Ресей әділет министрлігі 27 қаңтарда "шетел агенттерінің" тізімін толықтырды. Оған Қалмақияның бас ламасы Тэло Тулку Ринпоче (Эрдни-Басан Омбадыков) енгізілді. Ол бұған дейін Украинадағы соғысқа қарсы екенін мәлімдеген.
Тэло Тулку Ринпоче – 1990 жылдардан бері Қалмақияның бас ламасы. Ол тибеттік буддизм жетекшісі Далай-ламаның Моңғолия мен ТМД елдеріндегі ресми өкілі. Былтыр қазанда ол Украинадағы соғысты айыптап, украин жағының әрекетін қолдаған. Ол – Ресейде соғысты жұрт көзінше сынаған алғашқы діни тұлға.
"Шетел агенті" тізіміне сонымен бірге Littlе Big тобының әншісі Илья Прусикин, "Соғысқа қарсы феминистік қарсыласу" тобының белсендісі Дарья Серенко, Moscow Times тілшісі Фидель Агумава, татар құқық қорғаушысы Рафис Кашапов және "Цифрлық құқықты дамыту" қоры коммерциялық емес ұйымы және "Күш көрсетпеу философиясы" қоғамдық бірлестігі енгізілген.
Little Big тобы бұған дейін соғысқа қарсы шығып, соған арналған Generation Cancellation клипін шығарған.
Дарья Серенко әйелдер құқығын қорғауды талап етіп, оппозициялық саясаткер Алексей Навальный мен оның "Ақылмен дауыс беру" жүйесін қолдаған.
"Цифрлық құқықты дамыту қоры" интернет-цензурамен күреседі. Оның "Роскомсвобода" жобасы былтыр жыл соңында "шетел агенті" деп танылған.