Ресей Батыс елдерінің Украинаны қолдауын негізгі мәселеге айналдырып отырғанда, президент Владимир Зеленский соғыстың бір жылдығы қарсаңында жемқорлық туралы айыптауларға жауап ретінде жоғары лауазымды шенеуніктерді қызметінен босатуға кірісті. Бұл жолы расымен шынайы өзгерістер болуы мүмкін бе?
Украинада жыл сайын "жемқорлықпен күресті күшейтіп, байлыққа белшесінен батқан адамдардың ықпалын азайту керек" деген әңгіме айтылады.
Бірақ салмақты өзгерістер перспективасы көктемгі қар сияқты ұзаққа бармайды. Бұл талпыныс ел ішіндегі және шетелдегі реформаны жақтайтын адамдарға жақсы таныс нәтижесіз бастамалармен аяқталады.
Сондықтан лауазымды тұлғаларды қызметінен босату, жемқорлық бабы бойынша жауапқа тарту туралы жаңалыққа күмәндана қарап, көзбояушылық деп қабылдағандар да бар.
Бірақ Ресей Украинаны күшпен бағындыруға тырысып жатқан тұста үкімет 1991 жылдан бері елдің дамуын тежеп келе жатқан мәселені түбегейлі шешуге бел буған болуы да мүмкін.
Кей сарапшылар соғыс сияқты, жемқорлық та Украина үшін экзистенция мәселесі деп есептейді.
Ресей 2014 жылы Донбастың шығысында басталған кикілжіңді ушықтырып, Украина жеріне басып кіргелі де бір жыл өтті. АҚШ пен Еуропа одағы ай сайын Украинаға миллиардтаған доллар әскери және қаржылай көмек беріп жатыр.
Соғыстың аяқталатын түрі жоқ. Уәде етілген шетелдік көмек көлемі 100 миллиард доллардан асады. АҚШ пен Еуропадағы сайлаушылар мен саясаткерлер бұл тым көп емес пе деген сұрақ қоя бастады.
Украина үкіметінің жемқорлыққа көзқарасы өзгергенін мына оқиға дәлелдесе керек: өткен айда ақпарат құралдары әскерилерге азық-түлік сатып алу кезіндегі парақорлықты анықтағанда, Киев бірден реакция білдірді. Біраз шенеунікті қызметінен босатты. Қалғандары өз еркімен отставкаға кетті.
Журналистер зерттеуінен кейін екі аптадан соң Зеленский бес облыс губернаторы мен прокурорларын, министрлердің орынбасарларын, мемлекеттік кеден қызметі басшысының міндетін атқарушы кісіні ауыстырды. Бұл – соғыс басталғалы болған ең үлкен кадрлық өзгеріс.
Украинаның құқық қорғау органдары Батыс елдері мемлекет пен олигархтар байланысының түп қазығы көретін ықпалды кәсіпкер – Игорь Коломойскийдің үйіне тінту жүргізді.
Ағылшынның Dragonfly Intelligence компаниясының аға сарапшысы, “Еуромайданнан кейінгі украин олигархиясы” кітабының авторы Дэвид Далтон Украина билігінің жемқорлық туралы хабарларға жоғары деңгейде реакция білдіруін жақсылыққа балайды.
– Бұрын мұндай хабарлар елеусіз қалатын. Бұл – терең әрі пайдалы эволюцияның көрінісі. Соғыстың әсерінен режим жылдам қарқынмен өзгеріп жатыр, - дейді Дэвид.
Бірақ басқа сарапшылар сияқты Дэвид те жемқорлықпен күресті жүйелеп, институционализациядан өткізу керек деп есептейді.
21 қаңтарда “Зеркало недели” газеті қорғаныс министрлігі әскерге арналған жұмыртқа мен картопты әдеттегіден қымбат бағаға сатып алып келгенін анықтаған. Бұл Украина халқының ашуын туғызып, билікті шұғыл зерттеу бастауға итермеледі.
Бірнеше шенеунік қызметінен босатылды. Ал азық-түлік сатып алуға жауапты болған министрдің орынбасары отставкаға кетті. Қорғаныс министрі Алексей Резников те орнынан кетуі мүмкін. 5 ақпанда Зеленскийдің парламенттегі “Слуга народу” фракциясының басшысы Резниковті басқа министрлікке ауыстыратынын айтқан. Бірақ ертеңіне әзірге әскери басшылықта еш өзгеріс болмайды деп мәлімдеді.
Резвиков жемқорлық ісіне қатысы барын жоққа шығарған. Ол мемлекеттік сатып алу жүйесін реформалау керек деп есептейді. Министрдің әскерді азық-түлікпен қамтамасыз етуге жауапты болған бұрынғы орынбасары Вячеслав Шаповаловқа қарсы қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынған.
Ақпарат құралдарында президент әкімшілігі басшысының орынбасары Кирилл Тимошенко қымбат көлікпен жүреді деген ақпарат жарияланған соң, шенеунік отставкаға кетті. Ол өңірлік саясатқа жауапты болған, бұрын Зеленскийдің сайлауалды науқанында жұмыс істеген.
Осыған дейінгі жемқорлықпен күрес оң нәтиже бермеген. Шенеуніктер ұсталып, қылмыстық істер қозғалғанымен, шара қолданылмаған.
– Жемқорлық айыбымен ұсталатындар көп, бірақ жауапқа тартылмайды. Атышулы істер дұрыс қаралып, лайық жаза берілмейді, – дейді Chatham House зерттеу ұйымы Украина форумының директоры Орися Луцевич.
Дегенмен сарапшы украиндер соғыстан қажып, экономикалық және эмоциялық тұрғыдан зардап шегіп, Киев шетел көмегіне зәру болып отырғанда, Зеленскийдің жемқорлыққа қарсы шынайы күрес жүргізуден басқа амалы жоқ дейді.
Украина халқы мен Батыс мемлекеттерінің қысымы күшті болып тұр. Бұл олар үшін өмір мен өлім мәселесі іспеттес.
"Украинская правда" интернет-газетінің шолушысы Роман Кравец бұл саяси орнын сақтап қалудың амалы дейді.
Зеленскийден бұрынғы президент Петр Порошенко 2019 жылғы сайлауалды науқан кезінде іскерлік әріптесінің ұлы жағдайы нашар әскери қызметкерлердің ақшасын иемденіп алды деген айыптауларға дұрыс реакция білдірмеді. Дауыс берудің екінші кезеңінде Порошенко жеңіліп қалды.
Зеленский осы жағдайдан сабақ алып, халықтың шамына тигісі келмейді, – деді.
– Зеленский мен оның командасы қоғамның сұранысын жақсы түсініп отыр. Ашу-ызасы көбейген адамдар әділетсіздікті өте ауыр қабылдайды, – дейді ол.
Киевтегі жемқорлықпен күрес орталығының құқықтық кеңесшісі Татьяна Шевчук шенеуніктерді орнынан алып тастау жақсы белгі болғанымен, мемлекеттік институттар әлсіздігі мәселесін шешпейтінін айтады.
– Бізге жүйелі әрі толық реформалар керек. Бірнәрселер жасап жатырмыз, бірақ әлі де шешілуі керек мәселе көп. Алдағы уақытта тергеу мен сот басталады. Бірақ ішкі түйсігіме сенсем, бұл уақытша құбылыс сияқты, – дейді.
Зеленский азық-түлік дауынан кейін бес губернатор мен прокурорды қызметінен босатып, жемқорлықты жоюға уәде берді.
Бірақ кей бақылаушылар мұның астарында басқа себеп жатуы мүмкін деп топшылайды.
Кравецтің айтуынша, қазір саяси күштер арасында ойын жүріп жатыр. Ол қызметінен босатылған бес губернатор Зеленскийдің отставкаға кеткен көмекшісі Тимошенкоға жақын болғанын айтады.
Тимошенконың бұрынғы басшысы, көбі Украинадағы екінші ықпалды адам дейтін Андрей Ермак бәсекелесін шеттетіп, билігін нығайту үшін қоғам реакциясын пайдаланды.
Ермак "президентке сөзін өткізе алатын жалғыз адам болғысы келеді" дейді ол. Ермактың баспасөз хатшысы Даша Заривна Азаттықтың пікір беру туралы өтінішіне бірден жауап бермеді.
2 ақпанда америкалық әріптесі, ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесші Джейк Салливанмен сөйлескеннен кейін Ермак Зеленский мен оның үкіметі билік органдарын жемқорлық қаупінен тазарту үшін қолынан келгенннің бәрін жасайтынын айтты.
ЕУРОПАНЫҢ ТАҢДАУЫ
Украина қауіпсіздік қызметінің 1 ақпанда Коломойскийдің үйіне шынымен тінту жүргізгеніне сенбейтіндер де бар. Тінту шарасы Киевке Еуропа одағының өкілдері келерден бір күн бұрын болған. Олар Украинаның Еуроодаққа қосылу мүмкіндігін талқылауға келген.
Маусымда Украинаға Еуроодаққа мүше болуға кандидат мәртебесі берілген.
Брюссель Украинаның Еуроодаққа мүше болуға талпынысын қолдаса да, "Киев әуелі демократиялық және экономикалық реформалар жүргізіп, жемқорлықты жоюы керек" деген позициясынан таймай отыр. Еурокомиссия қазанда Украинадағы рефомалар қалай жүріп жатқаны туралы есеп жариялайды.
Transparency International ұйымының 31 қаңтарда жарияланған баяндамасында Украина жемқорлықты қабылдау индексі бойынша 180 мемлекеттің ішінде 116-орында тұр. Ұйым кейінгі жылдары Украинадағы жағдай жақсарғанын, бірақ әлі де мемлекеттік институттарды нығайту үшін көп жұмыс атқару керегін айтады.
Батыстағы кей тұлғалар Коломойскийді 90-жылдары Украинада болған бейберекет капитализмнің өкілі деп есептейді.
АҚШ президенті Джо Байденнің әкімшілігі 2021 жылы наурызда Зеленскийді жемқорлықпен күресуге итермелейтін қадам жасады: жемқорлыққа қатысы болғаны үшін Коломойский мен оның отбасына Америкаға кіруге тыйым салды. Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен Коломойский заң үстемдігі мен Украина қоғамының демократиялық институттарға сенімін бұзған.
Бірнеше ай бұрын 2020 жылғы тамызда әділет министрлігі Флорида штатында АҚШ-тағы Коломойскийге тиесілі бірнеше коммерциялық ғимаратты бұғаттауды сұрап, әкімшілік шағым түсірді. Министрліктің дерегінше, Коломойский бұл нысандарды жымқырылған ақшаға сатып алған. Қазір ведомство аталған іс бойынша қылмыстық тергеу жүргізіп жатыр.
Коломойскийдің қарамағындағы ақпарат құралдары 2019 жылғы президент сайлауында Зеленскийдің кандидатурасын қолдаған. Көбі осыған қарап, саяси тәжірибесі жоқ болашақ президент магнатқа қарыздар болып қалады деп қорыққан.
Зеленский Коломойскийден аулақ жүруге тырысады. Соған қарамастан, Зеленский президент болған төрт жылда Украина прокуратурасы магнатқа қарсы қаржылық қылмыс жасады деген күдікпен бірде-бір іс қозғамаған.
Украинаның орталық банкі Коломойскийдің өз кредиторы "Приватбанктен" 5,5 миллиард доллар алғанын айтады. 2016 жылы банк қиын жағдайда қалып, экономикалық апаттың алдын алу үшін мемлекетке бюджеттен ақша бөліп, банкті құтқаруға тура келген.
Билік өкілдері Коломойскийдің резиденциясына тінту жүргізуге олигарх мемлекетпен бірлесіп басқаратын мұнай активтерінен 1 миллиард долларға дейін ақша жымқырды деген айыптаулар негіз болғанын айтты.
Шевчук мұны Еуроодақ саммиті алдындағы шоуға ұқсатады.
Украина қауіпсіздік қызметі Коломойскийге айып тақпады, тінту нәтижесі туралы да ақпарат берген жоқ.
Зеленский халыққа арнаған жолдауында жемқорлықты меңзеп, "үкімет ішкі жаулармен күресін жалғастырады" деді.
Бұл – Еурокомиссия үшін жақсы жаңалық. Комиссия Украинаға жеті түрлі талап қойған. Еуроодаққа кіру үшін Украинаға осы талаптарды орындау керек. Талаптардың көбі құқық қорғау, сот реформасымен байланысты.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі 30 жылда Украинаның құқық қорғау органдары мен соттарын магнаттар мен саясаткерлер қарсыластарын жоюға, тергеулерді тоқтатуға немесе бизнестегі бәсекелестеріне кедергі болуға үнемі пайдаланды.
РЕФОРМА ТУРАЛЫ ЕКІҰДАЙ ЖАЗБА
Аутсайдер Зеленский қатып қалған жүйені бұзып, Украинаны ЕО-ға кіргізуге уәде берді. Билікке келгеннен кейін тап осы сөзін орындау үшін жедел түрде жас шенеуніктерден жасақталған үкімет құрды.
Алайда бірер айдан кейін мүдделі топтардың, соның ішінде магнаттардың ықпалы туралы хабарламалар тараған тұста оларды және өзінің құрметті прокуроры Руслан Рябошапканы жұмыстан шығарды. Бұл жайт елдегі және шетелдегі жақтастарының көңілін қалдырды.
Оның жаңа прокуроры Ирина Венедиктова басшыға берілген адам деп есептелетін. Ол Зеленскийден бұрынғы президент пен бәсекелесі Порошенкоға қарсы қылмыстық іс қозғап, істің саяси астары бар деген күдік туғызғанымен, Коломойскийге тиіспеді.
Сарапшылар қазір Зеленскийдің сыбайлас жемқорлықпен күрестегі тәжірибесі екіұдай екенін айтады. Олардың сөзінше, оның сыбайлас жемқорлыққа қарсы институттарға араласуы сот жүйесін реформалайтын заңдарды қабылдату қабілетіне көлеңке түсіреді.
Атап айтқанда, оның ведомствосы өзі қалаған кандидатты тағайындау ниетімен Александр Клименконы сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы прокуратураның (СҚАП) басшысы етіп тағайындауды бірнеше айға шегерді.
Клименко 2020 жылы Зеленский әкімшілігі басшысының орынбасары Олег Тактаровқа қатысты жемқорлық ісін тергеуді сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюрода (СҚҰБ) жұмыс істеген кезде бастаған.
АҚШ пен ЕО бұл кешіктіруді "түсініксіз және негізсіз" деп атады.
Зеленскийдің кеңсесі сол кездегі СҚҰБ басшысы Артем Сытникті 2021 жылы COVID-19-ға қарсы қаражатты мақсатсыз пайдалану туралы тергеуді бастағаннан кейін жұмыстан шығаруға тырысқаны хабарланды.
СҚҰБ сыбайлас жемқорлық істерін тергеуге және жеке адамдарды тұтқындауға құқылы, ал СҚАП бұл тергеуді бақылайды және оларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоғарғы сотта (СҚЖС) тергейді.
СҚҰБ мен СҚАП – бас прокуратурадан, ал СҚЖС елдің басқа соттарынан тәуелсіз болғандықтан, олар сыбайлас жемқорлықпен күресудің қуатты құралына айналдырады.
Олардың құрылуына көмектесуге Батыс үкіметтері 2014 жылы Мәскеуге қолайлы президент Виктор Янукович құлатылғаннан кейін рұқсат берді. Оның билігі Еуромайдан деп аталатын бірнеше айлық жаппай наразылықтан кейін кең таралған сыбайлас жемқорлық айыптарымен есте қалып еді.
"СҚҰБ мен СҚАП маусым айында Клименко тағайындалғаннан бері "шынымен таңғаларлық нәтижеге" қол жеткізді" деді жыл басындағы сұхбатында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл орталығының басқарма басшысы Виталий Шабунин.
Былтыр сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдар 37 іс бойынша қылмыстық іс қозғап, 33 істе жеңіп шыққан.
Зеленскийдің сыбайлас жемқорлықпен күреске қаншалықты салмақ беретіні оның СҚҰБ, СҚАП және СҚЖС-ты өзге құзырлы органдардан қорғай алуынан көрінеді деді Люцевич пен Шабунин.
Мемлекет тергеуді тоқтату үшін істерді СҚҰБ-дан прокуратураға немесе қауіпсіздік қызметіне (УҚҚ) беруге тырысуы мүмкін деп ескертті Шабунин сұхбатында.
Мұндай бұрын да болған. Клименконың Тактаровқа қатысты тергеуі Венедиктоваға беріліп, ақырында тоқтатылды.
CҚҰБ Коломойскийдің мемлекеттік мұнай компанияларымен қаржылық операцияларын 1 ақпанда УҚҚ тінтуіне дейін бірнеше ай бойы тергеді.
УҚҚ бұл істі де өзіне алуға тырысуы мүмкін.
"Олардың қызметіне жоғары инстанциялардан қандай да бір кедергі бар-жоғын анықтау керек, өйткені мәселе тап сонда", – деді Луцевич. – Біз олардың мәлімдемелерін емес, әрекеттерін бақылауымыз керек".
ПІКІРЛЕР