Accessibility links

"Шетел агенті" деп танылған Қалмақияның бас ламасы қызметінен кетті


Тэло Тулку Ринпоче.
Тэло Тулку Ринпоче.

Қалмақияның бас ламасы, тибеттік Далай-ламаның Моңғолия мен ТМД елдеріндегі ресми өкілі Тэло Тулку Ринпоче (Эрдни-Басан Омбадыков) "шетел агенті" деп танылғаннан кейін қызметінен кетті. Бұл жөнінде республиканың орталық храмы ресми сайтында хабарлады.

Ресей әділет министрлігі Эрдни-Басан Омбадыковты "шетел агенті" тізіміне 27 қаңтарда енгізген. Ведомство қалмақ буддистері жетекшісі Ресейдің Украинаға басқыншылығына қарсы шыққанын алға тартып, оның АҚШ азаматтығы барын да еске салған.

Тэло Тулку Ринпоче – Ресейде соғысты жұрт көзінше сынаған алғашқы діни тұлға. Былтыр күзде ол украин жағының әрекетін қолдаған. Ол соғысты "үлкен қасірет" деп атап, оның керегі жоғын айтқан.

"Кейінгі екі күнде көп адам мені "шетел агенті" тізіміне енгізгеніне алаңдап, жанашырлық танытып жатыр. Жұмысымды жоғары бағалағаны үшін оларға алғыс айтамын. Қалмақия халқы мен буддизм ізбасарларына осындай қиын шақта ержүректік танытып, жанашырлық, махаббат пен ізгілік идеалдарына айнымастықты тілеймін. Будда ілімі де соған негізделген" деді өзінің қызметтен кеткені туралы жазған бас лама.

2022 жылы күзде Idel.Реалии Омбадыков Моңғолияға саяси себеппен қоныс аударды деп жазды. АҚШ-тың Пенсильвания штатында тұратын қалмақ эмигранттарының отбасында дүниеге келгендіктен, оның АҚШ азаматтығы да бар. Ол Ресейде қалып, өмірін қауіпке тіккісі келмегенін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG