Алматылық белсенді, заңгер Әлнұр Ілияшев 19 наурызда өтетін мәжіліс сайлауы депутаттығына үміткер болып тіркеле алмады. Ол Алматыдағы №4 бірмандатты аумақтық сайлау округінің шешіміне наразы болып, сотқа жүгінген. Бүгін, 3 ақпанда Алматыдағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты оның талабын қанағаттандырмады.
Алматы аумақтық сайлау округі Ілияшевті "Сайлау туралы" заңның 4-бабына сай "өтелмеген соттылығы бар тұлғалар сайлауда кандидат бола алмайды" деген себеппен тіркемеген.
Ілияшевтің айтуынша, бұл – Конституцияға қайшы. Ол сенат пен мәжіліс сайлауына түсетін кандидатқа мұндай талап қойылмайтынын айтты.
Конституцияның 33-бабында "әрекетке қабілетсіз және бостандығынан айырылған адам ғана сайлауға түсе алмайды" делінген.
"Конституция бойынша сайлауда кандидат ретінде тіркелуге құқығым бар. Бірақ қазіргі жағдайда бұл құқығым шектеліп отыр. Билік заң бойынша өзінікі дұрыс деп есептейді. Иә, ["Сайлау туралы" заңда] мұндай норма бар, бірақ ол Конституцияға қайшы келеді" деді Әлнұр Ілияшев Азаттыққа.
Ол 14 қаңтарда өткен сенат сайлауында да осы себеппен үміткер болып тіркеле алмаған. Ол кезде де Алматы аумақтық сайлау комиссиясының шешімін мойындамай, сотқа берген. Бірақ Алматы қалалық мамандандырылған әкімшілік соты талабын қанағаттандырмады.
Белсенді енді Қазақстанда қайта құрылған Конституциялық сотқа шағымданатынын айтты.
Әлнұр Ілияшев 2020 жылы маусымда "Нұр Отан" (қазіргі Amanat) партиясын Facebook-те сынағаны үшін сотталған. Сот оны "көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты" деп танып, бостандығын үш жылға шектеп, 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеген. Бұған қоса, бес жыл бойы қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салған. Оның соттылығы 2025 жылы күзде толық өтеледі. Ілияшев бұл істің "саяси астары бар" дейді.
Дәл осындай себеппен атыраулық белсенді Макс Боқай да 19 наурызда өтетін мәжіліс сайлауына кандидат болып тіркеле алмаған. Атырау облысының №13 бірмандатты аумақтық сайлау округі Боқайдың "өтелмеген соттылығы бар" деп тіркемеген. Белсенді бұл шешімге келіспейді.
Қазақстанда мәжіліс пен мәслихаттың кезектен тыс сайлауы 19 наурызда өтеді. Азаматтар партия атынан я жеке кандидат ретінде сайлауға түсе алады.
ПІКІРЛЕР