Accessibility links

Қаңтар кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің әкесі ауруханаға түсті. Бір күн бұрын оған операция жасалған


Айдос Мелдехан
Айдос Мелдехан

Қаңтар дүрбелеңі кезінде оққа ұшқан 4 жасар Айкөркемнің әкесі Айдос Мелдехан ауруханада жатыр. Бір күн бұрын бүйрегіне операция жасалған. Бұл жөнінде Айдос Мелдеханның өзі Азаттыққа айтты.

"Бір бүйрегімнен тас алды. Операция сәтті өтті. Есімді жиып, бүгін жан-жақтан хабарласып жатыр. Жолдасым жанымда болды. Дәрігерлер екінші бүйрегімде де қандай да "түзінділер" бар, оған да операция жасау керек дейді. Бірақ рұқсат берген жоқпын" деді Айдос Мелдехан Азаттыққа.

Белсенділер қанды Қаңтар кезінде оққа ұшқан 4 жасар қыз Айкөркемнің әкесінің денсаулығының нашарлауына Қаңтар әсер еткен деп тұжырымдайды. Айдос Мелдеханның өзі де бұрын тас алынған бүйрегі ауырып көрмегенін айтады. Ауруханаға 28 желтоқсанда түскен Мелдехан Жаңа жылды аурухана төсегінде қарсы алған.

"Бұрын ешқашан мазаламаған. Негізі уайым-күйзелістің ағзаны өлтіретіні ғылыми дәлелденген ғой" деді ол.

Отбасының жалғыз асыраушысы Айдос Мелдехан екінші бүйрегін емдеуді қазақстандық дәрігерлерге сеніп тапсыра алмайтынын, Түркияда емделуді жоспарлап отырғанын айтты.

Ал әлеуметтік желіде кейбір белсенділер Айдос Мелдеханның емделуіне қаржы жинау туралы бастама көтерген.

4 қаңтарда Алматының N4 қалалық клиникалық ауруханасының кезекші хирургы Айдос Мелдеханның хирургия бөлімінде жатқанын растағанмен ол туралы ақпарат беруден бас тартты.

"Ауруханаға келіп қана ақпарат ала аласыз" деді кезекші хирург.

Айдос Мелдеханның төрт жасар қызы Айкөркем Мелдехан былтыр 7 қаңтарда Алматыда дүкен іздеген жақындарына ілесіп жүрген кезде оққа ұшқан. Оқиға кезінде Айдос Мелдеханның 16 жастағы қызы да жараланып, ақпанда ауруханадан шықты. Көлікке кім оқ атқаны әлі күнге дейін белгісіз. Қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 238 адам қаза болды. Билік "оққа ұшқан әрбір адамның қазасының жай-жапсары анықталады" деп айтқанмен әлі күнге дейін Қаңтар құрбандарының басым бөлігінің қандай жағдайда қаза болғаны белгісіз.

Видео: Айкөркемді атқан автоматтың өзі бар, иесі әлі жоқ (7 қараша 2022 жыл).

Айкөркемді атқан автоматтың өзі бар, иесі әлі жоқ
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:06 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG