Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Журналист Думан Мұхаммедкәрім мәжіліс депутаттығына үміткер болып тіркеле алмады

Журналист Думан Мұхаммедкәрім.
Журналист Думан Мұхаммедкәрім.

Алматы облысы Қаскелең қаласындағы №12 бірмандатты сайлау округі журналист, YouTube-тегі ND каналының авторы Думан Мұхаммедкәрімді заң талаптарына сай емес деп, мәжіліс сайлауына үміткер ретінде тіркемей қойды.

Комиссия журналист ел ішінде сегіз ай еш жерде тіркеуде тұрмаған деп отыр.

"Алматы облысы бойынша полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының жауабына сәйкес, кандидат Думан Мұхаммедкәрім Астана, Орал, Көкшетау қалаларында, Ақмола мен Алматы облыстарында тіркеуде болған. 2021 жылғы 21 желтоқсаннан бастап тіркеуден алып тасталған. 2022 жылғы тамыздан қазіргі уақытқа дейін Алматы облысының Іле ауданында тіркелгені анықталған. Алматы облысы бойынша полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасы көрсеткен мәліметтер негізінде кандидат Мұхаммедкәрімнің өтініші Конституцияның 51-бабының 4-тармағында белгіленген талаптарға сай қанағаттандырылмаған (Ел аумағында 10 жыл тіркеуде тұру талабы – ред. ). Яғни кейінгі 10 жыл ішінде еліміздің аумағында тұрақты тұру талабына сәйкес емес" деді комиссия төрайымы Ұлтусын Бархинова.

Комиссия отырысын журналист Мұхаммедкәрім өзінің ND арнасында жария еткен.

Комиссия отырысында журналист бұған келіспейтінін айтқан, алайда отырысқа қатысып отырған көші-қон қызметінің өкілі Мұхаммедкәрім "сегіз айдай база бойынша тіркеуде болмаған" деп қысқа қайырды. "Келіспесеңіз, әрине, сотқа беруге құқығыңыз бар" деді комиссия төрайымы Бархинова.

Журналист комиссия шешіміне қарсы және бұл шешімнің "саяси астары бар" дейді.

"Кейінгі 10 жыл ішінде еліміздің аумағында тұрақты тұру" талабына сәйкес емес деуі заңсыз. Мен журналиспін, бірнеше қалада тұрғаным рас. Дегенмен мен ел ішінде тұрдым ғой. Негізгі тіркеуім Алматы облысы Іле ауданында, тұрақты түрде. Ал жұмыс бабымен өзге қалаларда тұрғанда сол жақта уақытша тіркеуге тұрып келдім. Бұған дейін Астана қаласында пәтер жалдап тұрғанымда, пәтер иесі мен уақытша емес тұрақты тіркеуге қойған екен. Сөйтіп, мен пәтерден шығып кеткеннен кейін, мені тіркеуден де шығарып жіберген. Мен оны кейін көлік алғанда, арада сегіз ай өткенде бір-ақ білдім. Көші-қон қызметі айтып отырған "сегіз ай базада болмауымның" себебі – осы" дейді Думан Мұхаммедкәрім.

Журналист комиссия шешімінің үстінен сотқа шағымданбақ. Бірақ "ол шағымымды сот қарап біткенше, қайта құжат тапсырып үлгермеуім әбден мүмкін" деп отыр.

19 қаңтарда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттарды таратып, 19 наурызда сайлау өтетінін жариялаған. Сайлауға партия атынан я жеке кандидат ретінде қатысуға болады.

Бірнеше жыл мемлекеттік телеарнада жұмыс істеген Думан Мұхаммедкәрім кейінгі жылдары YouTube желісіндегі ND арнасының авторы ретінде қоғамдық саяси мәселелерге байланысты хабарларымен танылған. Ол арнасында Қаңтар оқиғасы туралы видеолар жариялап келеді.

Думан Мұхаммедкәрім былтыр қазан айында өзінің арнасына видеоүндеу жариялап, кезектен тыс президент сайлауына қарсылығын білдірген. Ол "сайлауға қарсылар алаңға жиналып, осы ойымызды билікке жеткізейік" деген еді. Сот оны осы үндеуі үшін "Бейбіт митинг өткізу заңын бұзды" деген айыппен 15 тәулікке қамаған.

Басқа да жаңалықтар

"Важные истории": ЦРУ төрағасы орынбасарының 21 жастағы ұлы Украинадағы соғыста қаза болды. Ол Ресей әскері жағында болған

Майкл Глосс
Майкл Глосс

АҚШ барлау басқармасы (ЦРУ) төрағасының орынбасарының 21 жастағы ұлы Майкл Глосс Украинадағы соғыста қаза болды, ол Ресей жағында соғысқан деп жазды "Важные истории".

Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа Глосс 2023 жылы күзде қол қойған. Зерттеушілердің сөзінше, ол туралы мәлімет бірыңғай медициналық ақпараттық-сараптамалық жүйеде пайда болған. Оның мекенжайы ретінде Мәскеудің Яблочков көшесіндегі әскери пункт көрсетілген.

Келісімшартқа қол қойғаннан кейін екі аптада Глосс Мәскеу түбіндегі "Авангард" жаттықтыру орталығында әскери дайындықтан өткен. Кейін оны Рязандағы 41450 әскери бөліміне қарасты 137-полкқа ауыстырған. Зерттеушілердің сөзінше, соғысқа Майкл Глосс 2023 жылы желтоқсанда кеткен.

"Егер қателеспесем, оны дайындықтан кейін штурмдық отрядқа жіберді" деді оны жақсы білетін ресейлік. Ол да рязандық 137-полкта әскери қызметте болған.

Глосс телеграм желісіне соңғы рет 2024 жылы 14 наурызда кірген. Екі аптадан соң 137-полк Украинаның Донецк облысындағы украин бекіністеріне шабуылдаған. Некрологқа қарағанда, ол 2024 жылы 4 сәуірде қаза болған. Онда оның неден қайтыс болғаны жазылмаған, тек "әлемді аралап, саяхатқа кеткенге дейін" ол "қысқа әрі жарқын өмір сүрді" деп жазылған.

Глосс чаттардың бірінде әскерге Ресей азаматтығын алу үшін барғанын жазған. Ресей азаматтығы оған өмірлік мақсатына жету үшін – "экологиялық ластану мен сонымен байланысты ауру, өлім-жітіммен күрес үшін" қажет болған.

Майкл Глосс — ЦРУ директорының цифрлық инновациялар жөніндегі орынбасары Джулиан Галлина Глосс пен Ирак соғысының ардагері Ларри Глосстың ұлы. Ларри Глосс АҚШ пен НАТО елдерінің әскеріне қауіпсіз программалық жабдықтау жасаумен айналысады. Майкл еркін өнер College of the Atlantic колледжінде оқып, климат бойынша наразылықтарға және түсікке тыйым салу митингтеріне қатысқан. 2023 жылы ол колледжді аяқтамай әлемді саяхаттауға кеткен. Атап айтқанда, Түркияға барып, жер сілкінісінен кейін үйінділерді тазартуға көмектескен. 2023 жылы тамызда ол чаттардың бірінде Владикавказда екенін жазған.

Украинадағы соғыста қаза болған 105 мыңға жуық ресейлік әскери қызметкердің аты-жөні анықталды

Ресей Украина аумағына басып кіргелі бері осы күнге дейін кемінде 105 мыңға жуық ресейлік әскери қызметкер қаза болған. Бұл жөнінде BBC-дің Орыс қызметі мен Медиазонаның еріктілермен бірігіп жүргізген зерттеуінде айтылады.

Зерттеушілер ашық дереккөздер мен әлеуметтік желідегі жазбалар, ресми некрологтар мен биліктің хабарламаларына сүйене отырып, соғыста қаза болған 104 763 ресейлік әскери қызметкердің аты-жөнін анықтаған. Бес мыңға жуығы – офицерлер. Адам шығыны бұдан да көп болуы ықтимал.

11 сәуірден бері BBC-дің Орыс қызметі мен Медиазона жариялаған қаза болғандардың саны 2800-ге ұлғайған.

Бұған дейін қаралған және қазір қаралып жатқан мұрагерлік істердің саны және соңғы үш жылдағы ерлер арасындағы артық өлім-жітім туралы деректерге негізделген есептеулерге сүйенген "Медиазона" Ресей армиясының Украинадағы соғыстағы шығыны қазір кемінде 165 мың адам деп түйіндейді.

Әдеттегідей еріктілер арасында адам шығыны (шамамен 26 мың адам немесе қаза болғандардың жалпы санының төрттен бірі) көп. Екінші орында түрме тұтқындары (16,5 мың немесе қаза болғандардың шамамен 16 пайыз) тұр. Үшінші орында – мобилизацияланғандар (12 мың немесе 11,5%)

"Медиазона" өткен аптада Ресей президенті Владимир Путиннің бір тәуліктен астам уақытқа созылған "пасхалық бітім" жариялағанын еске салды. Украина сәйкесінше атысты тоқтататынын айтқан. Бірақ көп ұзамай тараптар бір-бірін атысты тоқтату туралы режимді бұзды деп айыптаған. Некрологтардың кешігіп жариялануына байланысты зерттеушілер әзірге бітім кезіндегі қаза болғандар санын анықтай алмады.

Ушаков: Путин және Уиткофф Ресей мен Украинаның тіке келіссөзін талқылады

Ресей президенті Владимира Путин мен АҚШ президентінің арнайы уәкілі Стив Уиткоффтың кездесуі кезінде Мәскеу мен Киев арасында тіке келіссөзді қалпына келтіру мәселесі сөз болды. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков журналистерге осылай деп мәлімдеді.

Ушаковтың сөзінше, Кремльдегі кездесу шамамен үш сағатқа созылған және келіссөз АҚШ пен Ресейді "тек Украина ғана емес", сонымен бірге "өзге де халықаралық мәселе бойынша ұстанымдарын жақындатуға мүмкіндік берген".

Ушаковтың сөзінше, Мәскеу мен Вашингтон арасындағы диалог одан әрі қарай түрлі деңгейде жалғасын таппақ.

Америка жағы Путин мен Уиткофф келіссөзіне түсініктеме бермеді.

Соңғы 2.5 ай ішінде Уиткофф Ресейге осымен төртінші рет барып отыр. Ол Мәскеуге екі рет - 11 ақпан және 13 наурызда барған, 11 сәуірде Санкт-Петербургте болды.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін оның әкімшілігі атысты тезірек аяқтап, Мәскеу мен Киевпен келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров CBS арнасына берген сұхбатында Мәскеу келісімге дайын деп мәлімдеген, бірақ кейбір пунктілер "нақты реттеуді" талап етеді деп айтқан, бірақ жай-жапсарын айтпаған. Ақпарат құралдарының жазуынша, Украинаға Қырым мен аннексияланған төрт аймақтан бас тарту және НАТО-ға мүшеліктен қол үзу сияқты талап қойған Ресей қазіргі майдан сызығында соғысты тоқтатуға келісуі мүмкін.

Ал Украина президенті Владимир Зеленский өткен аптада Лондондағы кездесуден кейін соғысты аяқтау бойынша жаңа құжат әзірленіп, ол Трампқа берілгендігін айтты. Зеленскийдің сөзінше, бейбіт келісім әсіресе территориялық тұтастық мәселесінде Украина Конституциясына қайшы болмауы керек.

Бұған дейін Трамп Қырымды Ресей жері деп танудан үзілді-кесілді бас тартқан Зеленскийді бейбітшілік келіссөзіне кедергі келтірді деп айыптаған. АҚШ соғысты реттеу бойынша жоспарының жай-жапсарын айтқан жоқ, алайда CNN мәліметінше, Еуроодақ өкілдері Украинаны территориясының біраз бөлігін Ресейге беруге мәжбүрлеуі мүмкін екендігіне алаңдап отыр.

Мәскеу түбінде көлік жарылды. Ресейлік генерал қаза болғаны хабарланды

Мәскеу түбіндегі Балашиха қаласында 25 сәуір таңертең көлік жарылды. Бұл жөнінде Baza және өзге де телеграм-арналары хабарлады. Кемінде бір адам қаза болғаны белгілі. Телеграм-арналардың жазуынша, Ресей қарулы күштерінің генералы Ярослав Москалик опат болған.

Ресей тергеу комитеті генерал Москаликтің қазасын растады. Ведомство хабарламасында ол Ресей қарулы күштерінің бас жедел басқармасы төрағасының орынбасары болғаны жазылған. Оның генерал-лейтенант атағы болған.

Комитет өкілдері Балашихадағы көліктің жарылуына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Тергеу мәліметінше, құрылғының қуаттылығы тротил эквивалентімен алғанда 300 грамнан астам жарылғыш зат болған. Адам өлтіру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Әдетте мұндай істерді терактіге балайды.

Көліктің жарылған сәті видеоға түсіп қалған.

Дереккөзге сүйенген Baza көліктің жанынан бір ер адам өтіп жатқан кезде жарылыс болғанын жазды. Ол қаза болған.

Генерал Москаликтің аты-жөні 2021 жылы ТАСС агенттігінің хабарламаларында аталған.

Журналист Олег Кашиннің айтуынша, 2015 жылы Москалик Ресей мен Украина арасында норман форматындағы келіссөздерге қатысқан. Ол 2019 жылы Владимир Зеленский қатысқан осы форматтағы ең соңғы келіссөзге де қатысқан. Москалик сонымен бірге 2018 жылы Сирияның сол кездегі президенті Башар Асадпен келіссөздерге де араласқан. Оның Украинадағы соғысқа қатысқаны-қатыспағаны белгісіз.

ЧТД телеграм-арнасының жазуынша, генерал Москалик ресми түрде Мәскеуде тіркелгенмен жарылыс болған Балашихадағы Нестеров гүлзарында тұрған.

Кей ақпаратқа қарағанда, көлік ішінде тағы бір адам болған, ол да қаза болған. Бұл ақпарат әзірге расталмады.

2024 жылы желтоқсанда Мәскеуде өз үйінің подъезінде жарылыстың салдарынан Ресей қарулы күштерінің радиация, химия және биологиялық қорғау әскерінің бастығы генерал Игорь Кириллов мерт болған еді. Украина арнайы қызметіндегі дереккөздер сол кезде бұл олардың операциясы екенін мәлімдеген. Украина жағы генерал Москаликтің ықтимал қазасына қатысты түсініктеме берген жоқ.

Ресейлік БАҚ Қырғызстанда "тұрғындарды соғысқа тарту ісі" аясында саяси технолог ұсталғанын хабарлады

Виктор Васильев
Виктор Васильев

Қырғызстанда "жалдамалыларды соғысқа тарту ісі" аясында Виктор Васильев ұсталды деп хабарлады ресейлік БАҚ. Зерттеушілердің сөзінше, Васильевтің телеграм-арнасы "ЧВК Вагнердің" негізін қалаған Евгений Пригожиннің "арналар желісінің" бір бөлігі болған. Васильевтің өзі Ресей әскери барлау қызметіне қатысы болуы мүмкін.

Қырғызстанда "жалдамыларды соғысқа тарту ісі" бойынша төрт адам ұсталған. Азаттықтың Қырғыз қызметі екеуінің аты-жөнін анықтаған еді – Оштағы "Орыс үйі" бөлімшесінің қызметкері Наталья Секерина және Ош мэриясының баспасөз қызметінің өкілі Сергей Лапушкин. Қалған екеуінің аты-жөні белгісіз болып келген. Тек аты-жөндерінің бастапқы әріптері ғана белгілі болған: C.В.Т және В.В.А.

Дегенмен дереккөздерге сүйенген EADaily басылымы ұсталған үшінші адам – "Улыбаемся и машем" телеграм-арнасының авторы Виктор Васильев екенін жазды. "Комсомольская правда" газетінің тілшісі Эдвард Чесноков та Васильевтің ұсталғанын хабарлады. Ол Васильевті "африканист" және "саясаттанушы" деп атады. Regnum-ның жазуынша, ол агенттіктің шолаушысы болған.

Қырғызстан билігі Васильевтің ұсталғаны туралы ақпаратқа түсініктеме бермеді.

Виктор Александрович Васильевтің аты-жөні "Досье" жобасының бірнеше зерттеулерінде аталады. 2018 жылға дейін оның тегі Луковенко болған. Мәскеу мемлекеттік университетінің түлегі "Русский вердикт" белсендісі болған. 2011 жылы "Орыс маршы" өткен күні 58 жастағы шетел азаматын өлтіргені үшін қатаң режимдегі түрмеге кесілген. Бес жылдан соң Луковенко шартты түрде босап шығады.

The Insider мәліметінше, түрмеден босап шыққан Васильев–Луковенко Африкада "пайда болады", 2019 жылдан бері "Улыбаемся и машем" телеграм-арнасын жүргізе бастаған. Журналистердің сөзінше, бұл арна Пригожин бірнеше жыл бойы құрған "арналар желісінің" бір бөлігі болған.

Васильев-Луковенко сонымен бірге Ресей қарулы күштеріне қарасты бас барлау басқармасы жетекшілік еткен "Русско-украинская радикальная инициатива" жобасының негізін қалаған. Осы жоба аясында бірнеше "украиншыл арналар" құрылған. Олардың ең ірілері – iній және iнша країна. Алғашқысы "халыққа қару-жарақ тарақаннан кейін бейбіт украин азаматтарының өлімі" туралы жаңалық тартып, жерді қорғауды, Украина қарулы күштерін сынаған. "Осының барлығы украиндардың моральдық рухын сындыру үшін жасалған" деп жазды "Досье".

Шыңжаң бойынша сарапшы өзін Қазақстанға кіргізбей қойғанын хабарлады

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қытайдың Шыңжаң аймағындағы түркітілді мұсылмандардың қудалануын зерттеп жүрген даниялық сарапшы Рун Стинберг өзін Қазақстан аумағына кіргізбей қойғанын мәлімдеді. Оқиға осы айда бұдан сәл ертерек болған.

Стинберг бұған дейін Қазақстанда талай рет болып, Шыңжаңдағы қуғын туралы деректі фильмі үшін Алматыда Қытайда тұрған қазақтардан сұхбат алған еді.

Алайда 12 сәуірде кешке ол Қордайдағы "Ақ жол" өткізу пунктінен Қазақстан жаққа қарай өте алмаған.

"Қырғыз жағының өткізу пунктінен ойдағыдай өттім. Қазақстан жағына жеткенде менің төлқұжатымды тартып алып, өзімді суретке түсірді. Олар әдеттегідей штамп қояды деп ойлаған едім. Мен бұл жерден талай рет өткенмін және соңғы рет қаңтарда болған едім. Бірақ шекарашылар экранға қарады да, әріптесімен сөйлесті де, маған кіруге тыйым салынғанын айтты. Себебін сұрап едім, басқа ақпарат жоқ деді. Бұл менің Қытай бойынша жүргізген зерттеулеріммен байланысты деп ойлаймын" деді Рун Стинберг Азат Еуропа/Азаттық радиосына.

25 сәуірде Азаттық тілшісі Қазақстан ҰҚК-нің баспасөз қызметіне хабарласқан. Комитеттің баспасөз қызметінің өкілі Майгүл Айнабекова "бұл бойынша ақпарат жоқ, ресми сауал жолдаңыз" деп қысқа қайырды.

Стинберг Чехияның Оломоуц қаласындағы Палацк университетіне қатысты бар зерттеуші. Кейінгі жылы ол Орталық Азиядағы Америка университетінде сабақ беріп, ғылыми зерттеулермен айналысқан. Ол – Еуропаның бірнеше университеті қатысатын халықаралық Remote Ethnography of Xinjiang Uyghur Autonomous Region (Шыңжаң ұйғыр автономия өлкесінің қашықтағы этнографиясы) зерттеу жобасы жетекшілерінің бірі. Жобаның сайтындағы мәліметке қарағанда, ол "жергілікті аумақтағы дала жұмыстарына жүгінбей-ақ, қолда бар дереккөздерге сүйене отырып, аймақтағы соңғы онжылдықтағы жағдай мен оқиғаларды зерттеу үшін қашықтағы этнография әдістерін" пайдаланады.

Стинбергтің сөзінше, ол шамамен 1,5 жыл бұрын Алматыдағы Қытай консулдығы алдында Шыңжаңда қамалған туыстарын босатуды талап еткен наразылардың акциясын түсірген кезде құжаттарын полиция тексерген.

2021 жылы қыркүйекте Қазақстан Шыңжаңдағы адам құқығы мәселесін қозғап жүрген өзге зерттеуші, "Шыңжаң құрандары" (Xinjiang Victims) дерекқорының үйлестірушісі Джин Бунинді елге кіргізбеген еді.

"Мәскеудегі алаңда өзбекше жазу пайда болса, ойланамыз" Өзбек депутаты Лавровтың ескертуіне жауап берді

Сергей Лавров. Самарқан, 23 сәуір, 2025 жыл.
Сергей Лавров. Самарқан, 23 сәуір, 2025 жыл.

Өзбекстан парламентінің депутаты Одилжон Тожиев Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың тіл туралы ескертпесіне жауап берді.

Сәуірдің 22-23-і күндері Өзбекстанда ресми сапармен болған Лавров Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарына арналған ескерткіштердің біріне "орысша жазу қажеттігін" мәлімдеген еді. Оның бұл сөзі қызу талқыланды.

"Шет тілін жасанды түрде таңу сүйіспеншілік емес, қарама-қайшы көзқарас тудырады. Оның үстіне күштеп құрметтете алмайсың, ол өзінен-өзі келеді. Егер Мәскеудің бас алаңында өзбек тілінде жазу пайда болса, бәлкім, сол кезде ойланып көрерміз" деді өзбек депутаты Одилжон Тожиев.

Самарқанда "Азалы ана" мемориалында "Сен әрқашан менің жүрегімдесің" деген сөз өзбек және ағылшын тілдерінде (You are always in our heart, my dear) жазылған.

Өзбекстанда ресми сапармен болған Лавров сол мемориалда неге орысша жазу жоқ екенін сұраған. Оның сөзінен Азаттықтың Өзбек қызметі мысал келтіреді.

"Ағылшындар мұнда қалай келген? Қараймын, ағылшынша жазу", – деді Лавров экскурсия жетекшісіне қайырылып.

"Мұнда барлық тілде жазылған. Туризм қаласы" деді экскурсия жетекшісі.

"Орысшасын көріп тұрған жоқпын" деді Лавров.

Лавровтың жанында тұрған Өзбекстан сыртқы істер министрі Бахтиер Саидов әңгімеге араласқан жоқ.

Өзбекстан сыртқы істер министрлігі Лавровтың "Азалы ана" монументіндегі "наразылығына" қатысты түсініктеме берген жоқ деп жазды басылым.

Өзбекстанда тіл мәселесі ара-тұра көтеріліп тұрады. Өзбекстан Конституциясы өзбек тілін мемлекеттік тіл деп таниды, бірақ орыс тіліне ешқандай мәртебе бермейді. Бірақ Өзбекстан Конституциясы орыс тілінің дамуы мен еркін қолданылуына кепілдік береді.

Бұған дейін өзбек тілін қорғаған ректор Кремльдің "қаһарына ілінген". Шерзодхон Қудратқожа ақпарат құралына берген сұхбатында мемлекеттік тілді білмейтін өзбектер туралы айтқан кезде Карл Маркстың сөзінен үзінді келтіріп, өзі тұратын елдің тілін білмеген адам не оккупант немесе ақымақ деп айтқан еді.

Өзбекстан парламенті төрағасының орынбасары, «Миллий тикланиш» партиясының жетекшісі Әлішер Қадыров орыс тілін білім беруде, теледидарда және басқа да салаларда қолдану мәселесін қайта қарауды ұсынған. Мұндай мәлімдемелерді ресейлік БАҚ сынаған.

Самарқандағы келіссөз нәтижесінде Өзбекстан және Ресей сыртқы істер министрлері бірқатар мәлімдеме жасаған. Ресейлік ақпарат агенттіктерінің жазуынша, өз мәлімдемесінде Лавров Мәскеу "Мәскеу Еуроодақтың Орталық Азияда үстем жағдайға жету талпыныстарына қарсы екенін" жеткізген.

Ресеймен өзін алшақ ұстауға тырысқан Ислам Каримовқа қарағанда Шавкат Мирзиев билікке келгеннен кейін Мәскеуге жақындау бойынша бірқатар қадам жасаған. Ол Ташкентте "Жеңіс саябағын" ашып, советтік символикаларды қайтарған.

БҰҰ: Беларусьте 2020 жылдан бері ондаған билік сыншысын күштеп психиатрия емханасына жатқызған

Беларусьте 2020 жылдан бері кемінде 33 адамды билікпен келіспегені үшін күштеп психиатрия емханасына жатқызған. Бұл жөнінде БҰҰ Адам құқығы сарапшыларының үндеуіне сүйенген Настоящее время жазды.

Үндеу авторларының мәліметінше, 33 адамның 8-і босатылған. Кемінде 25 адаммен байланыс мүлде үзілген. Қазіргі кезде олардың тағдыры белгісіз.

Сарапшылар Беларусь билігін оларды дереу адвокатпен және тиімді құқықтық тетіктермен қамтамасыз етуге шақырды. Осылайша оларға бостандықты айыру туралы шешімді даулауға мүмкіндік беруге үндеді.

Үндеуде психдиспансерде күштеп емдеу адамдыққа жатпайтыны немесе адамның ар-намысын қорғаумен пара-пар екені жазылған. Бұған қоса, мұндай емдеу адамның пікір еркіндігіне де қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертеді, себебі дәрі-дәрмек пен электр разрядтары адамның ақыл-ой қабілетін әлсіретуі ықтимал.

Беларусьте 2020 жылғы президент сайлауының нәтижесі авторитар басшы Александр Лукашенкоға қарсы наразылықты өршіткен. Билік наразылықты жаппай күштеп басып-жаншыды, нәтижесінде мыңдаған адам түрмеге қамалды. Қудалау әлі күнге дейін жүріп жатыр. "Весна" құқық қорғау орталығының мәліметінше, 2020 жылдан бері наразылыққа қатыстаны үшін кемінде 3277 адам сотталған.

Тоқаев жекелеген құқық қорғаушылар мен журналистерді айыптады

Қазақстан халқы ассамблеясында сөз сөйлеп тұрған президент Қасым-Жомарт Тоқаев. 24 сәуір 2025 жыл.
Қазақстан халқы ассамблеясында сөз сөйлеп тұрған президент Қасым-Жомарт Тоқаев. 24 сәуір 2025 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясы сессиясында жекелеген құқық қорғаушылар мен журналистерді "арандатумен айналысады" деп айыптады.

"Өздерін сөз еркіндігінің жақтаушысы ретінде көрсеткісі келетін кейбір құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, блогерлер мен журналистер еліміздегі әр істен саяси, жағымсыз астар іздеп, шын мәнінде, арандатумен айналысып жүргенін айтпасқа болмайды. Бұл Қазақстаннан көшіп кетіп, шетелде жүріп халқымызға шабуыл жасайтын, тіпті, мемлекеттік органдарды бопсалайтын бұрынғы азаматтарымыздың әрекеті" деді Тоқаев.

Олар осылайша "шет мемлекеттер берген ақшаны ақтауға жұмыс істеп жүр" деді.

"Еліміздің әл-ауқаты, соның ішінде демократия мен сөз бостандығы үшін шетелде ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздамайды. Оны нақты түсінген жөн" деп бір тоқтады.

Ол жақында “шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың әрекеттері” де әшкереленгенін айтты, бірақ нақты ұйымның атын айтпады.

Тоқаев сонымен бірге "күрделі жағдайды жеке мүддесіне пайдаланғысы келетін түрлі популистер мен саясаткерсымақтар" туралы да айтты.

"Ел мүддесіне қастық ойлаған ондай адамдарға тұтас қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Алда күрделі кезең келе жатыр. Оңай болмайды. Бірақ алаңдауға еш негіз жоқ" деді ол.

Ол бейсенбі күні сөзінің басында Қазақстан халқы ассамблеясын “этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз институт” деп атап, 1995 жылы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылғанын атап өтті.

Қазақстан халқы ассамблеясы 1995 жылы 1 наурызда құрылған. Оның мақсаты – "этностар арасындағы келісімді әрі қарай нығайту" деп айтылады. Бірақ кейбір сарапшылар аталған институт сол кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың "өкілетін ұзартуды заңдастыру үшін" керек болды деп санайды.

Журналист Серғазы Мұхтарбек қайтыс болды

Facebook-тағы Серғазы Мұхтарбеков парақшасынан алынған.
Facebook-тағы Серғазы Мұхтарбеков парақшасынан алынған.

64 жасына қараған шағында журналист, қоғам белсендісі Серғазы Мұхтарбек қайтыс болды. Бұл жөнінде жазушы, журналист Жүсіпбек Қорғасбек желідегі парақшасында хабарлады.

"Тәуелсіздік пен демократияның құндылықтары үшін арыстандай алысып, қарпысып-шарпысып жүріп, Алтынбек бәріміздің досымыз, алғадай курстың серкесі Серғазы Мұхтарбек те дүниеден озды" деп жазды ол.

Серғазы Мұхтарбек 1961 жылы 5 мамырда дүниеге келген. Ол елдегі республикалық "Қазақстан" газетінің бас редакторы болған.

Замандастары оны елдегі тәуелсіз журналистика мен оппозициялық газет шығару ісіне сүбелі үлес қосқан қайраткер ретінде сипаттайды. Оның жеке құрылтайшылығымен шыққан "Қазақстан" газеті кезінде елдегі қоғамдық-саяси мәселелерді қозғаған таралымы мол басылым болған.

Серғазы Мұхтарбеков көзі тірісінде елдегі маңызды саяси оқиғаларға пікір-көзқарастарын мейлінше ашық білдіріп, қатысқан. Мысалы, ол былтыр АЭС бойынша референдум қарсаңында атом станциясы құрылысына қарсы шыққан белсенділердің ұсталғанын сынаған.

Ресей Башар Асадты Сирияға беруден бас тартқан

Ахмед әш-Шараа
Ахмед әш-Шараа

Ресей Дамаскінің Башар Асадты беру туралы ұсынысын қабылдамады деп мәлімдеді Сирияның уақытша президенті Ахмед әш-Шараа The New York Times басылымына берген сұхбатында.

Оның сөзінше, мұндай ұсыныс Ресей билігіне қаңтар айында берілген. Мәскеудің ұсынысты кері қаққанына қарамастан Сирия әкімшілігі Ресеймен қарым-қатынасты үзбеуге бейіл деп жазды басылым.

"Ресей БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі. Сирияның қаруы тұтас ресейлік. Сирия ұзақ жылдардан бері пайдаланып келе жатқан азық-түлік және энергия тасымалдау бойынша көп келісім бар. Сирияның осы мүдделерін ескеруіміз керек" деп басылым әш-Шарааның сөзінен үзінді келтіреді.

Сирияны ұзақ уақыт билеп-төстеген Башар Асадтың режимі былтыр желтоқсанда құлағаннан кейін, елде билік басына "Хайят Тахрир әш-Шам" тобы келді. Башар Асад отбасымен бірге Ресейге қашып кетіп, сол елден баспана алды.

Астана тұрғыны "терроризмді насихаттағаны үшін" жеті жыл түрмеге кесілді

Астанада Telegram арқылы терроризмді насихаттады деп айыпталған әйел жеті жыл түрмеге кесілді деп хабарлады қалалық прокуратураның баспасөз қызметі. Хабарламада сотталушы әйелдің Сириядағы террористік топтардың ісіне қатысу үшін сол жаққа кетуге оқталғаны жазылған.

"Басты сот талқылауы кезінде сотталушы Telegram-тағы топтық чатта діни себептермен қарулы қақтығыстар туралы оң пікір айтқаны, сондай-ақ кәмелетке толмаған екі қызын лаңкестік топ мүшелеріне күйеуге беру үшін Сирияға баруды талқылағаны анықталды" деп жазылған прокуратура хабарламасында.

Сотталушы әйел Түркия арқылы Сирияға ұшуға дайындалған кезде Алматы әуежайы аумағында ұсталған деп айтылады.

Хабарламада сотталушының тағылған айыптарды мойындағаны-мойындамағаны айтылмаған.

Қазақстанда Сириядағы террористік топтарға қатысы бар деп күдікке ілінгендердің үкімдері жиіледі. Сәуірдің басында Жезқазған қалалық соты "терроризмді насихаттады" деп айыпталған әйелді жеті жылға бас бостандығынан айырған. Сот мәліметінше, сотталушы 2017-2018 жылдары Сирия аумағында жүріп, мессенжер арқылы Ұлытау облысы Сәтбаев қаласында тұратын жақынына радикалды діни материалдап жіберіп, осылайша терроризмді насихаттаған.

Қазақстан заңнамасы азаматтарына шетелдегі қақтығыстарға қатысуға тыйым салады. Бұған дейін ДАИШ террористік ұйымына қатысы болған Сирия мен Ирактан оралған қазақстандықтардың көбі елге оралғаннан кейін сотталған еді.

Трамп Зеленскийді бейбітшілік келіссөзіне кедергі жасады деп айыптады

Украина президенті Владимир Зеленский және АҚШ президенті Дональд Трамп. Вашингтон, 28 ақпан 2025 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский және АҚШ президенті Дональд Трамп. Вашингтон, 28 ақпан 2025 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп Украина басшысы Владимир Зеленскийді Украинадағы соғысты аяқтау бойынша Ресеймен келіссөзге кедергі жасады деп айыптады.

"Украина президенті Владимир Зеленский The Wall Street Journal басылымына "Украина Қырым оккупациясын ешқашан мойындамайды. Мұнда айтатын да ештеңе жоқ" деп мәлімдеді. Мұндай мәлімдеме Ресеймен бейбіт келіссөзге кедергі келтіреді, себебі [Украина] Қырымнан көп жыл бұрын Обама президенттігі тұсында айырылған еді және қазір бұл талқыланбайды да. Ешкім Зеленскийден Қырымды Ресей жері деп тануды сұрап тұрған жоқ, бірақ ол оны қайтарғысы келсе, Украина ол үшін 11 жыл бұрын – Ресей оны бірде-бір оқ атпай алған кезде неге күреспеді? Оның үстіне Қырымда баяғыдан бері маңызды ресейлік әскери базалар бар" деп жазды Трамп Truth Social желісінде.

Трамптың пікірінше, "бейбітшілік келісімнің жасалуына аз уақыт қалды" және "қолында көзірі жоқ" Зеленский мұны түсінуі керек, әйтпесе "тұтас елден айырылайын" деп тұр. Оның пікірінше, Зеленскийдің мәлімдемелері Украинадағы соғысты "тек ұзартады".

Сейсенбі күні АҚШ-тың Киевтен Қырымды Ресей жері деп тануды талап ететіні жөнінде ақпарат құралдарында хабар пайда болған кезде сұрақтарға жауап берген Украина басшысы Владимир Зеленский "Украина ешқашан Ресейдің Қырымға құзыретін мойындамайды" деп айтқан еді. Зеленскийдің сөзінше, Қырым мен Ресей басып алған өзге жерлердің мәртебесін талқылау соғысты созбалақтатып жібереді.

Стамбұлда қуатты зілзаладан 150-ден астам адам зардап шекті

6,2 магнитудалы жер сілкінісінен кейін далада жүрген тұрғныдар. Стамбұл, 23 сәуір 2025
6,2 магнитудалы жер сілкінісінен кейін далада жүрген тұрғныдар. Стамбұл, 23 сәуір 2025

Сәрсенбі күні Стамбұлда болған 6,2 магнитудалы жер сілкінісінен 150-ден астам адам зардап шекті. Бұл жөнінде BBC-дің Орыс қызметі жазды.

Ресми мәлімет бойынша, жер сілкінісінің ошағы Стамбұлдың батысынан 80 шақырым жерде Мәрмәр теңізінде орналасқан.

23 сәуірде бірінші жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша сағат 12:13-те тіркелген. Оның магнитудасы 3,9 болған. Бұдан кейін 6,2 магнитудалы қуатты зілзала сағат 12:49-да болған. Оның тербелісі көрші қалаларда – ел астанасы Анкарада, Болгария астанасы Софияда сезілген. Әлеуметтік желіде халықтың ғимараттардан жүгіріп шығып, далада жүргені, кейін ішке кіруге қорқып жүргені жөнінде видеолар тарады.

Билік кешке қарай бір тәулікте 180-нен астам афтершок болғанын хабарлады. Кейбірінің магнитудасы 5,9-ға дейін барған.

Стамбұл губернаторы кеңсесінің мәліметінше, кемінде 151 адам жарақаттанған. Көбі қорқып, биік ғимараттардан секіріп кеткен. Олардың өміріне қауіп жоғы айтылды.

Қазақстан СІМ Түркияда жүрген қазақстандықтардан шағым-өтініш түспегенін хабарлады.

Аштық жариялаған Марат Жыланбаев құзырлы орындарға арыздана алмай отыр

Марат Жыланбаев
Марат Жыланбаев

Марафоншы, «Алға, Қазақстан» тіркелмеген оппозициялық партиясының жетекшісі Марат Жыланбаев түрмеден құқық қорғау орындарына жазған арыздарын жібере алмай отыр. Оған хат‑ хабар да берілмейді.

23 сәуірде Марат Жыланбаевтың әйелі Азаттыққа хабарласып, аштық жариялап отырған марафоншының құқық қорғау орындарына не арыз жолдай алмай, не пошта ала алмай отырғанын айтты.

- Марат бүгін қоңырау шалды. Ол құқықтары сақталмай отырғаны туралы арыздарын тиісті органдарға жібере алмай отыр. Оған пошта да келмейді. Оның аштық жариялап отырғанына 29 күн болды, - деп хабарлады оның әйелі.

Оның айтқанын адвокаты Мейіржан Досқараев та растады. Адвокат және Жыланбаевтың бір топ жақтасы 21 сәуірде Степногорскіге барған. Досқараев өзін түрме қызметкерінің Жыланбаевпен кездесіп шыққан соң тінтіп, оның айтқан шағымдарын жазып алған қағазын тартып алуға тырысқанын айтты.

- №4 мекеменің жедел уәкілі Марат Зәлелов Жыланбаевпен кездесіп шыққан соң мені тінтіп, қолымдағы қағаздарымды алып қоймақ болды. Арпалыс болды. Маған «акті толтырамын, сен енді бұл жерден ешқандай шағым алып шықпайсың» деп қоқан-лоқы көрсетті. Түрме бастығы орынында жоқ деп мені қабылдамады. Степногорск прокуратурасына мекеме қызметкерінің үстінен менің адвокаттық қызметіме кедергі келтіру туралы шағым түсіріп кеттім, - дейді Досқараев.

Оның сөзінше, сенбі сайын болатын себіл қабылдауға кеткенде Жыланбаевтың бөлмесіндегі ақ қағаздары мен жазған арыздары жоғалып кеткен.

– Мен апарып берген қағаздарға арыздарын жазғанмен оны сыртқа шығартпайды,- деді ол.

Азаттық Степногорскідегі №4 мекеменің бастығы Қанат Тұлақовқа бірнеше мәрте қоңырау шалды. Хатшысы «бастықтардың барлығы да зонада жүр» деп қоспады.

Бұл 61-жастағы Жыланбаевтың түрмеде отырып ондағы жағдай мен сот үкіміне қарсы жариялап отырған сегізінші аштығы. Оны тәртіптік изоляторға да қамаған.

2023 жылы қарашада Астана соты Марат Жыланбаевты "экстремистік ұйым ісіне араласты" және "экстремизмді қаржыландырды" деген айып бойынша 7 жыл түрмеге кескен. Жыланбаев айыптың бәрін жоққа шығарып, істің "саяси астары бар" деп мәлімдеген.

Қазақстандық құқық қорғаушылар оны "саяси тұтқындар" тізіміне қосқан. Ресми Астана елде саяси тұтқын жоқ, ешкім саяси ой-пікіріне бола қудаланбайды дейді.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін белсендіні босатуға үндеп келеді. Былтыр халықаралық Human Rights Foundation (HRF) құқық қорғау ұйымы түрмеде отырған танымал марафоншы, белсенді Марат Жыланбаевтың ісін БҰҰ сарапшылары мен күштеп ұстау бойынша жұмыс тобына жолдаған. Ұйым Жыланбаевтың негізгі құқықтары бұзылғанын атап өтіп, Қазақстан билігін оны босатуға шақырған.

Тағы

XS
SM
MD
LG