Ресей әскері Украинаның Луганск облысына әскери техникасы мен резервін тартып, 15 ақпаннан кейін шабуылға шығуға дайындалып жатыр. Бұл ақпаратты "Белсат" телеарнасының эфирінде Луганск облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Гайдай айтты.
Гайдайдың сөзінше, Украинаның Луганск және Донецк облыстарында Ресей әскери техникалары жылжығаны байқалған, Луганск облысында Ресей әскері резервтерін тартып, снарядтарын үнемдей бастаған. Financial Times басылымының жазуына қарағанда, Луганск облысының батысындағы Кременная және Лиман қалаларына шабуыл басталуы мүмкін. Бұл қалаларды Ресей әскері бұрын да басып алған, бірақ Украина әскері қарсы шабуыл жасап, қайтарған.
4 ақпанда Украина бас штабы Кременная ауданында Ресей әскерінің шабуылына тойтарыс бергенін хабарлаған. Мәскеу бұл ақпараттарға түсінік берген емес. Ресейшіл ақпарат көздері бұл ауданда Ресей әскері емес, Украина әскері шабуылға дайындалып жатыр дейді.
5 ақпанда Украина президенті Владимир Зеленский Ресей әскері ақпанда "бұрынғы жеңілістерінің есесін қайтаруға тырысатынын" айтқан. Сол күні Украина қорғаныс министрі Алексей Резников Ресей әскері 24 ақпанда жаңа шабуыл бастауы мүмкін деп мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР