Accessibility links

Атырауда прокурор Қаңтарға байланысты айыпталған 27 адамның басым бөлігін бас бостандығынан айыруды сұрады


Атырау соты Қаңтар оқиғасы бойынша айып тағылған 27 адамның ісін қарап жатыр. 4 қаңтар 2023 жыл
Атырау соты Қаңтар оқиғасы бойынша айып тағылған 27 адамның ісін қарап жатыр. 4 қаңтар 2023 жыл

Бүгін, 13 қаңтарда Атыраудағы сотта Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталған 27 адам "кінәні мойындау туралы прокурормен процессуалдық келісім" жасасты. Процессуалдық келісім аясында прокурор Дәулет Аймағамбетов сотталушыларға "жеңілдетілген жаза" сұрады.

Прокурор айыбы ауыр қылмыс санатынан ауыр қылмыс санатына түскен айыпталушылар Ренат Абишев пен Оралбек Айсинді бір жарым жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Абишевке "жаппай тәртіпсіздікке қатысты", "билік өкіліне күш қолданды, қаруды жымқырды не қорқытып алды" деген айыптар; ал Айсинге "жаппай тәртіпсіздікке қатысты, билік өкіліне денсаулығына қауіпті күш қолданды" деген айыптары тағылған.

Прокурор "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" және "билік өкіліне күш қолданды" деп айыпталған 22 адамға 9 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалса деді. Ал Әлібек Сарманов пен Ғалымжан Дәулетовті рақымшылық заңымен жазадан босатуды, Азамат Ибраемовтің бас бостандығын үш жылға шектеуді сұрады.

Ибраемовқа "жаппай тәртіпсіздікке қатысу", "билік өкіліне күш қолдану" айыптары, Дәулетовке "билік өкіліне күш қолдану", Сармановқа "жаппай тәртіпсіздікке қатысу" айыптары тағылған.

Судья Зарема Хамидуллина Азамат Ибраемовқа бұрын сотталғанына байланысты рақымшылыққа ілінбейтінін айтты. Судья оған 2017 жылы жасаған қылмысы үшін сотталғанын, жаза мерзімі 2023 жылдың желтоқсанында бітетінін еске салды.

Сот Хамидуллина қылмысы қайталанған адамға шартты жаза қолданылмайтынын, прокурор жеңіл жаза ұсынып отырғанын алға тартты.

Сотталушылар прокурор сұраған жазамен "толық келісеміз" деп жауап берді. Бұған дейін жәбірленуші деп танылған полицейлер сотталушыларға кешірім бергенін, олармен татуласқанын айтқан. Келесі сот отырысында айыпталушыларға үкім оқылады. Үкім оқылатын күн алда хабарланады.

Былтыр қаңтардың басында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған наразылық елдің өзге өңірлеріне тез тарап, кейін бұл оқиға бірнеше қалада қантөгіске ұласқан. Атырауда да жұрт алдымен Исатай мен Махамбет алаңына жиналып, кейін әкімдікке қарай беттеген. Әкімдік алдында полиция мен наразылар арасында қақтығыс болған. Қақтығыс кезінде Атырау тұрғыны Алмаз Берекеновтің басына оқ тиіп қаза болған.

Ал 27 адамның соты бірнеше ай бұрын басталып, басында олардың біразына аса ауыр қылмыс жасады деген айыптар тағылған. Бұл іс бойынша 115 жәбірленуші бар. Сот отырысының бірінде жәбірленуші ретінде танылған полицейлер "оқиға кезінде қатты зардап шекпегендерін" айтқан соң айыпталушыларға тағылған кейбір айыптар жеңілдеген. Өткен аптада айыпталушылар "айыптарын мойындап", прокурормен процессуалдық келісім жасасуға "келіскені" белгілі болды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG