және жылдам түрінен Алматыда өтіп жатқан чемпионатқа қатысып отыр. 26 желтоқсан 2022 жыл

Алматыда шахматтың блиц және жылдам түрінен өтіп жатқан чемпионатқа Иран гроссмейстері Сара Хадем хиджаб кимей қатысты. Хиджаб – Иран заңы әйел адамға көпшілік алдына шыққанда киіп жүруді міндеттейтін бас киім. Хадемнің жұрт алдына жалаңбас шыққанына ирандық және шетелдік ақпарат агенттіктері бірден назар аударды.

Турнир туралы хабар таратқан Иранның Khabarvarzeshi және Etemad сайттары жариялаған суретте шахматшы қыз жалаңбас отыр. Khabarvarzeshi Хадемнің басына орамал байлап түскен суретін де қоса жариялаған, бірақ оның қашан және қай жерде түсірілгені айтылмайды.

25 жастағы Сара Хадем аш-Шарие – Алматыдағы чемпионатқа келген Иран құрамасындағы жалғыз қыз. Ол 18 жасында әйелдер арасында гроссмейстер атанған алғашқы ирандық шахматшы, халықаралық шебер атағы да бар.

Хадемнің өзі турнир жайлы да, неліктен жалаңбас қатысқаны туралы да түсініктеме бермеді. Ол өз отанында наразылықтар жалғасып жатқан тұста Қазақстандағы жарысқа жалаңбас шығып отыр. Иранда қыркүйектің ортасында полиция "хиджабты дұрыс кимеді" деген желеумен ұстаған 22 жастағы Махси Амини көп ұзамай көз жұмған. Осы оқиға түрткі болған Ирандағы жаппай наразылық әлі жалғасып жатыр.

Иранның тағы бір спортшысы Елназ Рекаби де биыл қазанда Оңтүстік Корея астанасы Сеулде құзға өрмелеуден Азия чемпионатына жалаңбас қатысқан. Бірақ кейін әлеуметтік желіде Рекаби спорт алаңына хиджабсыз шыққаны "әдейі жасалған әрекет емесі" айтылды дейді Reuters агенттігі.

Қарашада ирандық садақ атушы Тегарандағы марапаттау рәсімінде басындағы хиджабы сырғып кеткенін байқамай қалғанын айтқан. Бұл оқиға видеоға түсіп, көпшілік мұны хиджабқа қарсылық деп бағалаған еді.

Иранда Аминидің қазасынан кейін жалғасып жатқан билікке наразылыққа қатысқан екі адам желтоқсанда өлім жазасына кесілді. Кейінгі екі айда Иранда жүздеген адам мерт болып, 15 мың адам қамауға алынған. Полиция наразыларға қарсы атыс қаруын қолданып жатыр деген де ақпарат бар, соған қарамастан наразылар көшеге шығуын тоқтатпаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG