Accessibility links

Ресей Қазақстанның федерация болғанын қалай ма? Мәскеу "газ одағын" не үшін ұсынды?


Ресей президенті Владимир Путиннің картаға қарап отырған кезі. Көрнекі сурет.
Ресей президенті Владимир Путиннің картаға қарап отырған кезі. Көрнекі сурет.

Батыс басылымдары бұл аптада "Батыс Қазақстанға әлдеқашан көз тігіп қойған" Ресей қандай әрекетке баруы мүмкін деген сұраққа жауап іздеді. Сонымен қатар Мәскеу Қазақстан және Өзбекстанмен газ одағын құру арқылы Батыс санкцияларын айналып өтуді көздей ме дегенді талдады. Одан бөлек Қаңтар оқиғасынан бері бір жыл өтсе де көп сұрақ жауапсыз қалып, азаптау істерін тергеу тоқтатылғанын жазды.

"БАТЫС ҚАЗАҚСТАНҒА ӘЛДЕҚАШАН КӨЗ ТІГІП ҚОЙҒАН БА?". РЕСЕЙ ҚАНДАЙ ӘРЕКЕТКЕ БАРУЫ МҮМКІН?

"Ресей Батыс Қазақстанға әлдеқашан көз тігіп қойған", алайда дәл қазір "Мәскеу ашық басқыншылыққа бармайды". Саясаттанушы Ақас Тәжуітов Eurasia review басылымындағы мақалада осындай ой айтады.

Өткен аптада Азаттық Ақас Тәжуітовтің "Украина жеріндегі Ресей мен Батыс текетіресінде Батыс Қазақстан Батыстың осал жеріне айналуы мүмкін" деген мақаласын Батыс басылымдарына жасайтын шолуға қосып, "Ресей Батыс Қазақстанға көз тігуі мүмкін бе?" деген тақырып қойған. Автор осы аптада шыққан мақалада мұндай сұрақ қою шынайы ахуалды көрсетпейді деп жазады. "Өйткені Ресей Батыс Қазақстанға әлдеқашан көз тігіп қойған".

Тәжуітовтің жазуынша, Батыстың ірі энергетика корпорациялары Қазақстанның ірі мұнай кен орындары – Теңіз, Қарашығанақ пен Қашағанды барлай бастағалы Мәскеу бұл өңірге бұрын өзіне тиесілі болған аймақты бақылауға алу үшін оңтайлы сәтті күтіп отырған бұрынғы қожайынның көзімен қарай бастады. Енді әліптің артын баққан жылдар артта қалып, шындық ашылатын сәт жақындағандай. Бірақ автордың жазуынша, Ресейдің Қазақстанға басып кіруіне қазіргі жағдай қолайлы емес.

Батыс Қазақстан − Қазақстанның Ресей орталығына ең жақын аймағы. Әрі Ресейді Орталық Азиядағы өзге төрт елмен жалғайтын ең қысқа жол. Сондықтан сарапшының пайымдауынша, Мәскеу айрықша маңызды Батыс Қазақстанға бақылау орнатса, Қазақстанның Батыс және Түркиямен қарым-қатынасына ерекше ықпал ете алады. Ең бастысы, Мәскеу мұндай жағдайда ірі мұнай кен орындарын барлап жатқан Батыс энергетика компанияларына және Батыстың саяси истеблишментіне жанама түрде ықпал ететін тетікке қол жеткізеді.

Тәжуітов жағдай қалыпты болса, Ресейде шешім қабылдайтын тұлғалар асықпас еді, бірақ қазір Мәскеу асығыс қимылдайтын жағдайға жетті деп есептейді. "Украинадағы соғыс, Түркияның Орталық Азия елдерін Ресей ықпалынан арылтып, Ресейді айналып өтетін Транскаспий көлік дәлізіне кіруге үгіттеуін және "Тұран әскерін" (Түркия жетекшілік ететін әскери одақ) құруға ұмтылысын ескерсек, Ресейдің келесі сыртқы іс-әрекеті Батыс Қазақстанға бағытталу ықтималдығы жоғары екенін түсіну қиын емес".

Алайда автор Ресей ашық басқыншылыққа бармайды, Мәскеудегі саясаткерлер Қазақстанға келгенде басқа жолды таңдаған тәрізді деп топшылайды.

Ресей билігі мен кремльшіл басылымдар Қазақстандағы қоғамдық-саяси ахуалды жіті бақылап, Батыс Қазақстан тұрғындарының наразылығына және әлеуметтік шиеленіс тудыруы мүмкін оқиғаларға ерекше көңіл көңіл бөледі. Автор бұл ретте Қаңтар оқиғасын Қазақстанға келіп зерттеген, оқиға жайлы жазған жергілікті тілшілермен тілдескен АҚШ журналисі Шерил Л. Ридтің Азаттыққа берген сұхбатындағы "Қаңтар оқиғасына түрткі болған мәселелер жойылған жоқ және өрт кез келген сәтте тұтануы мүмкін" деген пікіріне қайырылады.

Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан билігі ҰҚШҰ көмек сұрап, елге ұйымның 2 мыңнан астам жауынгері келді. Арасында Ресей әскері де бар. Алматы, 8 қаңтар 2022 жыл.
Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан билігі ҰҚШҰ көмек сұрап, елге ұйымның 2 мыңнан астам жауынгері келді. Арасында Ресей әскері де бар. Алматы, 8 қаңтар 2022 жыл.

Қазақстанды бақылаушы Ресейдегі сарапшылар да елдегі саяси-экономикалық ахуал күрделі екенін көріп, біліп отыр. Сондықтан Ресейде бұл ахуалды Мәскеу пайдасына бұратын жоспарды жасап жатқандар бар. Автор осы жерде iarex.ru сайты авторының пікірін келтіреді. Онда Қазақстанға қойылуы тиіс басқа талаптармен қатар "Қазақстанда федерализация іске асып, орыс халқы тұратын облыстар автономия алуы керектігі" айтылады. Тәжуітов бұл жай лепірме сөз емес, Ресей сарапшылары мен медиа қауымдастығының Қазақстанға қарым-қатынасын көрсететін тұжырым дейді.

Тәжуітов Ресейдің медиа қауымдастық өкілдері мен сарапшылары Қазақстан дағдарыстан қашып құтыла алмайды, "одан құтқаратын жалғыз жол – федерализация" деген пікірді таңып жатқанына назар аударады. Оған дәлел ретінде сарапшы Иван Жуков пен публицист Дмитрий Холявченконың пікірлерін келтіреді.

Ал мұның артында кім тұр деген сұраққа келсек, автор Ресей тележурналисі Александр Невзоровтың "бірде-бір пропагандист президент әкімшілігінің бұйрығынсыз немесе мақұлдауынсыз мәлімдеме жасамайды. Сондықтан бұл бір сайқымазақтың қиялы емес, нақты жоспар" деген сөзін еске салады.

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНЫҢ ЖАУАПСЫЗ СҰРАҚТАРЫ

АҚШ-тың Associated Press ақпарат агенттігі ресми мәлімет бойынша кемі 238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасынан бір жыл өтсе де, көп сұрақ басы ашық күйінде қалғанын жазады.

Тоқаев парламенттің рөлін күшейтіп, президент өкілетін қысқартып, президенттікті жеті жылдық бір мерзіммен шектейтін өзгерістерді ілгерілетті. Реформалар 82 жастағы Назарбаевты ішкі және сыртқы саясаттағы өкілетінен айырды. Мақала авторы Джоанна Козловска құқық қорғаушылар мен сарапшылардың оқиғадан бері жүйе айтарлықтай өзгермеді деген пікірін келтіреді.

"Біз совет үлгісіндегі авторитарлы режимде өмір сүруді жалғастырып жатырмыз, ол Қаңтар оқиғасынан бері айтарлықтай өзгерген жоқ... Қаңтар оқиғасы азаптау, бейбіт тұрғындардың қазасы мен істі тергеудің жабылуы тәрізді жаңа проблемаларға ұласты", − дейді құқық қорғаушы Қазақстандағы халықаралық адам құқықтары жөніндегі бюроның директоры Евгений Жовтис.

Адвокат, "Азаптауға қарсы коалицияға" қатысушы құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль былтыр коалицияға азаптау жайлы 190 шағым түскенімен, шын мәнінде азаптау оқиғалары одан да көп болуы мүмкін дейді. Оның ұйымы көтерген 104 іс "дәлел жоқ" деген себеппен тоқтатылған.

Қарай отырыңыз: "Басымнан мыжып, тепкіледі". 50 жастағы азаматтың полицияда көрген азабы (21 қыркүйек 2022 жыл).

"Басымнан мыжып, тепкіледі". 50 жастағы азаматтың полицияда көрген азабы
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:08 0:00

Былтыр ақпанда президенттің баспасөз қызметі азаптау мен билік өкілетін асыра пайдалану бойынша 170 іс қозғалғанын мәлімдеді. Қазан айында бас прокурордың орынбасары Шындалиев азаптау бойынша полицияның 17 және күштік құрылымдардың 12 қызметкерінің үстінен іс қозғалғанын мәлімдеді.

Чернобильдің айтуынша, билік азаптау туралы шағымды тексеру үшін жеткілікті дәрежеде әрекет етпейді. Оның сөзіне қарағанда, күдіктілер тергеуде ешқандай заң бұзбағанын айтады, сөйтіп, тергеушілер олардың сөздерін тексеру мүмкін емес деген себеппен істі тоқтата салады.

БҰҰ азаптау істерін дәлелдеу мемлекеттің міндеті деп есептейді. "Қазақстанда халықаралық стандарттарға қайшы әрекетті көріп отырмыз. Жәбірленушіні айыптау мен азаптауды дәлелдеу жәбірленушілердің мойнына жүктелді", − дейді Чернобиль.

International Partnership for Human Rights ("Адам құқығы жөніндегі халықаралық әріптестік") ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Рэйчел Гасовски азаптау туралы шағымдар 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасынан кейін де түскеніне назар аударды. Бірақ БҰҰ-дың ұсыныстарына қарамастан, іс тергелмеді, жәбірленушілерге өтемақы төленбеді.

Жовтис Қаңтар оқиғасын халықаралық тергеу қажет деп есептейді, өйткені бейбіт адамдардың қазасын тергеу істері билік бейнебақылау камерасының жазбасы тәрізді маңызды дәлелдерді бермегендіктен тоқтатылған.

РЕСЕЙ ГАЗ ОДАҒЫН БАТЫС САНКЦИЯЛАРЫН АЙНАЛЫП ӨТУ ҮШІН ҰСЫНДЫ МА?

Астана мен Ташкентке газ одағын құруды ұсынған Ресей шын мәнінде қандай мақсат көздейді? Әзірбайжандағы Стратегиялық зерттеулер консалтинг компаниясының ғылыми қызметкері Нурай Алекберли АҚШ-тағы Jamestown қорының сайтында шыққан мақалада осы сұраққа жауап іздейді.

Сарапшы Мәскеу осы одақ арқылы өзінің энергетикалық секторын Батыс санкцияларынан құтқаруды көксейді деп есептейді. Мәскеу одақ туралы ұсыныс Ташкент пен Астананың алаңдаушылығын тудыратынын біледі, сол себепті газ одағының қажет екенін түсіндіре бастады. Ресей вице-премьері Александр Новак Ресей, Қазақстан мен Өзбекстанның Совет одағынан бері газ тасымалдаудың бірыңғай жүйесі бар, ал газ одағын құру қосымша нарыққа, мысалы, Қытайға экспорттауға жол ашады деді. Кейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Песков газ одағында саяси талаптар қойылмайтынын жеткізді.

Алекберли Қазақстан мен Өзбекстан бастапқыда газ одағы туралы ұсынысқа оң көзбен қарағанымен, кейін одаққа қарсы пікір білдіре бастады дейді. Бірақ екі елде де теріс реакция күшейгеніне қарамастан, Ресей ұсыныстан бас тартқан жоқ. Сол себепті Ресей ресми мәлімдемелерде Қазақстан мен Өзбекстанда ішкі тұтыну артып, экспорт міндеттемесі көбейген сайын, газға сұраныс өсе беретінін баса көрсетті.

Сарапшы газ одағын құру үшін газ тасымалдау инфрақұрылымын жаңартып, жаңа газ құбырларын салу керек деп есептейді. Одан бөлек Қазақстан мен Өзбекстанды жалғайтын бөлек газ тасымалдау жүйесін салу қажет. Орталық Азияға көбірек газ тасымалдау үшін Ресейдің ішкі инфрақұрылымын дамытуға шамамен 4,16 миллиард доллар кетеді. Бірақ Ресей Батыс санкцияларының салдарынан инфрақұрылым мен қаржы қиындықтарына тап болды. Қазір үш елдің де одаққа қажетті инфрақұрылым шығындарын өтеуге мүмкіндігі жоқ.

"Сайып келгенде, одақ идеясы әу бастан Ресейді Батыс санкцияларынан құтқару үшін ұсынылған тәрізді. Еуропа Ресей газына тәуелділіктен арылып жатыр, Мәскеу Қазақстан мен Өзбекстан аумағы арқылы Еуропаға өзінің газын тасымалдауды көздеуі мүмкін. Астана мен Ташкент бұған үзілді-кесілді қарсы. Осылайша Ресей ұсынған газ одағы арқылы нендей саяси мақсатты көздейтіні белгісіз болғандықтан, бұл одақ қандай экономикалық пайда әкелетінін де бағамдауға кедергі келтіреді".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG