Accessibility links

Тоқаев кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауын 19 наурызға белгіледі


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихатты таратып, кезектен тыс сайлауын 19 наурызға белгіледі.

Бейсенбі күні Ақорда сайтында барлық деңгейдегі мәслихат өкілетін тоқтату және мәжілісті тарату мен кезектен тыс мәжіліс сайлауын тағайындау туралы жарлықтар жарияланды.

Ақордада жарияланған хабарламада Тоқаев мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім арқылы, ал қалған 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланатынын еске салған.

"Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары да аралас жүйе бойынша сайланады. Депутаттардың 50 пайызы бір мандаттық жүйе арқылы, 50 пайызы партиялық тізім бойынша өтеді. Ал аудан және облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат сайлауында азаматтар бір мандатты округтерден шыққан кандидаттарға дауыс береді. Осылайша, мәжіліс пен мәслихаттар жаңа үлгі бойынша жасақталады" деді Тоқаев.

Ол сонымен бірге партияны тіркеуге қажет адамдар саны 20 мыңнан 5 мыңға дейін азайтылғанын және өзге де "шарттар жеңілдетілгенін" атап өтіп, елде "алғаш рет көп уақыттан бері бірнеше жаңа саяси партия" тіркелді деді.

Тоқаев сайлау бюллетеніне "бәріне қарсымын" графасы енгізілгенін, партиялардың мәжіліске өтуіне қажет меженің 7-ден 5 пайызға төмендетілгенін алға тартып, соңғысын "демократияландыру жолындағы айрықша мәні бар қадам" деп атады.

Ол сайлаудың заңға сәйкес өтуі қатаң қадағаланады, бұған ОСК мен бас прокуратура жауапты деді. Сайлауды жергілікті және халықаралық бақылаушылар бақылайды деді.

Бұған дейін қаржы министрлігі мәжіліс пен мәслихат сайлауына 33,4 млрд теңге қаржы бөлінетіндігін хабарлаған. Ведомство аралас сайлау жүйесінің ерекшеліктері ескерілгенін атап өткен.

Сайлау туралы заңға сәйкес, елде кезектен тыс парламент сайлауын президент тағайындайды. Парламент немесе мәжіліс өкілетін тоқтату туралы шешімді де президент қабылдайды. Сайлау мәжіліс немесе парламент өкілеті тоқтатылған мезгілден есептегенде екі ай ішінде өтуі тиіс.

Сарапшылар билік "саяси партияларды тіркеуді жеңілдетіп, мәжіліске өту шегін қысқарттық" деп мәлімдегенмен оның бәрі "косметикалық сылап-сипау ғана", шынайы реформа жүргізілген жоқ деп санайды. Былтыр Тоқаевтың сайлау туралы айтқан қыркүйектегі жолдауынан бері елде ресми түрде екі партия ("Байтақ" пен Respublica) ғана тіркелді. Сарапшылар екеуінің де "билікке адалдығын" айтқан.

Билікті сынайтын және саяси-экономикалық реформаларды талап еткен топтар Қазақстан демократиялық партиясы, "Алға, Қазақстан", Халыққа адал қызмет, "Біздің құқығымыз", "Еркін халық", "Халық таңдауы", "Ел тірегі" партияларын құратынын мәлімдеген. Алайда олардың ешқайсысы әзірге тіркеле алмады.

Қазір Қазақстанда тіркелген жеті партия бар: «Аманат», «Ақ жол», Қазақстан халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, «Ауыл», «Байтақ» және «Respublica» . Былтыр наурызда атауын "Аманат" қылып өзгерткен "Нұр Отан" өзіне "Адал" партиясын қосып алған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG