Accessibility links

Украинаның Буча қаласында қазақ үй тігілді. Жабдық Қазақстаннан әкелінген


Буча қаласына тігілген қазақ үй. Қалалық кеңестің Фейсбук парақшасынан алынған сурет.
Буча қаласына тігілген қазақ үй. Қалалық кеңестің Фейсбук парақшасынан алынған сурет.

6 қаңтарда Украинаның Киев облысында Ресей басқыншылығынан қатты зардап шеккен аумақтардың бірі Бучада "Незламності" яғни, "мызғымастық" пункті ашылды. Пункт қазақ үй ішіне орналасқан.

Украин парламентінің депутаты Сергей Нагорняк Фейсбук желісінде жоба қазақстандық кәсіпкерлер мен Украинадағы қазақ диаспорасы өкілдерінің арқасында пайда болғанын хабарлады. Нагорняктің айтуынша, қазақ үйді кәсіпкер Дәулет Нұржанов Қазақстаннан сатып әкелген. Kusto Group басқармасының мүшесі, Kusto Agro компаниясының бас директоры Дәулет Нұржанов Украинаның Житомир, Винницк, Хмельницк облыстарында кәсіпкерлікпен айналысады.

Нагорняктің айтуынша, "Қазақстандағы достары" Украинаға алты қазақ үйі мен денсаулық мекемелеріне деп 41 генератор жіберген. Депутаттың сөзінше, қалған қазақ үйлері өзге қалаларда орнатылады.

Украина билігі мұндай пунктілерді қыс кезінде жарық пен жылу болмаған шақта тұрғындар келіп, жылынып, телефондарын қуаттап алу үшін ашып отыр. Ресей Украинаның энергетика нысандарын зымыранмен жиі шабуылдап жатыр. Соның салдарынан қалаларда электр энергиясы жиі өшетін болған. Сымдарды қалпына келтіру үшін бірнеше сағат керек.

Буча - былтыр 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейінгі орыс әскерінің айуандығының символына айналған. Қала бір ай бойы басқыншылар қолында қалған кезде қалада жүздеген бейбіт тұрғын өлтірілген. Қалада адам өлімімен қатар қарақшылық, адам ұрлау, азаптау болған. Халықаралық Human Rights Watch ұйымы Бучадағы қырғынды адамзатқа қарсы қылмыс деп атаған. Мәскеу өз әскерінің бейбіт тұрғындар өліміне қатысы барын мойындамаған.

Осыған ұқсас әскери қылмыстар орыс әскері басып алған Украинаның өзге елді мекендерінде де болған. Орыс әскерінен азат етілген елді мекендерде бейбіт тұрғындар көмілген зираттар табылады.

Украина қарулы күштерінің қолбасшысы Валерий Залужныйдың айтуынша, украин армиясы басқыншылықтан бері Украина аумағының 40 пайызын азат еткен.

Батыс елдері Украинаға әскери, қаржылай көмек көрсетіп жатыр.

Қазақстан одақтасы Ресейдің басқыншылығын айыптаған жоқ, бірақ Украинаның территориялық тұтастығын құрметтейтінін мәлімдеген. Астана Мәскеу аннексиялап алған украин аймақтарындағы псевдореферендумды мойындаған жоқ. Қазақстандық еріктілер Украинаға гуманитарлық жүк жіберген. Қазақ үкіметі де гуманитарлық көмек берген.

XS
SM
MD
LG