Энергетика министрі Болат Ақшолақов 11 қаңтарда Қазақстан мұнайын Германияға тасымалдау мәселесі туралы сұрақтарға жауап берді. Оның сөзіне қарағанда, мұнай Ресей арқылы тасымалданатындықтан осы уақыт бойы Қазақстан Ресейдегі әріптестерінің келісімін күткен.
"Ауызша келісімін берді. Меніңше, мәселе болмайды. Әзірге ауызша [келісім] бар, жазбаша жоқ" деді министр.
"Бұл жерде тұтынушылардың алғаны маңызды. Ресей Федерациясымен мұнай айдауға қатысты ірі мәселе туындаған емес. Көлеміне келсек, жылына 1,5 млн тонна болып қалар. Бірақ Қазақстан бір жылда ең көп дегенде 6 млн тонна ғана тасымалдай алады" деді Ақшолақов.
Оның айтуынша, Қазақстан жылына алты миллион тоннаға дейін мұнай тасымалдай алғанмен Германияның сұранысы одан да жоғары.
Былтыр Қазақстанның 2023 жылдан бастап Германияға мұнай тасымалдау мүмкіндігін қарастырып жатқаны хабарланған еді. Қазақстан жағының ресейлік "Транснефть" компаниясына өтініш жібергені айтылған.
2023 жылы Қазақстан 90,5 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр, 71 миллионы экспортқа кетеді.
Қазақстан мұнайының басым бөлігін ресейлік Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы экспорттайды. Қазақстан энергетика министрлігі "Каспий құбыр желісі консорциумына санкция салынбайды және Қазақстан мұнайын Қара теңіз портына айдауда кедергі болмайды" деп үміттенеді.
2022 жылы КТК желісіндегі бірнеше ақаудан кейін Қазақстан басшылығы мұнай экспорттауды әртараптандыру мәселесін қозғаған. Сол кезде билік Транскаспий дәлізін негізгі балама жол деп атаған.
Қараша басында 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры арқылы 1,5 млн тонна мұнай экспорттай бастайтыны белгілі болды. Оның көлемі алдағы уақытта 6-6,5 млн тоннаға жетуі мүмкін.