Украинамен соғыста мобилизацияланған 538 Ресей азаматы қаза болған. "Медиазона" басылымымен бірге соғыста мерт болғандардың тізімін жасаған ВВС осылай деп хабарлады. Журналистер ашық дереккөздерден алынған нақты деректерді, соның ішінде Ресей ақпарат құралдарында жарияланған, жергілікті билік таратқан мәліметті пайдаланған. Сондықтан соғыста өлгендер саны бұдан әлдеқайда көп болуы ықтимал.
Жаңа жыл түні Украинаның аннексияланған Донецк облысындағы Макеевкада мерт болғандар бұл тізімге кірмейді. Себебі олардың аты-жөні нақтыланбаған әрі қирандылар әлі жиналып жатыр. Казармаға айналдырылған кәсіби училище ғимаратына Украина әуеден шабуыл жасаған. Ресей қорғаныс министрлігі бұл оқиғада 63 адам мерт болғанын хабарлады, тағы көп адам із-түзсіз жоғалғандар санатында. Куәгерлерге сілтеген Telegram-арналар бұл шабуылдан бірнеше жүз адам көз жұмған болуы мүмкін деп болжайды.
Тілшілер желтоқсанның соңғы аптасында ғана Украинадағы соғыста оққа ұшқан 46 мобилизацияланған сарбаздың аты-жөнін анықтаған.
Олардың айтуынша, мобилизацияланғандар арасында Свердловск облысының тұрғындары көп өлген. Екінші орында Челябинск, үшінші – Волгоград облысынан келгендер. Қаза тапқандардың орташа жасы – 30-35.
ВВС мен "Медиазона" соғыста қаза болған Ресей әскерилерінің дерегін бұдан бұрын 9 желтоқсанда жариялаған. Олардың есептеуі бойынша, сол кезде 10 мың әскери қызметкер оққа ұшқан, соның 430-ы мобилизацияланған сарбаз. Мобилизацияланған 36 адам майданға бармастан, Ресей аумағындағы әскери бөлімде көз жұмған. Олардың өліміне жүрек талмасы, кездейсоқ жағдай және шамадан тыс көп ішімдік ішу басты себеп болған.
Мониторинг жүргізген тілшілердің айтуынша, олар жасаған тізім соғыста оққа ұшқандардың нақты санынан 40-60 пайызға кем болуы мүмкін. Журналистер Ресейдің 60-тан астам елді мекеніндегі зираттарға қарап, осындай болжам жасаған.
- Ресейдің де, Украинаның да армиясы соғыста қаза болғандардың нақты санын айтпай келеді. Ресей қорғаныс министрлігі соңғы рет ішінара мобилизация жариялаған 2022 жылғы 21 қыркүйекте сарбаз шығыны туралы мәлімет берген. Осы елдің қорғаныс министрі Сергей Шойгудің дерегі бойынша, сол кезде соғыста 5937 әскери мерт болған. Қарашада АҚШ қорғаныс министрлігі соғыста Ресейдің және Украинаның әрқайсының 100 мыңдай солдаты не оққа ұшты, не жарақат алды деген дерек келтірген.
ПІКІРЛЕР