Accessibility links

Мәжіліс сайлауы: Бірмандатты сайлау округтері бойынша 609 кандидат ұсынылды


Қазақстанда 8 ақпанда кешке кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауына кандидаттарды ұсыну кезеңі аяқталды. ОСК 9 ақпан күнгі брифингіде елде тіркелген жеті саяси партия 283 кандидат ұсынғанын хабарлады.

Ең көбін "Аманат" (90 кандидат) ұсынған. "Ақ жол" – 54, Қазақстан халық партиясы – 52, "Ауыл" – 25, Respublica - 25 кандидатов, ЖСДП – 19, "Байтақ" 18 кандидат ұсынған.

Мәжіліс сайлауына мажоритар бірмандатты сайлау округтері бойынша 609 кандидат ұсынылған. 79 кандидатты партиялар, тағы бес кандидатты төрт қоғамдық бірлестік ұсынған. Қалғаны – өзін-өзі ұсынғандар.

Бірмандатты сайлау округтері бойынша ең көп кандидат Астана қаласында тіркелген. ОСК төрағасының орынбасары Константин Петровтың айтуынша, Астанада екі сайлау округі бар. Әрқайсысынан 63 кандидат ұсынылған.

"Алматы қаласында бірмандатты үш округ бар: N3 бірмандатты округтен 49 кандидат, N4 сайлау округінен 49 кандидат, N5 сайлау округінен 45 кандидат ұсынылды" деді Константин Петров.

Бірмандатты округ бойынша аймақтардан ұсынылған кандидаттар саны. 9 ақпан 2023 жыл.
Бірмандатты округ бойынша аймақтардан ұсынылған кандидаттар саны. 9 ақпан 2023 жыл.

Ұсынылған кандидаттар саны жағынан Ұлытау облысы (8 кандидат) ең соңғы орында тұр.

Түрлі деңгейдегі мәслихаттарға барлығы 12 мыңға жуық кандидат ұсынылған: облыстардың және республикалық маңызы бар Алматы, Шымкент пен Астана мәслихатына 1720 адам ұсынылған. Қала және аудан мәслихаттарына 10 124 адам үміткер ретінде өтініш тапсырған. Бүкіл елде 223 мәслихат бар. Олар 3415 мандатқа ие. ЖСДП-дан басқа алты партия мәслихат сайлауына партиялық тізіммен баратын кандидаттарын бекіткен. Оған 1471 адам енген.

ОСК-ның мәліметінше, енді 18 ақпанға дейін кандидаттарды тіркеу жүргізіледі. Енді кандидаттардың заңға сәйкестігі тексеріледі.

Алдағы парламент сайлауына елде тіркелген жеті партия жіберілген. Мәжілістегі 98 депутаттың 69-ы партиялық тізім бойынша, 29-ы бірмандатты округ бойынша сайланады.

Бұған дейін жеті партияның съездері өтіп, саяси ұйымдар партиялық тізімін бекіткен. Тіркелген партиялардың барлығы билікті қолдайды. Билікке оппозицияшыл көзқарастағы партиялар тіркеуден өткен жоқ.

Бірмандатты округ бойынша сайлауға түсетінін азаматтық белсенділер де мәлімдеген. Кейбірінің өтініші қабылданбады. Кей сарапшылар билік түрлі сылтаумен тәуелсіз кандидаттарды тіркемейді деп болжаған.

Елде кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауы 19 наурызда өтеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG