Украина қарулы күштерінің бас штабы 31 желтоқсанда Херсон облысындағы Чулаковка ауылы маңында Ресей армиясының бөлімшесіне әуеден соққы жасағанын хабарлады. Соның нәтижесінде Ресейдің 500-ге тарта әскери қызметкері не қаза тапты, не жарақат алды. Украина қарулы күштері бас штабының 3 қаңтардағы таңғы ақпаратында осындай мәлімет айтылған.
Оқиғаның анық-қанығы белгісіз. Украина жағының бұл мәлімдемесін тәуелсіз түрде тексеріп, нақтылау мүмкін емес. Ресей Украинаның бұл әскери операциясы туралы мәлімдеме жасаған жоқ.
Бас штабтың мәліметі бойынша, Украина күштері 1 қаңтарда Херсон облысындағы Федоровка маңында Ресей армиясының жеке құрамына соққы жасаған. Қаза тапқандар мен жараланғандар туралы мәлімет жоқ.
Мұның алдында Ресей қорғаныс министрлігі 31 желтоқсанда Донецк қаласының маңындағы Макеевка елді мекенінде Украинаның әуе шабуылы кесірінен 63 сарбазы мерт болғанын растаған. Украина армиясының стратегиялық коммуникация басқармасы шабуылдан 400 адам өліп, тағы 300-і жараланды деген мәлімет келтірген.
ПІКІРЛЕР