Accessibility links

Ақтөбеде Қаңтар бойынша айыпталған 18-дің соты: Прокурор бірін 15 жылға соттауды сұрады


Ақтөбеде Қаңтар оқиғасына қатысты айыпталған 18 адамның соты. Ақтөбе, 12 қаңтар 2023 жыл.
Ақтөбеде Қаңтар оқиғасына қатысты айыпталған 18 адамның соты. Ақтөбе, 12 қаңтар 2023 жыл.

Ақтөбеде Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 18 адамның сотында прокурор "билік өкілетіне күш көрсетті" деп айыпталған бір адамға 15 жыл түрме жазасын сұрады.

12 қаңтарда Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 18 адамның сотында жарыссөз басталған.

18 адамның ішінде ең ауыр айып тағылғаны - Нұрсұлтан Исаев. Ол "Билік өкіліне күш көрсетті" (380-1 бап, 2-бөлім) және "Жаппай тәртіпсіздікке қатысты" (272-бап, 2 бөлім) деп айыпталған. Бұған дейін айыпталушының туыстары прокуратураға шағымданып, Исаевтың қаңтар кезінде халықпен бірге алаңға шыққанын, ешқандай қылмыс жасамағанын айтқан. Исаевтың өзі тергеу изоляторында аштық та жариялаған.

Бейсенбі күні прокурор оны 15 жылға соттауды сұрады. Исаевтың адвокаты Азамат Сағал онымен келіспейтінін жеткізді.

"Біз айыптауды негізсіз санаймыз. Әу бастан-ақ мұнда іске дұрыс квалификация берілмеген. Мұны тергеу кезінде де, сотта да бірнеше рет айтқанбыз. Кінәсі мүлде дәлелденбеді. Сот істің дұрыс квалификацияланбауына назар аударып, заңға сәйкес дұрыс шешім шығарады деп үміттенеміз" деді Азамат Сағал Азаттыққа.

“Қару-жарақ ұрлады” деп айыпталған Нұрбек Мұхитқа прокурор 7 жылдық түрме жазасын сұрап, жазаны “Рақымшылық туралы заңға” сай 1 жыл 9 айлық түрме жазасына ауыстыруды сұрады. Нұрбек Мұхиттың адвокаты Күләш Манько да мұнымен келіспеді.

Прокурор "жаппай тәртіпсіздік" бойынша айыпталған Қуат Шамұратовты “Рақымшылық туралы заңға” сәйкес қылмыстық жауапкершіліктен босатуды өтінді.

12 қаңтарда айыптаушы тараптың сөзінен “жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деп айыпталған Ернұр Әжниязовтың жазасы жеңілдегені белгілі болды. Енді ол "ұйымдастырушы емес, қатысушы" деп айыпталып отыр. (272 баптың 1-ші бөлімінен 2-бөліміне ауысты). Прокуратура бейсенбі күні “жаппай тәртіпсіздікке қатысушы” Әжниязовқа “Рақымшылық туралы” заңды қолданып, 1 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда оның тергеу изоляторындағы әр күні 1,5 тәулікке тең болғандықтан оны жазасын өтеді деп санап, қамаудан босатуды сұрады. Әжниязовтың өзі, адвокаты оны толық ақтауды өтінді.

Қалғандарына прокурор “Рақымшылық туралы заңды” ескере отыра төмендегідей жаза сұрады:

  • Дархан Қамиге – 4 жыл түрме жазасы
  • Бекжан Аманғосовқа - 1 жыл түрме жазасы
  • Еркебұлан Құттыбаевқа-9 ай түрме жазасы
  • Рүстем Ахметовке - 10 ай 15 күн түрме жазасы
  • Дархан Әбиевке - 10 ай 15 күн түрме жазасы
  • Берік Құспановқа - 10 ай 15 күн түрме жазасы
  • Нұркен Өмірәліге - 9 ай түрме жазасы
  • Абылайхан Бекеевке —10 ай 15 күн түрме жазасы
  • Қайрат Баймұратовқа - 9 ай түрме жазасы
  • Жәдігер Ысқақовқа - 9 ай түрме жазасы
  • Жанна Есмырзаеваға- 10 ай 15 күн түрме жазасы
  • Әмірбек Дәукенге-10 ай 15 күн түрме жазасы
  • Арнольд Сәдуақасовқа- 10 ай 15 күн түрме жазасы
  • Асланбек Омаровқа - 1 жыл 15 күндік түрме жазасын сұрады.

Жаза тағайындалған жағдайда айыпталушылардың тергеу изоляторы мен үйқамақта болған күндері шегеріледі.

Айыпталушылардың бесеуі тергеу изоляторында. Қалған 13 сотталушы ешқайда шықпау туралы қолхатпен бостандықта жүр.

Істе ондаған жәбірленуші бар. Басым бөлігі – арнайы жасақ мен полиция қызметкерлері.

Ресми мәлімет бойынша, Ақтөбеде Қаңтар оқиғасына байланысты қозғалған 21 қылмыстық іс сотқа жеткен. Былтыр шілдеде Ақтөбе соты Қаңтар оқиғасы кезінде "Ақтөбе әуежайын басып алмақ болды" деп айыпталған үш адамның бас бостандығын үш жарым жылға шектеген.

Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбеде екі адам қаза болған. Бірі Файзулла Нұргелдин Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп, бір айдан соң көз жұмған. Бұған дейін Ақтөбеде ұстау кезінде азапталдым деген азаматтардың шағымдары қаралмай жатқаны хабарланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG