Батыс басылымдары бұл аптада бір жыл бұрын Қаңтар оқиғасы шын мәнінде қалай болды, оның артында тұрғандар кімдер дегенді талдады. Сонымен қатар оқиғадан кейін «ел байлығы мен ресурстар әділетті бөлінеді» деген Тоқаевтың уәдесі іске асты ма дегенге үңілді. Одан бөлек оқиғадан бері бір жыл өтсе де, көптеген сұрақ сол күйі жауапсыз қалғанын жазды.
"ЭКС-ПРЕЗИДЕНТТІ ЫҒЫСТЫРҒАН ТОҚАЕВ" ҺӘМ ҚАҢТАРДЫҢ ЖАУАПСЫЗ СҰРАҚТАРЫ
АҚШ-та шығатын Foreign Policy басылымы Қаңтар оқиғасынан бері бір жыл өтсе де, көптеген сұрақ жауапсыз қалғанын жазды.
Бір жыл бұрын Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында «сұйытылған газ бағасының қымбаттауынан басталған бейбіт наразылық бірнеше күннің ішінде көше шайқастарына, билік үшін күреске және Ресей бастаған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы бітімгершілік күштерінің елге келуіне ұласты. Нақты не болғанын Қазақстандағы жұрттың өзі әлі күнге дейін анық білмейді», − деп жазады мақала авторы Вашингтондағы Вильсон орталығының ғылыми қызметкері Лусиан Ким.
Автор Қанды Қаңтар жайлы анық жалғыз нәрсе, 69 жастағы Тоқаев дүрбелеңнен кейін Қазақстанның жеке-дара көшбасшысына айналғаны дейді. Экс-президент Назарбаев 2019 жылы отставкаға кетсе де, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде елді сахна сыртынан басқаруды жалғастырды. «Қаңтардағы дүрбелең басылған соң, Назарбаевтың көлеңкесінде жүрген Тоқаев экс-президентті ығыстырды». Алайда зорлық-зомбылыққа жауапты кім және неліктен сонша көп адам қаза тапты деген сұрақтардың жауабы сол күйі жоқ.
Видео: Биліктің Қаңтар бойынша ұстанымы бір жылда қалай құбылды? (6 қаңтар 2023 жыл).
Басылым бейбіт басталған наразылық қалайша басқа өңірлерге таралып, зорлық-зомбылыққа ұласқанына үңіледі. Назарбаевқа ашу-ыза халықты көшеге алып шыққанда элитааралық конфликт шарықтау шегіне жетті. Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорының ғылыми қызметкері Темур Умаровтың пайымдауынша, Назарбаевтың жақын төңірегі оның билік транзиті жоспарын өзгертіп, Тоқаевтың орнына отбасы мүшесін қойғанын қалаған.
Ал Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның жетекшісі Евгений Жовтис әзірге жарияланбаған баяндамасында зорлық-зомбылық алдымен Алматыда бейбіт шерушілерге маргинал жастар қосылғанда басталып, арты полициямен қақтығыс, дүкендері тонауға ұласқанын анықтады. Бірақ Жовтистің айтуынша, наразылық қару ұстаған ұйымдасқан топтар полиция учаскелері мен үкімет ғимараттарына шабуыл жасай бастағанда ғана жаппай тәртіпсіздікке ұласты.
Қаңтар оқиғасы кезінде Тоқаев құқық қорғау органдарына «ескертусіз оқ атуға» бұйрық беріп, Алматыға «20 мың террорист шабуыл жасағанын» айтқан. Кейін бас прокурор «20 мың террорист» туралы сөзді жоққа шығарды. Зорлық-зомбылық басылып, қаза тапқандар саны өскенде Тоқаев «мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті» болғанын жеткізді.
Жовтис ел қалаларында теракт болғанын және оған шетелден келген террористердің қатысы болғанын растайтын дерек жоқ дейді. Сондай-ақ құқық қорғаушы мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетіне де күмән келтіреді. Себебі, зорлық-зомбылық негізінен Алматыда болды. Ал Тоқаев отырған астанада тәртіпсіздіктер болған жоқ. Сонымен қатар төңкеріс жасауға сөз байласқандар жария мәлімдеме жасамады әрі тәртіпсіздіктер бір орталықтан үйлестірілмеген тәрізді. Жовтистің айтуынша, Назарбаевтың төңірегі тәртіпсіздікке қатысқан қарулы топ пен күштік құрылымдарды Тоқаевқа қысым жасау үшін пайдаланған болуы мүмкін, бірақ оған нақты көз жеткізу үшін тәуелсіз халықаралық зерттеу мен төңкеріс жасауға оқталды деп айыпталғандардың соты ашық өтуі керек.
Автор Қаңтар оқиғасындағы Назарбаев пен оның отбасының рөлі жұмбақ күйінде қалып отыр деп есептейді. Назарбаевтың туыстары биліктен айырылып, кей активтері прокуратура назарына ілінсе де, отбасы мүшелерінің ешқайсысы Қанды Қаңтар бойынша жауапқа тартылмады. Есесіне Тоқаев ҰҚК-нің экс-төрағасы, Назарбаевқа жақын адамдардың бірі саналатын Кәрім Мәсімовті нысанаға алды. Оның соты жабық өтіп жатқандықтан, ісі туралы көп нәрсе белгісіз.
Кемі 238 адамның қазасына кім жауапты деген сұрақ та басы ашық күйінде қалды. «Кім қандай жағдайда атқаны жайлы нақты мәлімет жоқ немесе ол жария етілмейді. Көп жағдайда бейбіт шерушілер, кездейсоқ өтіп бара жатқан адамдар немесе қауіп төндірмеген тұлғалар қаза тапты», − дейді Жовтис өз баяндамасында.
Полиция тәртіпсіздіктер кезінде ұстағандарды аяусыз азаптағаны жайлы шағымдар көп болғанымен, оның тек екеуі ғана сотқа жеткен.
«Тоқаев үшін Қаңтар оқиғасының ұзақмерзімді нәтижесі − оның Қазақстанның жаңа көшбасшысына айналған жеңісі. Ал оған қалай жеткені, қан төгілгені жайлы әңгімелер оның қитығына тиеді».
ТОҚАЕВТЫҢ "ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНЫ": "ЕСКІ ОЛИГАРХТЫҚ ТӘРТІП", "ТЕҢСІЗДІК", "ОТБАСЫ АКТИВТЕРІН НЫСАНАҒА АЛМАУ"
Алматыда тұратын журналистер Дмитрий Мазоренко мен Паоло Сорбелло OpenDemocracy халықаралық медиа платформасында Қаңтар оқиғасынан бері Қазақстан өзгерді ме, Тоқаевтың уәделері іске асты ма деген сұраққа жауап іздейді.
Қаңтар оқиғасынан кейін президент Тоқаев «ескі режимнен арылу» керектігін меңзеп, әлеуметтік мәселелер шешілетінін айтқан. Ақпарат құралдарында «саяси биліктегі монополиядан арылу», «Назарбаевтан арылу» тәрізді тіркестер көп жазыла бастады. Ал Тоқаев елдің табиғи ресурстары мен байлығы әділетті түрде қайта бөлінеді деп уәде етті.
Тоқаевтың «Жаңа Қазақстаны» ескі режимді жоюды білдіруі керек еді, Назарбаевқа жақын элитаны кетіру Қанды Қаңтардан кейін көп көтерілетін тақырыпқа айналды. Одан бері Назарбаев отбасының бірнеше мүшесі мен отбасымен байланысты олигархтар нысанаға алынды.
Экс-президенттің кіші қызы Әлия Назарбаеваға қатысы бар компанияның үстінен мемлекет қаржысын жымқыру бойынша іс қозғалды. Экс-президенттің інісі Болат Назарбаевтың иелігіндегі активтер де тергеушілер назарына ілікті. Ал оның немере інісі Қайрат Сатыбалды мемлекеттік телекоммуникация және теміржол компаниясында қаржы жымқырды деген айып бойынша алты жылға сотталды. Назарбаевтың бұрынғы құдасы, бизнесмен Қайрат Боранбаев «квазимемлекеттік секторда үлкен көлемде қаржы жымқырды» деп айыпталып ұсталды, қазір соты өтіп жатыр.
Алайда авторлар Тоқаев Назарбаев отбасының кей мүшесі мен олардың кей активтерін ғана нысанаға алып, отбасының елдегі ең маңызды бизнес мүдделеріне тиіспеді дейді. Мазоренко мен Сорбелло бұған мысал ретінде Назарбаев университеті мен Назарбаев зияткерлік мектептеріне қаржы бөлетін Назарбаев қоры әлі де айрықша заңмен қорғалған, мемлекет қор жұмысына араласа алмайтынын келтіреді.
Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев елдегі ең ірі банк – Халық банкі иелерінің бірі және энергетика секторындағы маңызды ойыншы. Назарбаевтың екі қызы мен немересі әлі де Қазақстандағы Forbes басылымы түзген елдегі ең дәулетті адамдардың тізімінде. Ал оның немере інісі Нұрбол осы басылымның рейтингісінде елдегі ең дәулетті елу адамның тізіміне кіреді.
Авторлар Тоқаев былтыр елдегі байлықты бөлу жүйесі әділетсіз екенін айтып, KPMG зерттеуіне сәйкес, ел байлығының жартысына 162 адам иелік ететінін келтірген. Нәтижеде дәулетті адамдар халыққа көмектеседі деген желеумен «Қазақстан халқына» қоры құрылды, оған олигархтар мен компаниялар 280 миллион доллар аударған. «Қордың жұмысы сәуір айынан бастап бәсеңдеді, ал қор басшылығы қаржының қалай бөлінгені туралы ашық есеп бере алмады».
«Тоқаев байлықты қайта бөлетін түбегейлі қадамдарға барғандай әсер қалдыруы мүмкін, бірақ бұл президент теңсіздікпен күресіп жатыр деп көрсететін құрал ғана. Шын мәнінде, Forbes тізіміндегі ең дәулетті 50 адамның байлығы 2022 жылы 1,2 миллиард долларға өсті».
Авторлар Тоқаев олигархтық тәртіпті жоюдың орнына бизнес пен саяси элитаны өз жүйесіне тәуелді еткісі келеді дейді. Мұндай жағдайда жаңа элита Тоқаевқа адал болса ғана байлыққа қол жеткізе алады.
«Тоқаев билікте отырған мерзім режим халық қозғалыстары мен қолдауға ие саяси партияларға жол бермейтінін көрсетті. Институттар, партиялар мен «халық үшін» саясат құрып жатқандай кейіп танытқанымен, Тоқаевтың «Жаңа Қазақстаны» ескі Қазақстанды елестетеді», − дейді авторлар.
ТОҚАЕВ ҮКІМЕТІ МЕМЛЕКЕТТІК ТӨҢКЕРІСКЕ ДАЙЫНДЫҚТЫ НЕГЕ БАЙҚАМАЙ ҚАЛДЫ?
АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасын «төңкеріс жасау әрекеті» деп түсіндіргеніне назар аударады.
Осы аптада мәжіліске келген бас прокурор Берік Асылов 2022 жылдың қаңтарында не болғаны жайлы үкіметтің нұсқасын баяндап берді, алайда ол көп жаңа мәлімет айтпады.
Мәсімов пен өзге 17 адамның үстінен қозғалған іс құпияланған. Асылов «Власть» басылымына мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінің басында ҰҚК-нің экс-төрағасы тұрғанын растады. Асыловтың айтуынша, жоғары басшылықты ауыстыруға бағытталған мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындық былтыр жыл бойы жүргізілген.
Бас прокурор Қаңтар оқиғасы кезінде қорғаныс министрі болған, қазір қамауда отырған Мұрат Бектановтың "заңсыз бұйрық беріп, елде тәртіп орнату бойынша шара қолданбағанын" айтты.
Осылайша Астана нарративіне сәйкес, күштік құрылымдар төңкеріске талпынған. Мақала авторы Кэтрин Путц билік оларды бұл әрекетке баруға не итермеледі дегенді ашып айтпағанына назар аударады.
«Ең басты сауал: егер мемлекеттік төңкеріске дайындық бір жыл бойы жүргізілсе, онда Тоқаевтың үкіметі қалайша оны байқамаған?» − деп қайырады Путц.
ПІКІРЛЕР