Accessibility links

Дәрігерлер Назарбаевтың "операциядан кейінгі" жағдайы туралы айтты


Юрий Пя экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жасалған операция туралы сұрақтарға жауап беріп тұр. Астана, 20 қаңтар 2023
Юрий Пя экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа жасалған операция туралы сұрақтарға жауап беріп тұр. Астана, 20 қаңтар 2023

"Бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевқа операция жасалған жоқ, экс-президент жоспарлы процедурадан өтті". 20 қаңтарда журналистердің сұрақтарына жауап берген ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының хирургия бойынша директоры Юрий Пя осылай деп мәлімдеді.

"Бұл процедура былтыр жоспарланған еді. Біз оның қолы тимегендіктен оны қазір жасауды жөн көрдік" деді Юрий Пя.

Дәрігер медицинаға қатысы жоқ адамдар "қателесіп", процедураны "операция" деп атап жібергенін айтты.

"Бұл операция емес, процедура болатын. Ем-диагностика процедурасы. Кеуде қуысы, құрсақ қуысы ашылса, онда операция деп есептеледі. Ал енді дененің неғұрлым кішкентай жері арқылы жасалса, бұл - операция санатына жатпайды, бұл гравитациялық әрекет" деді Юрий Пя.

Оның айтуынша, қазір экс-президенттің жағдайы қалыпты. Жүрегі жақсы жұмыс істеп тұр.

"Ол тіпті ғарышқа да ұша алады" деді Юрий Пя. Жақын арада ауруханадан шығуға тиіс.

Ақпаратқа қарағанда, операция 2,5 сағатқа созылған. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін жасалған.

20 қаңтарда экс-президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаев жүрегіне операция жасатқанын мәлімдеген. Оның алдында "Хабар" агенттігінің бұрынғы басшысы Александр Аксютиц Facebook парақшасында Назарбаевтың Астанадағы ауруханалардың біріне жатқызылғанын, дәрігерлер экс-президенттің жүрегін тексеріп жатқанын хабарлаған.

Азаттық жұма күні ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығына хабарласқан кезде олар "науқастар туралы ақпарат құпия екенін" айтып, жауап беруден бас тартқан.

  • 82 жастағы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды 1991-2019 жылдары басқарған. Оның алдында Қазақ ССР Жоғарғы кеңесіне төрағалық еткен. Сарапшылар 2019 жылы отставкаға кетсе де, биліктен толық кетпеген Назарбаевтың ықпалы Қаңтар оқиғасынан кейін әлсірей бастағанын айтқан. Кемінде 238 адамның өмірін қиған қанды оқиғадан соң Назарбаевтың айналасындағы бірқатар лауазымды иелер қызметтерінен кетіп, кейбірі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Экс-президенттің кейбір туыстары да сотқа тартылды.
  • Назарбаев Қаңтар оқиғасынан бері жұрт алдына сирек шыға бастады. Соңғы рет президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың инаугурациясы кезінде жұрт алдына шыққан.
  • Былтыр елде тұңғыш президентке қатысты нормалар Конституциядан алынып, жуырда "Тұңғыш президент - Елбасы туралы" заңының күші жойылды. Дегенмен сарапшылар аталған заңның күші жойылса да, бұл Нұрсұлтан Назарбаевқа берілетін жеке артықшылықтар мен оның қолсұқпаушылық статусына аса әсер етпейді деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG