Accessibility links

"АрселорМиттал Теміртауда" газ құбыры опырылып түсті


Қарағанды облысында "АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) кәсіпорнында газ құбыры опырылып түсті, зардап шеккендер жоқ. Бұл жөнінде АМТ баспасөз қызметі хабарлады.

"18 қаңтарда таңғы сағат 6:10-да тікелей коксты газ құбыры опырылып түсті" деп жазылған компанияның ресми сайтында. 20 метр аумақ зақым көрген. Оқиға себептері анықталып жатыр, деді компания өкілдері.

Осыған ұқсас жағдай 13 қаңтарда да АМТ-ға қарасты жылу электр орталығында болғаны хабарланған еді. Оқиғадан ешкім зардап шекпеген.

АрселорМиттал Теміртау компаниясы Қарағанды облысындағы бірнеше шахта мен комбинатқа ие. Компания иесі – миллиардер Лакшми Миттал. Кейінгі кезде "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорындарында адам өлімі жиіледі.

Жуырда 5 қаңтарда "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорны аумағында бір жұмысшыны тоқ соғып, қаза болды. Полиция АМТ-ға еншілес ұйым жұмысшысының өліміне қатысты "еңбекті қорғау ережесін бұзу" (156-бап, 3-бөлігі) бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Былтыр қараша басында компанияның Шахтинск қаласында орналасқан Ленин атындағы шахтасында метан газы тарап, жарылысқа себеп болды. Апаттан бес адам қаза тауып, төрт кісі ауруханаға түсті: олар газдан уланған, басы мен денесі жарақаттанған. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, шахтаның жұмысы бір күнге тоқтатылды. 8 желтоқсанда АМТ кәсіпорнында тағы бір жұмысшының қаза болғаны хабарланды. Желтоқсан ортасында бас прокуратураның АМТ қызметін тексеріп жатқаны белгілі болды.

XS
SM
MD
LG