Accessibility links

Қаңтар оқиғасы. Қазақстан кінәмшіл ме әлде көрші елдер шамшыл ма?


Қаңтар оқиғалары кезінде көп адам қаза болған Алматының Республика алаңында тұрған әскери қызметкерлер. 6 қаңтар 2022 жыл.
Қаңтар оқиғалары кезінде көп адам қаза болған Алматының Республика алаңында тұрған әскери қызметкерлер. 6 қаңтар 2022 жыл.

Қазақстан бас прокурорының Қаңтар оқиғасына көрші елдер азаматтарының қатысқанын айтқаны мұң, кейбір елдер оған реакция білдіріп үлгерді. Бұл жолы тек бір жыл бұрын айтылған Таяу Шығыс пен Ауғанстан аталмады. Қазақстан оқиғаға «қатысқан» әлдебір шетелдіктердің кім екенін дәлелдей алмай келеді.

ПИАНИСТ НЕГЕ ТЕРРОРИСТ ЕМЕС?

Қырғызстандық музыкант Викрам Рузахунов Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы туралы реквием шығарды. Қаңтар оқиғасынан зардап шеккен ол бұл шығармасының үзіндісін әлеуметтік желідегі парақшаларына жариялады.

Қанды Қаңтар оқиғасының бір жылдығына орай youtube желісіндегі kloop арнасына берген сұхбатында джазмен өзінің Қазақстанда қалай ұсталып, азапталғаны жайлы айтып берген.

Қырғыз музыканты Викрам Рузахунов және адвокаты Нұрбек Токтакунов.
Қырғыз музыканты Викрам Рузахунов және адвокаты Нұрбек Токтакунов.

Айтуынша, ол 2022 жылы қаңтардың 7-сінде Бішкекке қайтып бара жатқан кезінде ұсталған. Ол мінген автобусты Алматыдан 98 км жердегі Тарғап ауылында әскерилер тоқтатып тексерген. Арасында Викрам да бар, бір топ адамды бөлек ұстаған. Пианистің құжатын қайтармаған, оны мародерсің деп айыптаған. Заттарын тексеріп, оны Алматыдан ұрлап бара жатырсың деп кінә артқан, соққыға жыққан. Әскер соққыға жыққандардың арасында қазақстандықтар да бар еді дейді ол. Осы адамдар мінген автобус Тарғаптағы зират басына ұзақ аялдаған соң, оларды Қошмамбет ауылындағы уақытша ұстау абақтысына қамаған.

Викрам Рузахунов қазақстандық полицейлер күш жұмсай берген соң олардың дегеніне көніп, айт деген сөздерін айтуға мәжбүр болдым дейді. Полицейлер одан «жұмыссыз адам ретінде ақшаға жалданып, тонауға келгенін» айтуды талап еткен. Бірақ одан кейін де полицейлер оны азаптауды доғармаған.

Рузахуновқа полицей мәжбүрлеп айтқызған сөзі түсірілген видео Қазақстанның және Ресейдің ресми арналары арқылы тарағаны белгілі. Видео-материалда оның аты жөні Закир Убуров екені айтылады. Алайда тараған видеода оны туыстары мен отандастары танып, Қазақстаннның Қырғызстандағы елшілігі алдында наразылық акциясын өткізген. Қырғызстан сыртқы істер министрлігі Қазақстанның Бішкектегі елшісі Рапиль Жошыбаевты шақырып алып, қарсылық нотасын табыс еткен.

Кейін босап еліне оралған джазменнің Қазақстандағы азаптау кезінде ауыр зақым алғаны белгілі болады. 2022 жылдың соңында Викрам Рузахуновтың Қазақстаннан өтемақы талап ететіні жарияланды.

Қарай отырыңыз: Қырғызстаннан келген музыкант қалайша "тәртіпсіздікке қатысқан күдіктіге" айналды? (11 қаңтар 2022 жыл).

 Қырғызстаннан келген музыкант қалайша "тәртіпсіздікке қатысқан күдіктіге" айналды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:46 0:00

Жоғарыда аталған сұхбатында музыкант Қаңтар оқиғасынан кейін адам құқығын қорғауға ат салыса бастағанын айтады.

Ал Қазақстан ішкі істер министрлігі осы кезде Алматы облысында «көрші мемлекеттің» 100 адамы ұсталғанын хабарлаған.

2022 жылдың 7 қаңтарында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «бір ғана Алматыға 20 мың террористің шабуылдағанын» айтып, адамдарды ескертпестен атуға бұйрық бергенін жариялайды.

ТЕРРОРИЗМНІҢ БЕЛГІСІЗ ГЕОГРАФИЯСЫ

Қаңтардың 5-сінде Қазақстан парламентінің мәжілісінде Қаңтар оқиғасы бойынша екінші тыңдау өткен. Елдің бас прокуроры Берік Асылов оқиғаға қатысушылардың арасында шетел азаматтары болғанын айтқан. Ол террористік әрекет және жаппай тәртіпсіздікке қатысқандардың дені 35 жасқа дейінгі жастар екеніне тоқтала келіп «бұдан бөлек шетелдік азаматтар жаппай тәртіпсіздікке қатысуға және басқа да қылмыстар бойынша күдікті болып танылды. Олардың ішінде Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтары бар» деген.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Қаңтар оқиғасынан кейін іле-шала мемлекеттік арнаға берген сұхбатында Қазақстанға «Орталық Азияның бір қаласы арқылы келген гастербайтерлер» туралы айтады. Айтуынша, Алматы әуежайын да басып алған олар кейін кері қайтқан.

Қазақстан президенті бұдан кейін Еуропалық кеңес президенті Шарль Мишельмен сөйлескенде Қаңтарда Қазақстанға келгендер географиясын кеңейте түскен. Айтуынша, «Қазақстанға қарсы шабуыл жасағандардың көбі Орталық Азия елдерінен, соның ішінде Ауғанстаннан және Таяу Шығыстан келгендер» болып шыққан.

Ал Қазақстан бас прокуратурасының өкілдері Қаңтар оқиғасының бір жылдығы қарсаңында Азаттық радиосына берген сұхбатында оқиғаға «Орталық Азиядан келгендер туралы ақпараттың жоқ» екенін және Қаңтар кезінде жалған ақпараттың көп тарағанын айтады. Соған қарамастан бас прокурордың мәжілістегі мәлімдемесінде оқиғаға қатысқан шетелдіктер айтуы көрші елдердің реакциясын тудырды.

Қарай отырыңыз: Қаңтарды кім ұйымдастырды? "20 мың бандит" келгені рас па? Бас прокуратура өкілдерінен сұрадық (27 желтоқсан 2022 жыл).

Қаңтарды кім ұйымдастырды? "20 мың бандит" келгені рас па? Бас прокуратура өкілдерінен сұрадық
please wait

No media source currently available

0:00 0:14:54 0:00

КӨРШІ ЕЛДЕР РЕАКЦИЯСЫ

Осы жиыннан соң іле-шала Қырғызстан сыртқы істер министрлігі арнайы комментарий жариялап, осы ел азаматтарының Қаңтар оқиғасына қатысын үзілді-кесілді жоққа шығарды. Министрлік осы оқиғада Қырғызстанның екі азаматының кездейсоқ қылмыстық іс бойынша шартты түрде жазаға тартылғанын қоса хабарлаған.

«Қырғыз республикасының басқа да азаматтарының кінәсі дәлелденбегені ерекше назар аудартады. Қырғызстанның бір де бір азаматы Қазақстандағы митингілерге, жаппай тонау мен мародерлікке қатысқан жоқ» деп жазылған министрлік мәлімдемесінде. Бұл мәліметке қарағанда, Қырғызстан Қаңтар оқиғасы кезінде жедел түрде 600-ден астам азаматын эвакуациялаған.

Қаңтардың 6-сында Тәжікстан сыртқы істер министрлігі де Қазақстан бас прокурорының айтқанына реакция білдірген. Сыртқы істер министрлігі баспасөз қызметі Азаттықтың Тәжік қызметіне бұл оқиғаға Тәжікстан азаматтарының қатыспағанын хабарлаған. Онда Тәжікстан тарапының Қазақстаннан ресми түрде бұл туралы мәлімет алмағаны айтылған. Осы мәліметке қарағанда, Тәжікстанның Қазақстандағы елшілігі Қазақстанның тиісті мекемелерімен байланысқан. Алайда Тәжікстан азаматтарының Қаңтар оқиғасына қатысы дәлелденбеген.

Қазақстанның Бішкектегі елшілігі алдында музыкант Викрам Рузахуновты қолдап, акция жасап тұрған азаматтар. 9 қаңтар 2022 жыл.
Қазақстанның Бішкектегі елшілігі алдында музыкант Викрам Рузахуновты қолдап, акция жасап тұрған азаматтар. 9 қаңтар 2022 жыл.

Тәжікстан сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында бұл туралы мәлімет жоқ. Есесіне, осы күні Тәжікстан сыртқы істер министрінің Тәжікстан-Қазақстан дипломатиялық қатынасына 30 жыл толуына орай Қазақстан елшісімен кездескені хабарланған.

Өзбекстан мен Ресей Қазақстан бас прокурорының мәлімдемесіне әзірге реакция білдіре қойған жоқ. Өзбекстан сыртқы істер министрлігі 5 қаңтарда осы ел сыртқы істер министрінің Қазақстан елшісін қабылдағанын ғана хабарлаған.

«БАС ПРОКУРОР ЖАУАП БЕРСІН»

Саясаттанушы, бұрынғы дипломат Қазбек Бейсебаев Қазақстан бас прокурорының есебінде жауабы жоқ сұрақтар көп деп есептейді.

– Кім біледі, ұсталғандардың кейбірі кейін Қазақстан азаматтығын алуы да мүмкін ғой. Осындай жайлар ашық айтылуы керек еді. 20 мың террорист мәселесінде де «Орталық Азияның бір қаласы» сөз болады. Оған да жауап жоқ. Өйткені шындық айтылмай келеді, - дейді ол.

Қазбек Бейсебаевтың айтуынша, бас прокурордың аты аталған елдерді айыптауы екіжақты қатынасқа аса қатты әсер ете қоймайды. Алайда жалған мәлімет бас прокурорды өтірікші етіп көрсетеді.

- Бас прокурор қарапайым ақпарат көзі емес, елдің ресми өкілі. Сондықтан оның айтқанын басқа елдер жоққа шығарса, екеуінің біреуі жалған сөйлеп отыр ғой. Бас прокурор нақты дәлел, немесе Қаңтар оқиғасына қатысқан көрші ел азаматтарының паспортын көрсетсін. Осы мәселеге қатысты қайтадан тиянақты жауап берсін,- дейді Қазбек Бейсебаев.

«ҚАЗАҚСТАН ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫН ҚАЛАЙ ТЕКСЕРІП ЖАТҚАНЫН КӨРСЕТТІ»

Саясаттанушы Дос Көшім азаматтарының Қаңтар оқиғасына қатысқанын жоққа шығарған елдер Қазақстанға қаттырақ талап қойғанда ғана бұл мәселенің қайталанбайтынын айтады.

Ол бұл жағдайда Қазақстан қырғызстандық музыкант Викрам Рузахуновтың хикаясын тағы да ескермеді дейді.

Дос Көшім
Дос Көшім

- Былтыр оның қысыммен Қаңтар оқиғасына «жалданып» келгені жайлы мәлімет таратқан мемлекеттік арна, немесе оған ақпарат берген құзырлы мекеме өкілдері жазаланған жоқ. Тексерілмеген мәліметті эфирге жіберген редактор ма, жоқ әлде арна басшылығы ма, біреу осыған жауапты болуы керек еді. Осылайша биліктің бұрмалап берген мәліметін эфирге шығару арқылы мемлекеттік БАҚ-тың да қолы кірленді. Ешкім жазаланбаған соң, көрші елдерді жазғыру, жалған мәлімет беру қайтадан жалғаса береді. Бас прокурордың соңғы мәлімдемесі – соның дәлелі, - дейді саясаттанушы.

Дос Көшімнің айтуынша, бас прокурордың мәлімдемесі арқылы Қазақстанның көрші елдерге «бәле жабуы» екіжақты қатынасқа аса қатты әсер етпейді.

- Өйткені бұл елдердің бәрі бір кезде тоталитарлық әкімшіл-әміршіл жүйені өткерді. Кейбір айырмашылықтарына қарамастан Орталық Азия елдерінің жүйесінде осындай «туысқандық байланыс» бар. Олар да Қазақстанның неге мұндай мәлімдеме жариялағанын түсінеді. Керек кезінде олар да Қазақстанға қатысты бірдеңелер айтуы мүмкін. Одан да маңыздысы – Қазақстан өз ішінде тексерілмеген мәліметті таратып, оны сыртқа жайып, Қаңтар оқиғасын қалай тергеп жатқанын көрсетті, - дейді саясаттанушы Дос Көшім Азаттыққа.

Қазақстан басшылығы былтыр кемінде 238 адам қаза болған Қаңтар оқиғасына халықаралық зерттеу жүргізуге қарсы болған. Адам құқығын қорғайтын халықаралық Human Rights Watch ұйымы «Қазақстан билігі адам құқығы өрескел бұзылған Қаңтар оқиғасын тиімді тексере алмады, тергеуді біржақты жүргізді» деп бағалаған.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG