23 қаңтарда ішкі істер министрлігі адвокат Сержан Пірәлиевті Жамбыл облысында әскерде көз жұмған атыраулық сарбаз Бекбол Мираштың өліміне қатысты істе "жалған ақпаратты жария етті" деп айыптады.
ІІМ "сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етуге жатпайды. Осыған байланысты адвокаттың қызметтік этика нормаларын бұзу фактісі бойынша материалдар қылмыстық қудалау органында белгіленген тәртіппен тіркеліп, әділет министрлігіне қызметтік тергеу жүргізу үшін жолданды" деп мәлімдеді.
19 жастағы Бекбол Мираштың өліміне күдікті Айбек Нұртаевтың адвокаты Сержан Пірәлиев 20 қаңтарда Алматыдағы Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі бюрода өткен баспасөз жиынында тергеу ісіне қатысты мәлімдеме жасаған.
Қорғаушы жиында "үш рет жүргізілген ДНҚ сараптамасы кезінде марқұм Бекбол Мираштың денесінен, киімінен екі және одан да көп ер адамның шәуқаты табылғанын" айтқан. Пірәлиев "ДНҚ сараптамасында қорғауындағы күдіктіден ештеңе анықталмағанын, сараптама қорытындысы тергеу ісіне тіркелгенін" де жеткізген.
Адвокат марқұм Мирашпен қызметтес болған барлық әскериді ДНҚ сараптамасын өткізуді талап етіп жазған өтінішін әскери тергеу басқармасы қанағаттандырмағанын да мәлімдеген еді.
Күдіктінің қорғаушысы Азаттыққа ІІМ "жалған ақпарат таратты", "этиканы бұзды" деген уәжімен келіспейтінін айтады.
"Іс бойынша ДНҚ сараптамасында шәуеті анықталған сарбаздардың аты-жөнін атаған жоқпын. Ішкі істер министрлігі Астанадағы адвокаттар алқасына қалалық әділет департаментінен менің қайда істейтінімді сұрап хабарласқанын естідім. Министрлік әрекетін маған жасалып отырған қысым деп есептеймін" дейді адвокат
Пірәлиев республикалық адвокаттар алқасының адвокаттар құқығын қорғау комиссиясына "өзіне қысым жасалып отырғанын және құқығы бұзылғанын" айтып, арыз жазған.
Адвокат 20 қаңтардағы баспасөз мәслихатында сарбаздың өліміне қатысты тергеуді тағы бір айға созуды, барлық сарбаздан жауап алуды талап еткен еді. Бұған қоса, ол 16 қаңтарда қорғауындағы Нұртаевтың ісінде айып қайта сараланғанын, оған қазір Қылмыстық кодекстің "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу", "Қызметін асыра пайдалану арқылы ауыр зардаптарға әкеп соғу" және "Ақшаны қорқытып алу" баптары бойынша айыптар тағылғанын мәлімдеген.
Қорғаушы 23 қаңтарда Тараздағы тергеу соты күдікті Нұртаевтың қамау мерзімін 24 ақпанға дейін созғанын хабарлады.
Пірәлиев сарбаз өліміне өзінің қорғауындағы Нұртаев емес, басқа әскерилер күдікті деп санайды.
Қорғаныс министрлігі және Мираш әскери борышын өтеген Жамбыл облысындағы Шөлдала шекара бекеті адвокаттың сөзіне қатысты ешқандай мәлімдеме жасамады.
Азаттық марқұм Мираштың жақындарына хабарласқанымен, олар "бұл мәселемен мазамалауды" сұрады.
Былтыр 19 тамызда Жамбыл облысындағы Шөлдала шекара бекетінде қатардағы жауынгер Бекбол Мираштың асылып тұрған денесі табылған. Қаралы хабарды ата-анасына жеткізген командирлер жігіт "жүретін қызымен ұрысып қалып", өзіне қол жұмсады дегенді айтқан. Биыл көктемде өз қалауымен әскерге аттанған жігіттің туыстары Бекбол әскердегі қысым мен әлімжеттік құрбаны болды деп санайды. Ішкі істер министрлігі жас сарбаздың қазасына байланысты Қылмыстық кодекстің "билік пен қызметтік өкілетін асыра пайдалану" бабы бойынша іс қозғап, Шөлдала бекетінің келісім шартпен жұмыс істеп жүрген сержанты Айбек Нұртаев қамауға алынған.
Былтыр 21 тамызда марқұм сарбаздың табытын әскери қызметкерлерді ауылға жеткізген кезде туыстары үйге Бекболдың ауылдағы жақын араласатын дос қызын шақырған. Ол Бекболмен ренжіспегенін айтып, әскерилердің нұсқасын жоққа шығарған еді. Бекболдан келген соңғы SMS-хабарламаларды жылап тұрып дауыстап оқып берген кезде, онда жігіт адамдардан қорқып қалғанын, "Әскерде мынандай қорлықпен өткенше өлгенім артық. Мен сені жақсы көремін, бұйыртса кездесерміз" деп жазған.
Адвокат Пірәлиевтің "сараптамадан екі және одан да көп ер адамның шәуқаты табылды" деген мәлімдемесі интернетте көп талқыланып, желі қолданушылары биліктен істі нақты тергеуді талап етіп жатыр.
Қазақстанда бейбіт күнде әскерде қаза тапқандар; мертігіп, ауру болғандар жиілеп барады. Сарапшылар мұны қысым мен әлімжеттіктен көріп, әскер мен оның басшыларының кінәсі деп санайды. Бірақ ресми органдар мұның артында жеке әлеуметтік себеп бар деген пікір білдірген.
ПІКІРЛЕР