Accessibility links

Тоқаев не үшін "отпен ойнап отыр?" Құлыбаевтар неге Halyk Bank-тегі үлесін азайтады?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Батыс басылымдары бұл аптада саяси реформаларды іске асыруға уәде еткен Тоқаевтың неліктен "ел ішінде де, Ресеймен қарым-қатынасқа келгенде де отпен ойнап отырғанын" жазды. Сонымен қатар кезектен тыс парламент сайлауына не себепті "билік ережесімен жүретіндер" қатыстырылатынын талдады. Одан бөлек ерлі-зайыпты Құлыбаевтар Halyk Bank-тегі үлесін неге азайтпақ деген сұраққа жауап іздеді.

МӘЖІЛІС САЙЛАУЫ: АҚОРДА "ҚАЛТАЛЫ ПАРЛАМЕНТ" ЖАСАҚТАМАҚ ПА?

Eurasianet басылымы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен саяси партияларды тіркеу талаптары қағаз жүзінде жеңілдетілгенімен, билікті сынайтындар үшін партия тіркеу әлі де қиын екенін жазды.

Былтыр саяси партияны тіркеу ережелері жеңілдетілді, партия құру үшін қажет адамдар саны 20 мыңнан бес мың адамға дейін қысқарды.

Тоқаев саяси партияларды тіркеуге байланысты өзгерістерді жария еткенде, бұл өлі саяси сахнаға жан бітіретіндей көңіл-күй тудырды. Бірақ бұл көңіл-күй көп ұзамай сейілді.

Мақала авторы Алмаз Куменов әділет министрлігі дәстүрлі сценарийден жаңылмай, талаптарға сай емес деген себеппен саяси партияларды тіркемеуді жалғастыра бергеніне назар аударады. Осылайша "Алға, Қазақстан" партиясын тіркеуден ондаған мәрте бас тартты, "Намыс" партиясының да жолы болмады.

Әділет министрлігіне "Алға, Қазақстан" партиясын тіркеу үшін құжаттарын тапсыруға келген белсенділер. Алдыңғы өтініштерді министрлік "құжаттарда қате бар" деп тіркемей қойған. Астана, 12 қазан, 2022 жыл.
Әділет министрлігіне "Алға, Қазақстан" партиясын тіркеу үшін құжаттарын тапсыруға келген белсенділер. Алдыңғы өтініштерді министрлік "құжаттарда қате бар" деп тіркемей қойған. Астана, 12 қазан, 2022 жыл.

Бұл партиялардың өкілдерінің айтуынша, бар гәп олардың үкіметті сынайтынына келіп тіреледі.

"Намыс" жетекшісі Санжар Боқаев − бизнесмен және атауы "Аманатқа" ауысқан билік партиясының Алматыдағы бөлімшесі төрағасының орынбасары болған. Eurasianet-ке берген сұхбатына Боқаев партияны тіркеу өте қиын екенін жеткізді.

"Мысалы, алдымен әділет министрлігіне 700 адамнан тұратын бастамашыл топ тізімін беруіңіз керек. Олардың барлығы партия съезіне қатысуға тиіс. Егер тіпті біреуі келмей қалса, партияны тіркеуден бас тартады" дейді ол.

Оның ойынша, бұл − шынайы тәуелсіз партияларды тіркемеу үшін жасалған кедергі. Құқық қорғаушы және журналист Сергей Дуванов бұл пікірді қолдайды.

"Ақорда қалталы парламентті жасақтайтынына күмән жоқ, сондықтан наурызда сайлаушылар билікке адал болғаны үшін сайлауға қатысуға рұқсат етілген партияларға ғана дауыс бере алады" деді Дуванов Eurasianet-ке берген сұхбатында.

Дегенмен бірнеше партия тіркеле алды. Солардың бірі − өзін жасылдар партиясы деп көрсететін "Байтақ" партиясы. Автордың жазуынша, партияға күмәнданып қарайтындар оның жетекшісі Азаматхан Әміртайдың мемлекеттік компанияда басшы қызметін атқарғанын алға тартады. Ал "былтыр Астананың экобелсенділері жергілікті әкімдіктің Талдыкөлді құрғату жоспарына қарсы шыққанда, Әміртай шенеуніктерді қолдады".

Видео: Билікшіл "Байтақ" партиясы сайлауға түсетін үміткерлерін іріктеді (3 ақпан 2023 жыл).

Билікшіл "Байтақ" партиясы сайлауға түсетін үміткерлерін іріктеді
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:04 0:00

Басылым Respublika партиясы Тоқаевтың "Жаңа Қазақстан» саясатын қолдайтынына назар аударады. Сондай-ақ YouTube-тегі "Гиперборей" арнасының негізін қалаушы, белгілі журналист Вадим Борейко жақында осы партия мен Тоқаев әкімшілігінің арасында тығыз байланыс барын анықтаған.

Автор алдыңғы мәжілісте үстем болған "Аманат" партиясының келесі мәжіліс құрамында көпшілік орын алар-алмасы белгісіз дейді.

"Орталықазиялық демократияны дамыту" қорының директоры Толғанай Үмбетәлиева "Ақ жол" партиясы мен социалистік бағыттағы Қазақстан халық партиясы да сайлау олардың пайдасына шешіледі деп үміт арта алмайды дейді. Мұның бір себебі − бұл партиялардың адалдығына [президент әкімшілігі] түпкілікті көз жеткізбеген.

"Ескі партиялар, бәлкім, парламентке оралу үшін Тоқаев саясатына қолдау білдіріп отырған шығар. Бірақ мандатқа қол жеткізген соң оларды Назарбаев адамдары пайдаланып кетуі мүмкін. Сондықтан президент әкімшілігінің оларға сенімі аз" дейді ол.

Бұлардан бөлек, "Ауыл" партиясы мен "қазір толықтай сарқылған оппозициялық күш" − ЖСДП бар.

Автор түбінде жаңа, бірақ жоғары күштер айқындайтын таныс парламент құрылмақ деп болжайды.

"Тоқаев үшін мәжіліске "Жаңа Қазақстан" құруға атсалысатын, сөйте тұра, билік белгілеген ережелермен жүретін жаңа тұлғалар келгені маңызды", − дейді Үмбетәлиева.

ТОҚАЕВ "ОТПЕН ОЙНАП ОТЫР"

АҚШ-тағы Питтсбург университетінің нарық және басқару орталығының жетекшісі Дженнифер Брик-Муртазашвили World Politics Review басылымында кезектен тыс парламент сайлауы сыртқы қауіп-қатер мен ішкі проблемалар ушығып тұрған шақта Тоқаевтың билігін күшейтуге бағытталған қадам екенін жазады.

Зерттеуші үкіметтің халықпен қарым-қатынасы бұрын-соңды мұндай шиеленісті жағдайда болған емес дейді. Брик-Муртазашвилидің айтуынша, Тоқаев парламент сайлауы Қаңтар оқиғасынан басталған қиын кезеңге нүкте қояды деп үміттенеді.

Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін президент билігін әлсіретіп, парламент рөлін күшейтетін саяси реформа жүргізуге уәде етті. Референдумда мақұлданған Конституция өзгерістері расында да суперпрезиденттік жүйеден парламенті мықты жүйеге көшуге мүмкіндік беретін.

Алайда былтыр қарашада өткен кезектен тыс президент сайлауына оппозициялық кандидаттар қатыспады, Тоқаев бәсекесіз сайлауда 81 пайыз дауыспен оп-оңай жеңіске жетті. Брик-Муртазашвили осы жолғы мәжіліс сайлауына тәуелсіз саяси партиялар тіркеліп, қатыса алатынын көрсететін белгі жоқ дейді.

− 2022 жылғы қаңтардағы наразылық пен Ресей Украинаға басып кіргенінен кейінгі қысымды ескерген Тоқаев өз билігін күшейтетін қадамдар жасады. Парламент сайлауы – соның бірі, − дейді Брик-Муртазашвили.

Видео: "Сайлау әділдігіне күмәнім бар" (27 қаңтар 2023 жыл).

 “Күмәнім бар”. Сайлау әділдігі жайлы алматылықтар не дейді?
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:35 0:00

Бірақ зерттеуші, айналып келгенде, сайлау кері нәтижеге әкеп соқтыруы мүмкін деп пайымдайды. Себебі Тоқаев көтерген қазіргі реформалардың көпшілігі ол 2019 жылы іске асырамын деп уәде еткен реформаларға ұқсас. Ол 2019 жылы жемқорлықты азайтуға, азаматтардың жергілікті деңгейде мемлекетті басқаруға араласуына көбірек жол ашуға уәде еткен. Бірақ ол уәдені сол бойы орындамады: әкімдерді халық тікелей сайламайды, сонымен қатар ел саясаты ашық бола түскен жоқ. Ал бұл жемқорлықты жою үшін қажет әкімшілік және басқару реформаларын іске асыруды қиындатады. Автор Тоқаевтың уәдені орындамауы, сөзі мен ісі арасындағы алшақтық халықтың көңілін қалдырды деп есептейді.

Зерттеуші көпшілік сайлау нәтижесінде тәуелсіз парламент жасақталады деп үміттенбейді дейді, себебі тіркелген партиялардың бәрі үкіметпен үндес. "Олар Тоқаев уәде еткен ашық саяси бәсекені жасай алмайды. Тәуелсіз саяси партиялардың қатысуынсыз сайлау өткізу арқылы ол халықтың көңілін одан бетер қалдыруы мүмкін".

Былтыр Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстанда жаппай тәртіпсіздік болды. Тоқаев үкіметі реформалар бағдарламасын іске асырса, бұл болашақ толқудан қорғайтын ең негізгі кепіл болмақ.

НАЗАРБАЕВТЫҢ ТУЫСТАРЫ ІРІ БАНКТЕГІ ҮЛЕСІН НЕ ҮШІН АЗАЙТПАҚ?

Экс-президент Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен күйеубаласы Тимур Құлыбаев иелік ететін ALMEX компаниясы елдегі ең ірі қаржы институты − Halyk Bank-тегі үлесін азайтуды қарастырып жатыр. Алматыда тұратын британ журналисі Джоанна Лиллис Eurasianet басылымындағы мақалада "бұл осы шара "Назарбаевтың ықпалды туыстарының экономикадағы ықпалын азайтуға бағытталған Астананың қадамына қарымта жауап болуы мүмкін" деген әңгімеге түрткі болды" деп жазады.

Бірақ ALMEX компаниясы банк акцияларын ықтимал инвесторларға қолжетімді етуді көздейтінін хабарлаған. Қазір Halyk Bank-тің 69,5 пайыз акциясына иелік ететін ALMEX банктегі миноритар үлесін сатпақ, бірақ өз үлесін 51 пайыздан азайтпайды.

Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы қызметінен кеткен.
Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың күйеубаласы Тимур Құлыбаев "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы қызметінен кеткен.

Автор Құлыбаевтар банктегі үлесін азайтуды бұрыннан жоспарласа да, бұл жалғаса берсе, Назарбаевтар отбасының Қазақстанның қаржы секторындағы ықпалы бәсеңдейтінін жазады.

"Отбасының кей мүшелерінің Қаңтар оқиғасына қатысы бар екені көп айтылды, бірақ ресми расталған жоқ". Президент Тоқаев оқиғадан кейін жемқорлық пен непотизмді жоюға уәде берді. Артынша отбасының кей мүшелері, оның ішінде экс-президенттің кенже қызы Әлия Назарбаева мен інісі Болат Назарбаев кей бизнес нысандарынан айырылды.

Автор Құлыбаевтардың мұнай-газ, қаржы секторындағы бизнес-империясы мен, Forbes Kazakhstan дерегі бойынша, дәулеті 584 миллион долларға тең Дариға Назарбаева мен дәулеті 236 миллион долларға жететін ұлы Нұрәли Әлиевтің байлығы нысанаға алынбағанын келтіреді.

Алайда Құлыбаев былтыр жазда Petrosun мұнай компаниясындағы 49 пайыз үлесін мемлекетке өткізіп берді.

Forbes рейтингісі бойынша, ерлі-зайыпты Құлыбаевтардың дәулеті 8 миллиард долларға жуық, олардың әрқайсысының байлығы 3,9 миллиард долларға тең.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG