Accessibility links

Украинада тағы бір киіз үй тігілді. Қазақтар соғыстан зардап шеккен украиндарға қалай көмектесіп жатыр?


Бучада 6 қаңтарда тігілген киіз үй.
Бучада 6 қаңтарда тігілген киіз үй.

Киевтің орталығына киіз үй тігіліп, тағы бір "Мызғымастық пункті" жұмысын бастамақ. Бірінші киіз үй Буча қаласында тігілген еді. Бұл Ресейдің шамына тиіп, Мәскеу Астанадан Украинадағы киіз үйге қатысы жоғын ресми мәлімдеуді талап еткен. Украинадағы қазақтар Қазақстан билігінің Ресей ультиматумына реакциясын сынап, украин халқына көмектесуден бас тартпайтындарын айтады.

КИЕВТЕГІ КИІЗ ҮЙ

Украина астанасының орталығына 16 қанатты киіз үй тігілді. Бұл жерде "Мызғымастық пункті" жұмыс істейді. Кейінгі кездері Ресей агрессиясына қарсы күресіп жатқан Украинада осындай көмек орындары ашыла бастаған. Қалада жарық сөніп қалғанда тұрғындар киіз үйге келіп, жылынып, автономды құрылғы арқылы телефонын қуаттап алса болады. Ресей энергетикалық инфрақұрылымдарды зымыранмен атқылай бастағалы, Украинада жарықтың жиі өшуі қалыпты жағдайға айналған.

Киевте киіз үйді 20 шақты адам құрған. Украинада тұратын қазақ Марат Дәрменов соғыс басталғалы ерікті болып жүр. Ол Киев халқы киіз үйге айрықша қызығушылық танытып отырғанын айтады.

—Елестете алмайсыз! Кесенеге келгендей, киіз үйді көру үшін кезекке тұрады. Кейбір адамдар келіп, Қазақстанда туғанын айтады. Киіз үйдің жанынан өтіп бара жатқандар "Қазақ үй ғой! Сіздерге көмектессек бола ма?" деп сұрайды, — дейді Марат.

Киевте тігіліп жатқан киіз үй. 12 қаңтар 2022 жыл.
Киевте тігіліп жатқан киіз үй. 12 қаңтар 2022 жыл.

Жоғарғы Рада депутаты, Украина-Қазақстан парламентаралық тобының басшысы Сергей Нагорняктың сөзінше, киіз үй тігетін орын арнайы таңдалған. Қазақ үй Шевченко саябағына тігілген. 19 ғасырдағы белгілі украин ақының тағдыры Қазақстанмен тығыз байланысты. Ол патша жарлығымен жер аударылып, он жылға жуық қазақ жерінде тұрған. Тарас Шевченко қазақтар мен украиндардың күрделі тағдырынан көп ұқсастық тапқан.

— Символикалық мәніне назар аударып, осы жерді таңдадық. Өйткені Тарас Шевченконың есімі Қазақстанмен тығыз байланысты. Ол ұзақ жыл қазақ жерінде тұрып, көп еңбек жазды. Саябаққа Қазақстаннан әкелінген ағаш егілген. Бұл Тарас Шевченконың Қазақстанда отырғызған ағашы екен. Біз содан бір шыбық сындырып әкеліп, осы жерге ектік, — дейді Сергей Нагорняк.

Бұл – Украинадағы екінші "Мызғымастық киіз үйі". Сегіз қанатты бірінші қазақ үй өткен аптада Бучада тігілген. Киев облысындағы Буча қаласы былтыр көктемде Ресей оккупациясынан қатты зардап шекті. Ресей әскерінен азат етілгеннен кейін Буча көшелерінен қолы артына байланып, атылған бейбіт тұрғындардың сүйегі табылған. Олардың жан түршіктіретін суреті бүкіл әлемге тарады. Халықаралық қауымдастық бұл суреттерді Ресейдің әскери қылмыс жасағанын дәлелдейтін бұлтартпас айғақ деп атады. Қала тұрғындары Ресей әскерінің бейбіт халықты ұрлап, өлтіріп, үйлерін тонағанын айтады. Мәскеу бұл айғақтардың бәрін жоққа шығарды.

МӘСКЕУДІҢ АШУЫ, АСТАНАНЫҢ ЖАУАБЫ

Бучада "Мызғымастық пункті" ашылған соң Украинаның ақпарат құралдары бұл бастамаға Қазақстан елшілігі қолдау көрсеткенін жазды. Буча әкімінің орынбасары Тарас Шаправский Facebook парақшасында қазақ дипломаттарына алғыс білдірді. Әлеуметтік желіде қазақ диаспорасы өкілдерінің Буча тұрғындарына палау мен бауырсақ таратып жатқан, украиндардың киіз үйді аралап жүрген суреттері тарады.

Бұл Мәскеудің шамына тиді. Ресей сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Ресей Бучадағы киіз үй туралы жазбаларды "Қазақстан өкілдерінің назарына ұсынғанын" айтты.

"Желіде тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды, Қазақстан билігінің бұған еш қатысы жоқ" деген хабар алдық. Жақын серіктесімізге сенбеуге еш негіз жоқ. Бірақ киіз үй тақырыбы ары қарай тарап, Қазақстан-Ресей қарым-қатынасына нұқсан келмеуі үшін достарымыздың ресми пікір білдіріп, бұл сыбыстарға нүкте қойғанын қалаймыз" деді Захарова.

Ертеңіне Захарованың қазақстандық әріптесі Айбек Смадияров "Қазақстан елшілігінің Украинада киіз үй орнатуға еш қатысы жоқ" деп мәлімдеді.

— Бұл – жекеменшік қазақстандық компаниялардың бастамасы. Оларға тыйым сала алмаймыз. Киіз үйді өздері жеткізіп, құрды. Өз қалтасынан көмектесіп жатыр. Бұдан мәселе көріп отырған жоқпыз. Киіз үй — көшпенділер үйі, жеңіл жиналады, экологиялық таза бұйым. Бұл украин халқына көмектескісі келген кәсіпкерлердің бастамасы. Оған қатысты жеке пікір берудің қажеті жоқ деп ойлаймыз. Өйткені киіз үйдің құрылуын мәселе көріп отырған жоқпыз. Керісінше, киіз үйіміз барын мақтан тұтамыз, — деді Смадияров.

Ерікті Марат Дәрменов Астананың реакциясына көңілі толмағанын айтады.

— Көңілім қалды. Бір жағынан Қытай, екінші жағынан Ресей тұрғанын түсінемін. Қарапайым халық көмектесіп жатыр, ал саясаткерлер сөз айтуға жарамады, — дейді Марат Дәрменов.

Ерікті Бучада өздеріне дипломаттар көмектескенін, бірақ олардың миссия өкілдері ретінде емес, украин халқына жанашыр азаматтар есебінде келгенін айтады.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ КӨМЕГІ

Украинада тігілген киіз үйлер Алматы облысынан жеткізілген. Жобаға қазақстандық меценат, Kusto Group ауыл шаруашылық холдингінің негізін қалаушылардың бірі Дәулет Нұржанов қолдау көрсеткен. Кәсіпкердің Украинада да компаниясы бар. Марат Дәрменовтің сөзінше, алты киіз үйдің бөлшегі бір жүк көлігіне сыйып кеткен.

Нұржанов Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Forbes журналына берген сұхбатында Украина халқына қолдау білдірген.

Еріктілер Украинаға жеткізілген киіз үйді түсіріп жатыр. Марат Дәрменовтің суреті.
Еріктілер Украинаға жеткізілген киіз үйді түсіріп жатыр. Марат Дәрменовтің суреті.

"Украинада компаниямызға үнемі жақсы қарайтын. Сондықтан ол жақтағы кәсібіміз дамып, нығайып келеді. Ресей агрессиясының салдарынан қаза тапқан адамдарды ойласақ, қабырғамыз қайысады. Басқалар үшін шешім қабылдап, соғыс бастауға ешкімнің құқығы жоқ. Украин халқы өз мәдениеті, азаматтық құндылықтары, отанына деген сүйіспеншілігін сақтап, еркін елде тұрғысы келеді" дейді Дәулет Нұржанов.

Нұржанов серіктестерімен бірге "Позитив-Үмiт" қайырымдылық қоры арқылы Украинаға гуманитарлық көмек штабын құрған.

Қазақстандықтар соғыстың алғашқы күнінен бастап Украинаға гуманитарлық көмектің бірнеше партиясын жіберген. Онда антибиотиктер, азық-түлік, жеке гигиена құралдары болған. Кей деректер бойынша, гуманитарлық көмектің жалпы көлемі 500 миллион теңгені құрайды. Қайырымдылық шаралар арқылы да біраз қаржы жиналған. Көмек әлі де жалғасып жатыр. Жақында Қазақстандағы кәсіпкерлер Украинаның медициналық мекемелеріне 41 электрогенератор алып берді. Депутат Сергей Нагорняктың сөзінше, генераторлар ауруханаларға жеткізілген.

Астана былтыр наурызда Киевке гуманитарлық көмек жіберген. Депутат Нагорняктың айтуынша, Қазақстан билігі одан кейін көмек бермеген.

— Соғыс жаңа басталған кезде Астанадан көмек келді. Наурыздың басында бірнеше ұшақпен азық-түлік, дәрі-дәрмек жіберілді. Өкінішке қарай, одан кейін ештеңе естімедік. Бір жағынан, Қазақстан кәсіпкерлерінің және бүкіл әлемнің көмегінің арқасында амалдап жатырмыз. Қазақстан азаматтары көп қолдау көрсетіп жатыр, билігі де батылырақ болғанын қалар едік, — деді Сергей Нагорняк.

МӘСКЕУГЕ ЖАЛТАҚТАУ

Қазақстан одақтасы Ресейдің көрші мемлекет территориясына басып кіргенін сынаған жоқ. Бірақ Астана Украинаның территориялық тұтастығын құрметтейтінін мәлімдеді. Билік Ресейге экономикалық тәуелділігін ескеріп, (Қазақстанның мұнай тасымалдайтын құбыры Ресей арқылы өтеді. Сырттан импортталатын азық-түліктің 40 пайызы Ресейден келеді. Қазақстан Армения, Беларусь, Қырғызстанмен бірге Ресей басқаратын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше) Мәскеудің шамына тимеуге тырысады.

2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей тартып алған Қырымға қатысты қолданылатын "аннексия" сөзін "тым ауыр" деп бағалаған. 2022 жылы Тоқаев Петербургте өткен экономикалық форумда Ресей президенті Владимир Путиннің көзінше "Астана ДХР, ЛХР құрылымдарының тәуелсіздігін мойындамайды" деген. Қазақстан былтыр Украинаның оккупацияланған территорияларында өткен псевдореферендумдарды да мойындаған жоқ. Ресей аталған референдумдардан кейін Украинаның төрт өңірін өзіне қосып алды.

Қарашада БҰҰ-да "Ресей Украинаға репарация төлеуі керек" деген резолюцияға дауыс беру кезінде Қазақстан қалыс қалды. Бірақ желтоқсанда Ресейден Уркаинаға қарсы агрессиясын тоқтатып, әскерін алып кетуді талап еткен резолюцияға қарсы дауыс берді.

Желтоқсанда Азаттыққа сұхбат берген Солтүстік Кипрдегі Таяу Шығыс университеті саясаттану кафедрасының доценті Әсел Тутумлу Қазақстанның сыртқы саяси векторын былай сипаттады:

— Қазір Қазақстанға Путин режимінің ықпалы өте күшті. Қазақстан бұл режимге саяси және экономикалық тұрғыдан тәуелді. Себебі Қазақстан Ресейсіз газды сұйылта да алмайды және табиғи ресурстарды тасымалдау да Ресей арқылы өтеді. Ресейге тәуелділіктен толық құтылмай бізге басқа қадам жасауға мүмкіндік жоқ. Бұған қоса, Мәскеудегі "үлкен патша" не айтады деп жалтақтап отырамыз. Сондықтан Қазақстанның бұлай дауыс беруіне қарап, Астана Мәскеудің қандай да бір қадамынан, бопсасынан қорқады деп топшылауға болады.

Марат Дәрменов Бучада палау пісіріп жатыр. 6 қаңтар 2023 жыл.
Марат Дәрменов Бучада палау пісіріп жатыр. 6 қаңтар 2023 жыл.

Қазақстан Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектесуден ашық түрде бас тартты. Бірақ Беларусь журналистері мен Еурокомиссия мүшелері Қазақстан батыс санкцияларының астында қалған Ресей мен Беларуське көмектесіп жатыр дейді. Зерттеушілер Беларусьтен келген ағаш қазақстандық және қырғызстандық жалған құжаттар арқылы Еуропаға сатылып жатқанын айтады. Сарапшылар кейінгі кезде Қазақстаннан тұрмыстық техника импорты артқанын байқаған.

Қазақстан билігі ел ішінде Украина тақырыбын көтеруге сақтықпен қарайды. Әкімдіктің рұсқатымен өткен соғысқа қарсы жалғыз митинг наурызда Алматыда болды. Оған мыңдаған адам қатысып, көбі Путинге қарсы плакаттар мен Украина туын ұстап келді. Одан кейін осы тақырыпта митинг өткізуге берілген өтініштердің бір де бірі қанағаттандырылған жоқ.

Киевтегі "Мызғымастық киіз үйі" 14 қаңтар, сенбі жұртқа есігін айқара ашпақ. Депутат Нагорняктың айтуынша, киіз үйдің ашылуына келгендер палау мен бауырсақ жеп, қазақтардың қонақжайлығына куә болады. Қалған төрт киіз үй Украинаның басқа қалаларына тігіледі.

— Харьков, Одесса, Тернополь да қызығушылық танытып, бізге де осындай киіз үй тігіп беріңіздерші деп жатыр, — дейді Марат Дәрменов.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG