Accessibility links

Иранда наразылыққа қатысқан тағы екі адам дарға асылды


Мұхаммад Мехди Карами және Мұхаммад Хуссейни
Мұхаммад Мехди Карами және Мұхаммад Хуссейни

7 қаңтарда Иранда 2022 жылы қыркүйекте басталған үкіметке қарсы наразылыққа қатысқан екі адам дарға асылды. CNN телеарнасының хабарлауынша, осылайша наразылыққа қатысқаны үшін дарға асылғандар төрт адамға жеткен.

22 жастағы Мұхаммад Мехди Карами және 39 жастағы Мұхаммад Хуссейни "Басидж" (Ислам революциясы сақшылар корпусына кіретін еріктілер жасағы) қызметкерлерін өлтірді деп айыпталған. Бұл іс бойынша, тағы үш адам өлім жазасына кесілген, 11 адам түрме жазасын алған.

Amnesty International жазуынша, айыпталушыларды күшпен мойындатқан. Хуссейнидің адвокаты желтоқсанда өзі қорғап отырған азаматтың аяусыз азапталғанын, күшпен мойындату заңсыз екенін мәлімдеген.

Иран күшпен мойындатқаны туралы тұжырымдарды жоққа шығарған. Карамидің адвокатының айтуынша, өзі қорғап отырған азаматқа дарға асу алдында отбасымен тілдесуге мүмкіндік бермеген.

Amnesty International жазуынша, наразылыққа қатысушылар лайықты қорғану және адвокат таңдау құқығынан айырылған.

Былтыр қыркүйекте "әдеп полициясы" 22 жастағы белсенді Махса Әминиді "хиджаб кию ережесін сақтамағаны үшін" ұстап, ізінше оның қаза болғаны хабарланған. Осыдан соң Иран қалаларында жаппай наразылық тұтанған. Иран билігі наразылықты күшпен басып-жаншыды. Құқық қорғаушылар 500-ден астам адам өлгенін, 400-ден астамы наразылыққа қатысушылар екенін, шамамен 18 мың адам ұсталғанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG