Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласындағы Қарашығанақ кен орнында KKS-Sicim компаниясы жұмысшыларының 16 қаңтарда басталған ереуілі 20 қаңтар күні түстен кейін тоқтады. Бұл туралы “Азаттыққа” компанияның жұмысшылары хабарлады.
Жұмысшылар басшылықтан жалақыны 50 пайызға өсіруді сұраған. Бұл талап орындалмаған.
Аты-жөнін айтпаған жұмысшылардың бірі жұма күні кешке жұмысшылардың барлығы тарап кеткенін жеткізді. Күндіз өнеркәсіп базасының аумағында шамамен жүз адам болған. Таңертең олар Азаттыққа видео жіберген. Онда алдыңғы күнге қарағанда жұмысшылар қарасы азайғаны байқалады.
"Жалақыны өсірген жоқ. 1 ақпаннан бері қосылатын 20 пайыз бен 1 тамыздан бастап қосылатын 10 пайыз сол күйінше қалды. Қазір компания жұмысын тоқтатты. Бізді 23 қаңтарға дейін үйлерімізге жіберді. Барлығымыз ақысыз демалыс алып, үйлерімізге кетіп барамыз. Қаламыз ба, қалмаймыз ба, сол кезде белгілі болады. Қанша ереуілдегенмен ешкім талаптарымызға құлақ түрмеді" деді жұмысшы.
Тағы бір жұмысшы да 23 қаңтарға дейін барлығын үйлеріне жібергенін растады.
"Мой город" сайты жұма күні кешке ККS-Sicim жобасының менеджері Роза Кагироваға сүйене отырып, бес күндік ереуілден кейін шамамен 400 жұмысшының ақысыз демалысқа жіберілгенін жазды. 9 адам жұмыстан шығу туралы өтініш жазып, "өз еркімен" кеткен.
Бұдан бөлек, 20 қаңтар күні жұмысшылар сол күні шыққан компания басшысының бұйрығымен танысқан. Онда 1 ақпаннан бастап жұмысшылар жалақысының инфляция деңгейіне сәйкес, 20 пайызға индекстеу жүргізілетіні; технологиялық құбыр жөндеушілері (монтажник) мен болат және темір құрылысты жөндеушілердің тариф ақылары теңестірілетіні; ауысым күндерінде жұмысшыларға Ақсай-Орал-Ақсай бағытында жүретін автобус бекітілетіні; 1 тамыздан бастап жұмысшылар жалақысы 10 пайызға өсірілетіні; жыл қорытындысы бойынша құрылыс жұмыстары сәтті аяқталған жағдайда жұмысшыларға орташа жалақы көлемінде сыйақы төленетіні жазылған.
20 қаңтарда Facebook әлеуметтік желісінде компанияның жоба менеджері Роза Кагированың жалақы өсіру мәселесі туралы айтқан видеосы жарияланды. “Ақсайдағы жұмысшылардың жалақысын өсіруге облыс әкімі қарсы болған" деген ел аузында жүрген әңгімеге Роза Кагирова "Жалақы мәселесіне әкімнің еш қатысы жоқ. Біздің Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В. компаниясымен шартымыз бар, бюджетіміз бар. Өз шама-шарқымызша жалақыны өсіру, өсірмеу мәселесін өзіміз шешеміз" деп жауап берген.
Бұған дейін жұмысшылардың жалақыны өсіру туралы талабының орындалмағанына облыс әкімінің сөзі де әсер еткен болуы мүмкін деген пікір тарай бастаған. Кагированың мәлімдемесі сондай кезде жарияланды.
17 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиев Астанада үкімет отырысынан соң журналистерге "жұмысшылардың талабы орынсыз екенін айтқан. Әкім жұмысшылар жұмысқа шықпаса "шара қолданылады" деп те ескерткен.
Осыдан соң жұмысшылар 17 және 18 қаңтарда әлеуметтік желілер арқылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұрап, видеоүндеу жариялаған.
Видеоүндеуде олар қымбатшылық қысқан шақта жалақы жетпейтінін, зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеп жатқанын мәлімдеген.
Осы аптада Италиядан келген компанияның бас директоры Джузеппе Роделли ереуілдеткен жұмысшылармен кездесіп, жалақы тек ақпанда 20 пайыз көтерілетінін, кейін тамызда тағы 10 пайызға көтеруді қарастыратынын айтқан.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігі бұған дейін KKS-Sicim компаниясында үш мыңдай жұмысшы барын, солардың 500-ге жуығы ереуілдетіп тұрғанын хабарлаған.
KKS-Sicim – италиялық SICIM және қазақстандық "КазКомСервис" компанияларының бірлескен мекемесі. Karachaganak Petroleum Operating B.V. компаниясының мердігері KKS-Sicim компаниясы газ және мұнай магистралды құбыр желісін салумен айналысады.
ПІКІРЛЕР