Өзін елдегі жалғыз "оппозициялық партия" деп атайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) 2 ақпанда партияның 20-съезі кезінде мәжіліс пен мәслихат сайлауына түсу туралы шешім қабылдады. Съезд кезінде партия мүшелері "Аманат" партиясын өздерінің басты қарсыласы деп есептейтінін айтты.
"Қазақстан маңызды трансформацияларды бастан өткеріп жатыр. Халық үшін маңызды кезеңде елдегі жалғыз оппозициялық партия ретінде шет қала алмаймыз" деді партия жетекшісі Асхат Рахымжанов.
Жиында мәжіліс сайлауына партиялық тізім бойынша 19 адам, мажоритар жүйе бойынша алты адам түсетіні белгілі болды. Ал партияның мәслихат бойынша тізімі дайын емес болып шықты.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы 2006 жылы құрылған, 2007 жылы ресми тіркеуден өткен.
ЖСДП 2021 жылы парламент сайлауына бойкот жариялап, қатыспаған. Сыншылар "тіркелгеніне көп жыл болса да, белсенділігі төмен" партияны билік басқарады деп есептейді. Партия өкілдері мұны жоққа шығарады.
Былтыр партия атынан кезектен тыс президент сайлауына Нұрлан Әуесбаев түскен. Ол сайлауда 2,17% дауыс жинаған.
2016 жылы парламент сайлауына түскен ЖСДП, ресми мәлімет бойынша, сайлаушылардың 1,18 пайыз дауысын алып, мәжіліске өтпей қалған еді. Заңнамаға енген өзгерістерге сәйкес, сайлаушылар дауысының кемінде 5 пайызын (бұрын 7 пайыз болған) жинаған партиялар ғана мәжіліске өте алады. Елде парламенттегі негізгі орынды "Аманат" партиясы иеленіп келеді.
Қазақстанның және шетелдің құқық қорғаушылары елде азаматтардың саяси құқықтары көп шектелетінін, партиялық жүйе демократия ережелеріне сай емесін айтып, жиі сынайды. Саяси оппозиция өкілдері парламентте билікке шынайы қарсылас бірде-бір саяси күш жоқ деп есептейді және шынайы оппозициялық партиялар ресми тіркеуден өте алмай отырғанын айтады.
Қазақстанда мәжіліс (парламенттің төменгі палатасы) пен мәслихат сайлауы 19 наурызда өтеді.
Кандидаттарды ұсыну мен тіркеу 18 ақпанда аяқталады.
ПІКІРЛЕР