Accessibility links

"Ұлымды тапаншамен қорқытты" деген журналист Динара Егеубаеваның арызы бойынша полиция тексеріс жүргізеді


Куәгер ретінде шақырылған журналист Динара Егеубаева полиция ғимараты алдында тұр. Алматы, 16 қыркүйек, 2022 жыл.
Куәгер ретінде шақырылған журналист Динара Егеубаева полиция ғимараты алдында тұр. Алматы, 16 қыркүйек, 2022 жыл.

Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі журналист Динара Егеубаеваның ұлына жасалған қарулы шабуыл жөнінде тексеріс басталғанын мәлімдеді.

"Бұл факт тіркелді. Полиция департаментінің тергеу басқармасы істің мән-жайын анықтау үшін кешенді жұмыс жүргізеді" деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.

5 ақпанда түнде журналист Динара Егеубаева белгісіз бір адам ұлына тапаншамен шабуыл жасағанын әлеуметтік желідегі парақшасына жазған. Бұл мәселе бойынша хабарласқан журналист Вадим Борейкоға Егеубаева ұлы подъезге қашып кіріп, құтылғанын, дереу анасына телефон соққанын хабарлаған.

14 қаңтарда Динара Егеубаева автокөлігінің салонына белгісіз біреулер от қойып кеткенін хабарлаған. Егеубаеваның өртеніп жатқан мәшинесі көрінетін видео әлеуметтік желіге тарап кеткен. Егеубаева бұл оқиғаны өзіне жасалған қастандық деп бағалаған. Екі күннен соң Алматы полициясы кәмелетке толмаған, 15, 16 және 17 жастағы бес бозбаланы күдікті ретінде ұстаған. Олар Elmedia редакциясының есігін сындырды деген де күдікке ілінген.

Кейінгі кездері Қазақстанда журналистер мен баспасөз редакцияларына шабуыл жиілей түскені байқалған.

Динара Егеубаеваның көлігі өртенгеннен бірнеше күннен кейін Ulysmedia.kz жаңалықтар сайтының бас редакторы Самал Ибраева белгісіз біреулер редакция сайтын бұзып кіріп, бас редактордың өзі мен отбасына байланысты жеке мәліметтерді жариялап кеткенін хабарлаған. Ол мұны жеке өмірге қол сұғу деп бағалады.

Көп ұзамай журналист Вадим Борейко да түн ішінде белгісіз біреулер пәтерінің есігін жөндеу көбігімен желімдеп кеткенін мәлімдеді.

Халықаралық ұйымдар Қазақстанды сөз еркіндігі күрделі елдер қатарына жатқызады. Қазақстан бұл жөнінен 180 елдің ішінде 122-орында тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG