Бүгін, 30 қаңтарда Алматыда Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған 25 адамның сотында жәбірленушілер жауап берді. Істі болып жатқандардың 24-і тірі, біреуі қаза тапқан. 30-дан астам жәбірленуші тіркелген. Олардың арасында Алматы әкімдігінің бірнеше басқармасы, Алматыдағы президент резиденциясы, Қаңтар оқиғасы кезінде тоналды делінген қару-жарақ дүкендері мен коммерциялық нысандар бар. Бұдан бөлек, "дүрбелең кезінде жарақаттандым" деген әскерилер мен полицейлер де жәбірленуші ретінде жауап берді.
"4 қаңтар түнде алаңға жиналған адамдар әкімдікке қарай шабуыл жасады. Біздің өзіміз не болғанын түсінбей қалдық. Бізді жапырып, таптап, әкімдікке басып кірді. Сол жерден бас сауғалап қашып, "ГАЗель" автокөлігіне, өзімнің әріптестерімнің қасына барып отырдым. Әкімдікке басып кірген соң, қайтадан шығып, біздің қызметтік көліктерімізді өртей бастады. Көлігімізді қатты шайқаған соң, "тоқтаңдар, шығамыз" дедік. Қалай шықтық, бізді ұрып, соққының астына алды" деді 4 қаңтарда Алматы әкімдігінде болғанын айтқан жәбірленуші полицей Нұржан Алмақұнов.
Өзге жәбірленушілер де дүрбелең кезінде соққыға жығылғанын айтты. Бірақ олардың ешқайсы айыпталып жатқан 25 адамды тани алған жоқ.
Жәбірленушілерге айыпталушы тараптың адвокаты Жалғас Сапарханова "25 адамның ешқайсын нақты мынау деп көрсете алмасаңыздар, қандай талап қоймақшысыздар?" деп сұрады.
Бұл сұраққа жәбірленуші бір полицей "Енді бұл кісілердің бәрі сол жерде болғандар ғой. Құрдан-құр болған жоқ қой. Ол жерде бос жүрген адам болған жоқ. Ол жерде бәрі бізге қарай, полиция тарапына қарай жүгіріп, шешінуімізді талап етіп, "бізге қосылыңдар" деді. Біздің қызметтік автокөлігімізді талқандап, қызметтік киімімізді жыртты. Оның бәрі құрдан-құр емес қой" деп жауап берді
Тағы бір жәбірленуші Рамиль Мұхамедов (зейнетке шыққан әскери) 5 қаңтар күні өзі айдап шыққан "КамАЗ" әскери көлігіне әлдекімдер шабуыл жасап, тартып алғанын айтты. Бірақ ол да айыпталып жатқандар арасынан көлігін тартып алғандарды көрсете алған жоқ, өзі мінген "КамАЗ" нөмірін де шатастырып алды.
Мұхамедов әскери бөлімге тиесілі "КамАЗ" өртеніп кеткенін, бірақ нақты кім, қалай өртегенін білмейтінін айтты.
Айыпталушыларға "жаппай тәртіпсіздік", "ұрлық", "билік өкіліне күш көрсету", "күзетілетін ғимаратқа заңсыз кіру", "қару ұрлау" сияқты бірнеше айып тағылған. Істі болып жатқан 25 адамның біразы өзіне тағылған айыпқа келіспейді. Айыпты жартылай және толық мойындап, амнистия кабылдауды сұрап отырғандар да бар. Соттың келесі отырысы 1 ақпанға белгіленді.
- Былтыр 2 қаңтарда Жаңаөзенде халық сұйытылған газ бағасының қымбаттауына қарсы халық наразылыққа шықты. Елдің басқа аймақтарында да Жаңаөзенді қолдаған бейбіт митингілер өткен. Кейін наразылыққа тәртіпсіздікке ұласып, кемі 238 адам қаза тапты. Алматы қанды оқиғаның ең ірі ошағы болды. Мұнда 139 адам қаза болды.
- Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда әкімдік ғимараты мен президент резиденциясы, ірі дүкендер мен банктер қирады.
- Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 6 қаңтардағы мәлімдемесінде "террористер мен бандиттер ірі инфрақұрылымдарды, Алматыдағы әуежай мен ондағы бес ұшақты тартып алғанын" айтқан еді. Бірақ оның "террористер мен бандиттер" деген сөзіне осы күнге дейін нақты дәлел болмады.
ПІКІРЛЕР