Accessibility links

Атырауда Қаңтарға байланысты айыпталған 27 адам "процессуалдық келісім жасасуды сұрады"


Атыраудағы сот Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 27 адамның ісін қарап жатқан сәт. 27 желтоқсан 2022 жыл
Атыраудағы сот Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 27 адамның ісін қарап жатқан сәт. 27 желтоқсан 2022 жыл

10 қаңтарда Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 27 адам прокурормен процессуалдық келісім жасасуға өтініш берді.

Олар сотта "кінәларын мойындайтынын", "дәлелдерді дауламайтынын" айтып, судьядан прокурормен процессуалдық келісім жүргізуге уақыт сұрап, өтініш тапсырды.

Судья Зарема Хамидуллина олардың бәрінен "өтінішті өз еріктеріңізбен жаздыңыздар ма?" деп сұрады. Айыпталушылар "мұндай қадамға өз еріктерімен, ешкімнің қысымынсыз барғандарын" айтты.

Арасында жәбірленушілерден кешірім сұрап, татуласқанын да айтқандар болды.

4 қаңтардағы отырыста 27 адамға қатысты жаңа айыптау актісі оқылып, айыпталушылардың айыбы жеңілдеген еді. Оларға басында "Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу", "Билік өкіліне күш қолдану", "Қаруды заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау", "Қаруды жымқыру", "Ұрлық", "Тонау", "Көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу", "Құжаттарды заңсыз алып қою, бүлдіру" айыптары тағылған.

Жаңа айыптау актісіне сәйкес, Оралбек Айсин, Ринат Әбішев, Дулат Бекжановтың айыбы "аса ауыр қылмыс" санатынын "ауыр қылмыс" санатына түсірілді. Көбінің айыбы "жәбірленушінің денсаулығына қауіпті күш қолдану" айыбынан "денсаулығына қауіпті емес күш қолдану" айыбына ауыстырылды.

“Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу", "Құжаттарды заңсыз алып қою, бүлдіру", "Ұрлау", "Тонау", "Билік өкілінің өміріне қол сұқты" деген айыптар алынып тасталды.

Айыпталушылар мен жәбірленушілер сотта жаңа айыптау актісімен келіскен.

Айыптарды жеңілдетуге жәбірленуші деп танылған полицейлердің сотта Қаңтар оқиғасында жеңіл жарақат алғанын, өміріне қауіп төнетін жағдай болмады деген жауаптары және сотта тексерілген бейнежазбалар негіз болған.

Полицейлер сотталушыларға арыз-талабы жоғын, бірақ билік өкілі ретінде шешімді сот қарауына қалдыратынын айтқан. Олардың кейбірі сотталушылар арасында 5 қаңтардағы жаппай тәртіпсіздік кезінде өздеріне араша түсіп, көмек бергендер де бар екенін жеткізген.

Бұған қоса, сотталушылардың кәмелет жасқа толмаған балалары бары және "кінәларын мойындағаны" да айыпты қайта саралауға себеп болғаны айтылды.

Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 27 адамның төртеуі тергеу абақтысында отыр. Қалғаны үйқамақта және ешқайда кетпейтіні туралы қолхатпен босатылған.

Атырауда 27 адамның ісінен бөлек, Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған Ерлан Дәулетияровтың ісі қаралып жатыр. Оған былтыр қаңтарда "жаппай тәртіпсіздікке қатысты", "билік өкіліне күш қолданды" деген айыптар тағылған.

Кәмелетке толмаған бес баланың әкесі бұған дейін іздеуде болған. Сот процесі былтыр 1 қарашада басталды. Бірінші отырыста Дәулетияров өз кінәсін "толық мойындап, дәлел дерегімен келісіп", адвокаты процессуалдық келісім жасау туралы өтініш берді. Прокурор қарсылық білдірмеді.

Іс бойынша, сотталушы полиция қызметкерін ұрған деп айыпталып отыр. Бұл істе де жәбірленуші ретінде 27 адамның сотында жәбірленуші деп танылған полиция қызметкері қатысып отыр.

Былтыр қаңтардың басында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған наразылық елдің өзге өңірлеріне тез тарап, кейін бұл оқиға бірнеше қалада қантөгіске ұласқан. Атырауда да жұрт алдымен Исатай мен Махамбет алаңына жиналып, кейін әкімдікке қарай беттеген. Әкімдік алдында полиция мен наразылар арасында қақтығыс болған. Қақтығыс кезінде Атырау тұрғыны Алмаз Берекеновтің басына оқ тиіп қаза болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG