Accessibility links

Тоқаев әкімшілігінің "мәскеушіл саясаты" және "санкция салынған тауарды Ресейге жеткізу"


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және Ресей басшысы Владимир Путин баспасөз жиынға келген сәті. Мәскеу, 3 сәуір, 2019 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) және Ресей басшысы Владимир Путин баспасөз жиынға келген сәті. Мәскеу, 3 сәуір, 2019 жыл.

Батыс басылымдары бұл аптада Тоқаев әкімшілігі Қаңтар оқиғасынан кейін Ресей мен орыс тіліне басымдық беретін саясат жүргізіп жатыр ма деген сұраққа үңілді. Оған қоса, санкция салынған тауарлар Қазақстаннан Ресейге қалай жеткізілетінін жазды. Одан бөлек, Ресейдің "Газпром" компаниясының Астана және Ташкентпен келісімі Мәскеудің энергетика саласындағы амбициясын жүзеге асыра ма деген сұраққа жауап іздеді.

ТОҚАЕВ ӘКІМШІЛІГІ ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНАН КЕЙІН РЕСЕЙГЕ БАСЫМДЫҚ БЕРЕ БАСТАДЫ МА?

Саясаттанушы Ақас Тәжуітов Eurasia review басылымындағы мақалада Қаңтар оқиғасынан кейін Тоқаев әкімшілігінің Ресей мен орыс тіліне басымдық беретін саясат жүргізе бастағандай әсер қалдыратынын жазады.

Қаңтар оқиғасынан алыстаған сайын "оның артында кім тұрды?" деген сұрақ қойыла бермек. Сарапшы Қаңтар оқиғасын шетелдік сарапшылар әрқилы түсіндіретініне тоқталды. Мысалы, түрік саясаттанушысы Мехмет Канжидің пайымдауынша, "толқу президент Тоқаев 2021 жылғы 29 желтоқсанда көрнекі ақпарат туралы заңға өзгерістер енгізетін заң жобасына қол қойған соң басталғаны президент әкімшілігінің күдігін тудырғандай". Тәжуітов түрік саясаттанушысы нені меңзегеніне үңіліп талдау керек дейді.

2021 жылғы тамыз бен желтоқсан аралығында Ресей Қазақстанға ақпарат құралдары арқылы қоқан-лоқы көрсетіп, ақпараттық шабуыл жасады.

Автор 2021 жылғы 9 желтоқсан күні Ukraina.ru сайтында "ұлтшылдармен ойын жүргізу қазақ билігінің күйреуіне соқтыруы мүмкін" деген мақаладағы Еуразия сараптама клубының басшысы Никита Мендковичтің мына сөзін келтіреді: "Егер заң жобасы (Құжаттың толық атауы: ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы - ред.) қабылданбаса, билік проблеманы түсініп, оны шешуге тырысып жатыр деген сөз... Ал егер үкімет неонацистер мен экстремистерді жақтай берсе, үкіметке қауіп туралы сөз қозғауға болады. Бұл Қазақстанның сыртқы және ішкі саясаттағы мәселесін Тоқаев немесе қазіргі элита емес, басқа біреу шешетін жағдайға себеп болуы мүмкін".

Тоқаев 2021 жылғы 29 желтоқсанда қол қойған көрнекі ақпаратқа қатысты заң хабарландыру, жарнама, прейскурант, меню, белгі және өзге де көрнекі ақпараттарды мемлекеттік тілде жазу мәселесін қарастырады. Жарнамалар қажет жағдайда өзге тілдерге, оның ішінде орыс тіліне аударылады.

2022 жылғы қаңтардың басында жаппай тәртіпіздікке ұласқан толқуды басу үшін Тоқаев Ресей бастаған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының бітімгершілік күштерін шақырды. Ал 20 қаңтарынан кейін ахуал тұрақталғанда "Тоқаев әкімшілігінің Ресейге, орыс тілі мәселесі мен орыс этносынан шыққан азаматтарға қатысты саясаты түбегейлі өзгеріп, оларға басымдық бергендей әсер қалдырды" дейді Тәжуітов. "Қазақстан халқының 70 пайызына жетеқабыл қазақ халқының мұң-мұқтажы, тілегі мен ана тілі дәл совет дәуіріндегідей екінші орынға ысырылғандай болды".

Автор бұған 2021 жылғы қыркүйекте халыққа жолдауында Тоқаев, негізінен, қазақ тілінде сөйлесе, Қаңтар оқиғасы кезінде алаңға көбіне қазақша сөйлейтін жастар шыққанына қарамастан, оқиғадан кейінгі бірінші телесұхбатын орыс тілінде бергенін дәлел ретінде келтіреді.

"Бұл үрдіс 2023 жылы да жалғасатын сияқты". Жақында Ресей журналисі Леонид Млечиннің "Қаңтар қасіреті. Президент Тоқаев және сабақ алу" ("Трагический январь. Президент Токаев и извлечение уроков") кітабы сатылымға шықты. Онда Млечин Тоқаевтың тыныштық сақтауға күш салғаны, сын сағатта елден қашпай, тәртіпсіздікті басуға басшылық еткені жазылған. Автор саясаттанушы Досым Сәтпаевтың қазақ үшін маңызды тақырып Кремль пулына кіретін Млечинге тапсырылды деген пікіріне тоқталады.

2021-2022 жылдары Ресей саясаткерлері, журналистер мен сарапшылар "Қазақстан үкіметінде ұлтшылдарға дем берушілер отыр" деген мәлімделер жасап, сол тұстағы білім және ғылым министрі Аймағамбетов пен ақпарат және қоғамдық даму министрі Омаровты "ұлтшыл көзқарасы" үшін айыптады. Автор "нәтижесінде көп ұзамай Омаров 2022 жылғы қыркүйекте, ал Аймағамбетов биыл қаңтарда қызметінен босатылды" дейді.

Ал Ресейдің Қазақстандағы елшісі Бородавкин Sputnik Қазақстан басылымына берген сұхбатында егер Қазақстан билігіне "ұлтшылдармен күресуге" көмек қажет болса, Ресей көмектеседі" деген. Тәжуітов Бородавкин бұл жерде Қазақстанда жүрген елші тәрізді емес, Ресейге қарасты ұлттық автономияның билігін бақылайтын Кремль өкілі сияқты сөйледі деп қайырады.

ГАЗ НАРЫҒЫН ІЗДЕГЕН МӘСКЕУ ЖӘНЕ "ГАЗПРОМНЫҢ" АСТАНА МЕН ТАШКЕНТ АРАСЫНДАҒЫ "ЖОЛ КАРТАСЫ"

Мәскеудің Қазақстан және Өзбекстанмен "газ одағын" құру идеясы қарсылыққа ұшыраса да, Ресей Орталық Азия арқылы газ тасымалдау бастамасынан бас тартқан жоқ. Eurasianet басылымы Еуропа Ресей газынан бас тартып жатқан шақта Мәскеу жаңа нарық іздеп, Орталық Азияда энергетика саласындағы амбициясын іске асыруға кіріскенін жазады.

Бастапқыда екі ел де Ресейдің газ одағы бастамасын салқын қабылдады. Қазақстан сыртқы министрінің орынбасары Роман Василенко ел "өз аумағын санкцияны айналып өту үшін пайдалануға жол бермейді" деген.

Ал Өзбекстанның энергетика министрі Жорабек Мырзамахмудов желтоқсан айында "егер өзге елден газ импорттасақ, тек коммерциялық негізде ынтымақтастық орнатамыз. Саяси шарттарды ешқашан газға айырбастамаймыз" деп кескен.

Қарай отырыңыз: Путиннің "газ одағы" пайда ма, қауіп пе? (30 қараша 2022 жыл).

Путиннің "газ одағы" пайда ма, қауіп пе?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:20 0:00

Мақала авторы Алматыда тұратын британ журналисі Джоанна Лиллис Қазақстан мен Өзбекстан үкіметтері жақында Ресейдің "Газпром" компаниясымен арадағы "жол картасына" қол қойғанына назар аударады. "Газпром" "жол картасын" екі елдің үкіметімен жеке-жеке жасасты, соған қарағанда, әзірше үш елдің газ одағы туралы сөз болып жатқан жоқ.

Алайда энергетика саласы туралы жазатын Neftegaz.ru сайты "үш елдің одағы туралы келіссөздер екіжақты форматта − "Газпром" мен үш ел үкіметтерінің жауапты министрліктері арасында жалғасты" деп хабарлады. Мақала авторы сайт осылайша Ресей өзінің жоспарын басқа жолмен және басқа атаумен іске асыруға кіріскенін меңзеді деп есептейді.

"Жол картасында" не жазылғаны белгісіз, бір анығы − екі құжатта да Ресейдің Қазақстан мен Өзбекстанға газ экспорттайтыны айтылады.

Қазақстан мен Өзбекстан Ресейден бұған дейін де газдың белгілі бір көлемін импорттап келген. Қазақстан Ресейге газ экспорттайды, Өзбекстан Ресейге газ жеткізбейді. Астана мен Ташкент бұған дейін газды Қытайға экспорттап келген, бірақ осы қыста ел ішіндегі газ қорын сақтау үшін экспортты тоқтатты. Қазақстан газ экспорттауды келер жылы, ал Өзбекстан 2025 жылы түгел тоқтатады.

"ПАРАЛЛЕЛЬ ИМПОРТ": САНКЦИЯ САЛЫНҒАН ТАУАР ҚАЗАҚСТАННАН РЕСЕЙГЕ ҚАЛАЙ ЖЕТКІЗІЛЕДІ?

Мәскеу Украинаға басып кірген соң, Батыс елдері Ресейге санкция салғанына қарамастан, ресейліктердің дені оның әсерін мүлде сезбеді. BBC Орыс қызметінің жазуынша, бұған себеп – көрші елдер, әсіресе Қазақстаннан келетін контрабанда мен "параллель импорт". BBC санкция салынған тауарлар: смартфоннан бастап автобөлшектерге дейінгі заттар Ресейге қалай жеткізілетінін Қазақстанға арнайы келіп зерттеген.

Былтыр наурыз айының аяғында Батыс компаниялары Ресейден жаппай кете бастаған соң, Ресей үкіметі "параллель импорт", яғни тауардың меншік иесінің рұқсатынсыз, үшінші елдерден iPhone, автокөлік, алкоголь, түрлі техника кіргізуге рұқсат етті. 2022 жыл аяқталмай тұрғанда Ресейге "паралель импорт" арқылы 20 миллиард долларға тең тауар әкелінді.

BBC Алматыдағы автобөлшек сататын базарларды аралап, Ресейге тыйым салынған тауарды жеткізетін кәсіпкерлерді табу оңай екенін анықтады. Сондай кәсіпкерлердің бірі − автобөлшек сататын базарда орны бар 30 жастағы Алдияр. Ол Біріккен Араб Әмірліктерінен Ресей нарығынан кетіп қалған бренд тауарларын сатып алып, Ресейдегі тапсырыс берушілерге жеткізеді. Wildberries-те дүкен немесе кішігірім сауда нүктелерін ұстайтын ресейліктер Алдиярды Telegram-дағы чаттар арқылы немесе базарға келіп табады. Ол BBC тілшісіне тауарды Ресейге контрабандамен жеткізетінін айтты.

Автобөлшек сататын Алматыдағы базарлардың бірі. Көрнекі сурет.
Автобөлшек сататын Алматыдағы базарлардың бірі. Көрнекі сурет.

Қазақстан мен Ресей Еуразия экономика одағына мүше болғандықтан, тауар жеткізу қиын емес. Еуразия экономика одағына кіретін кез келген мемлекетке үшінші елден әкелінетін тауар үшін баж салығы тек бір рет төленеді. Ары қарай тауар одақ ішіндегі өзге елдерге еш кедергісіз жеткізіледі.

Астанадағы "Есіл" электроника базарында сауда орны бар Темірлан Ресейге iPhone мен Apple-дің өзге де өнімдерін сатады. Ресейдегі саудагерлер тауарға онлайн тапсырыс беріп, ақшаны "Золотая корона" төлем жүйесі арқылы аударады. Тауар СДЭК жеткізу қызметімен Ресейге жеткізіледі. Темірлан осылайша Ресейге айына 300-400 телефон сатады. "Есіл" базарында Ресейге санкция салынған тауарды ондаған, Астанада жүздеген, Қазақстан бойынша мыңдаған, тіпті он мыңдаған сауда дүкендері сатады.

Қазақстан ресейліктер шетелдік көлік сатып алатын негізгі нарыққа айналды. Алматыдағы Car city автобазарында автобөлшектер сататын Дмитрийдің айтуынша, Ресей азаматтары Қытайда, Жапонияда, Германияда шыққан көліктерді сыпырып сатып алып кеткен.

Ресейліктер санкция салынған көліктерді делдал арқылы Дубайдан Қазақстанға алдырудың жолын тапты. Дубайдан көліктер пароммен Ирандағы порттардың біріне апарылады, содан кейін автотасығышпен Ирандағы Бендер-Энзели портына, ары қарай Каспий теңізімен Ақтауға жеткізіліп, кеденде рәсімделген соң, Ресейге жөнелтіледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG