АҚШ "Вагнер" жекеменшік әскери компаниясын трансұлттық қылмыстық ұйым деп танып, оның Ресейдегі өкілдеріне санкция салды. Бұл жөнінде АҚШ қаржы министрлігі хабарлады.
Тізімде Ресей өнеркәсіп және сауда министрі Денис Мантуров, Татарстан басшысы Рустам Минниханов, кәсіпкер Сергей Адоньев бар.
АҚШ-тың жаңа санкциясы "Вагнер" компаниясы мен оның негізін қалаушы Евгений Пригожинге қатысы бар деп айтылатын алты жеке тұлға мен 12 компанияға да қатысты. Тізімге әуе шабуылынан қорғайтын жүйе өндіруші ресейлік "Алмаз-Антей" концерні мен Sewa Security Services компаниясы да енген. БАҚ-тың жазуынша, аталған компания "Вагнер" жекеменшік әскери тобының Орталық Африкадағы мүддесін қорғайды.
Сонымен бірге АҚШ мемлекеттік департаментінің жетекшісі Энтони Блинкен Вашингтон Ресейдің Украинаға жасалған шабуылдарға қатысы бар 531 әскери қызметкеріне виза бойынша шектеу енгізетінін айтты. Американың сыртқы саясатқа жауапты ведомствосы Ресейдің қылмыстық атқару қызметінің үш басшысына қатысты да шектеу қояды. Ақпаратқа қарағанда, олар "Вагнердің" Украинадағы соғысқа адамдарды тартуына көмектескен.
"Вагнер" мен Евгений Пригожин АҚШ пен Еуроодақтың санкция тізіміне бұған дейін енгізіліп қойылған.
АҚШ-тың "Вагнерді" халықаралық қылмыстық топ ретінде танып, санкция салуы туралы шешіміне байланысты реакция білдірген Пригожин "енді "Вагнер" мен америкалықтар – әріптестер" деді.
"Өзара қарым-қатынасымызды бұдан былай "қылмыстық топтардың өзара есеп айырысуы" деп атауға болады" деді Пригожин.
- "ЧВК Вагнер" ("Вагнер" жекеменшік әскери компаниясы) – Ресейдің бейресми әскери бөлімшесі. Бұл бөлім әскери құрылымдардың балансы мен заңды тұлғалардың реестрінде жоқ. Бірақ оның жауынгерлері Сирия, Африка елдері және Украинадағы соғыс әрекеттеріне қатысып жүр.
- Былтыр көктемде Ресей армиясы Украина аумағында бірнеше рет жеңіліске ұшыраған соң, "Вагнер" Ресей түрмелеріндегі тұтқындарды соғысқа тартып, Украинаға жібере бастаған. Соғысқа тартумен Владимир Путинге жақын кәсіпкер, "Вагнерді" құрушылардың бірі Евгений Пригожиннің өзі айналысқан. Ол елдегі ондаған түрмені аралап, тұтқындарды соғысқа үгіттеген. Пригожин "Вагнерді" құрғанын 2022 жылы қыркүйекте ғана мойындаған.
- Соғысқа баруға келіскен тұтқындар жарты жыл бойы әскери қимылдардың алдыңғы шебінде болуға тиіс. Оларға кері шегінуне, тұтқынға берілуге қатаң тыйым салынған. Жарты жылдан кейін аман қалған тұтқындарға рақымшылық уәде етілген. Оның заң жағынан қалай рәсімделетіні белгісіз.