Астанадағы тергеу изоляторында тұтқындарды азаптады деген күдікпен ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) екі қызметкері қамауға алынды. Азапталғандардың туыстары шағым түсірген деп хабарлады Информбюро сайты.
25 қаңтарда Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдіктілер – подполковник Еркін Аманов, майор Хамит Әбдіғали, ҰҚК шекара қызметінің қызметкері Қайрат Сартайды екі айға қамау туралы шешім шығарған. Өзге мәлімет тергеу құпиялығына байланысты айтылмайтыны хабарланды.
Бұған дейін Астанадағы тергеу изоляторында қамауда болған тұтқындардың туыстары ҰҚК қызметкерлерінің бір жыл бойы жақындарын азаптағанын айтқан.
"Біздің жақындарымыз Семейде алтын кенін жымқырды деген күдікпен 2021 жылы 10 наурызда қамалған. [Астанада ҰҚК] Тергеу изоляторында "арнайы жертөлелер" бар екен: жауап бермегендердің барлығын сол азаптау камерасына апарады. Оларды тоғыз ай бойы азаптап, бір-біріне қарсы куәлік айтқызған, сүйтіп істі ойдан құрастырған. Мұның барлығы Астанадағы тергеу изоляторында болған, ҰҚК оларды азаптаған, ІІМ оның ішінде, қылмыстық атқару жүйесі комитеті мен департаменті бәрін білгенімен, үнсіздік танытқан. Іс бойынша қадағалау органы – Өскемен прокуратурасы ештеңе білмегендей кейіп танытқан" деді ұсталғандардың бірінің туысы Құралай Өмірбаева.
Тұтқындардың туыстарының сөзіне қарағанда, олар жақындарының азапталғанын біле сала, 2022 жылы ақпанда барлық инстанцияға шағымдана бастаған.
2022 жылы 29 наурызда азаптау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алайда, туыстарының сөзіне қарағанда, сараптама мен куәгерлердің барына қарамастан, іс он ай жылжымай қойған.
"Оларға қандай айуандық жасаған? Ауыздарына суқайнатқыш салып, оны токқа қосқан. Резеңке таяқпен, жұдырықпен ұрған. Наурыз айында салқын су шашып, сол күйінде жалаң аяқ сыртқа шығарған. Олардың (ҰҚК қызметкерлерінің) тағы бір тәсілі бар: 20 сағат бойы қозғалыссыз тұруға мәжбүрлейді, біреу-міреу қит етсе, ұрып-соғады. Бірнеше тәулік ұйықтамағандар болды. Мұндай нәрсе құжаттарға қол қою алдында жасалады. Адамдар не нәрсеге қол қойып жатқанын да білмеген. Кейбірінің қабырғасы сынған, өкшесі шашылып кеткен. Бір адамның құлақ қалқаны жарылып, ота жасалған. Барлығынан жарық (грыжа) анықталған. Азаптау бойынша 46 адам жәбірленуші деп танылды, 32-сі – ұрлық бойынша күдікке ілінгендер" деді Құралай Өмірбаева.
Құралай Өмірбаеваның сөзіне қарағанда, 17 қаңтарда сағат 10.00-нан бастап 17.00-ге дейін жәбірленушілердің туыстары – шамамен 50 адам Астанадағы Бас прокуратура ғимараты алдына жиналған, бірақ оларға ешкім шықпаған.
Ал азаптау бойынша күдікке ілінген ҰҚК қызметкерлерінің адвокаттары мен өкілдері ақпарат шыққалы бері ешқандай хабарлама таратқан жоқ. Күдіктілердің айыптарға келіскені не келіспегені белгісіз. Азаттық тілшісі оларға хабарласа алмады.
Қазақстанда азаптауға қатысты істердің сотқа жететіні сирек. Құқық қорғаушылар жылдар бойы елде азаптау қылмысы жазаланбай келе жатқанын айтады.
Қазақстанда кемінде 238 адамның өмірін қиған (кемінде алтауы қамау орнындағы азаптаудан кейін мерт болған) Қаңтар оқиғасынан кейін азаптауға қатысты шағымдар күрт өскен. Оқиға кезінде және оқиғадан кейін бірнеше мың адам ұсталды, жүздеген адам азапталғанын мәлімдеді. Алайда азаптау істерінің басым бөлігі жабылған.