Ресей президенті Владимир Путин қорғаныс министрі Сергей Шойгуге православ христиандардың Рождество мерекесінде Украинадағы соғысты бір күнге тоқтатуды бұйырды. Путин майдандағы атысты 6 қаңтар түскі 12-ден 7 қаңтар түнгі 12-ге дейін доғаруды тапсырды. Путиннің тапсырмасы жайлы хабарлама Кремль сайтында жарияланды.
Ресей Украинадағы соғыс басталғалы алғаш рет осындай қадамға барып отыр.
Кремль православтардың мерекесі кезінде атысты тоқтатуға Орыс проваслав шіркеуінің патриархы Кириллдің ұсынысы себеп болғанын хабарлады.
5 қаңтар таңертең Орыс проваслав шіркеуінің патриархы Кирилл "қақтығысқа түсіп жатқан барлық тарапты Рождествода атысты доғаруға" шақырған еді.
Украина президенті Владимир Зеленскийдің кеңсесі патриарх Кириллдің ұсынысын "арсыз жолмен қақпанға түсіру және пропаганда элементі" деп атаған еді. Ал Украина президентінің кеңесшісі Михаил Подоляк "Орыс православ шіркеуінің жетекшісі әлемдік православтар үшін авторитет емес" деп мәлімдеп, оны "соғыс пропагандисі" деген.
5 қаңтарда Түркия президенті Режеп Ердоған Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, соғысты тоқтатуға шақырған еді.
Православ христиандар жыл сайын 7 қаңтаржа Исус Христостың туғанын еске алу үшін Рождество мерекесін тойлайды.
ПІКІРЛЕР