Accessibility links

Украинадағы соғыс Чехияның Қытайға деген ұстанымын қалай өзгертті?


НАТО-ның бұрынғы генералы Петр Павел жолдасы Ева Павломен бірге сайлауалды штабында жақтастарын қарсы алып тұр. Ол қаңтарда Чехияда өткен президент сайлауында жеңіске жетті.
НАТО-ның бұрынғы генералы Петр Павел жолдасы Ева Павломен бірге сайлауалды штабында жақтастарын қарсы алып тұр. Ол қаңтарда Чехияда өткен президент сайлауында жеңіске жетті.

Чехияның жаңадан сайланған президенті Петр Павел Тайвань басшысымен телефон арқылы 15 минут сөйлесіп, ондаған жылға ұласқан дипломатиялық хаттаманы бұзды, Еуропа мен Қытай қарым-қатынасында жаңа кезең басталуына жол ашты.

30 қаңтарда президент болып сайланғанына екі күн болған Петр Павел Тайвань президенті Цай Инвэньмен телефон арқылы сөйлесіп, Қытайдың қытығына тиді. Пекин Праганы "қызыл сызықтан" өтті деп айыптады.

Бұл сөйлесу өзін-өзі басқаратын аралдың басшыларымен жұмыс істеу дәстүрін бұзғандай болды. Бұған дейін ресми қарым-қатынас төмен деңгейдегі шенеуніктермен шектелетін. Павел Еуропаның сайланған басшылары арасында Тайвань жетекшісімен сөйлескен бірінші адам болып отыр.

Чехия президенті бұл қадамға Еуроодақ Пекинмен қарым-қатынасын қайта қарап жатқанда барып отыр. Еуроодақ ұстанымының өзгеруіне Қытайдың коронавирус пандемиясымен күресі, агрессияға толы дипломатиялық мәлімдемелері, Ресейді Украинаға басып кіргеніне қарамастан қолдай беруі ықпал етті.

"Ресейдің Украинаға жасағанын Қытайдың Тайваньға жасауына жол бермеуге тиіспіз" дейді бұрын дипломат болған, қазір Павелге сыртқы саясат бойынша кеңес беретін Петр Колар Азаттыққа берген сұхбатында. "Украинадағы жағдай Еуропаның жылдар бойы Ресейге анық белгі бермегенінен болып отыр. Бұл оянуға шақыратын қоңырау болды. Ол Тайвань секілді демократиясы бар қоғамдар қорғансыз қалмайтынын ертерек ескертудің қаншалық маңызды екенін көрсетіп отыр".

Тайвань мен Қытай 1949 жылғы азаматтық соғыс салдарынан бөлінген. 1970 жылдары әлем елдерінің едәуір бөлігі Қытай билігі ретінде Пекинді танып, дипөкілдіктерін сонда көшірді. Қытайдың саяси және экономикалық ықпалы күшейген сайын, Тайваньды ресми мойындайтын елдер саны азая берді. Пекин Тайваньды Қытайдың жікшіл аймағы көреді және күндердің бір күні күшпен болса да, құрамына қосып алатынын мәлімдейді.

Колардың сөзінше, Чехия Республикасы дипломатиялық дәстүрді бұза отырып, Еуропаның өзге лидерлерін Тайваньмен қарым-қатынасын өзгертуге итермелейтін мүмкіндікке ие болды. Кейінгі жылдары Еуропа заң шығарушы органдарының көптеген депутаты Тайвань астанасы Тайбэйге барып, елдің басшыларымен кездесті. Мұның бәрі Қытайдың ызасын келтірді.

Кезінде НАТО-ның генералы болған Павел Тайваньмен қарым-қатынасты күшейтуге жол ашты. Сайлауалды науқанында да, Цай Инвэньмен телефон арқылы сөйлескенде де, Тайвань президентімен бетпе-бет кездесетінін айтты. Бірақ кездесудің қашан, қай жерде және қандай форматта болатынын нақтыламады.

"Телефондағы әңгіме қатқан бұзды жарып шықты" дейді Прагадағы Карлов университетінде жұмыс істейтін Қытай маманы, Қытайдың Еуропаға ықпалын зерттейтін "Синопсис" жобасының директоры Мартин Хала. "Біреу бастаған соң, қалғаны қостауы мүмкін".

ПРАГА САЛҒАН ЖОЛ

Павелдің Қытай мен Тайваньға деген ұстанымы алдыңғы президенттің саясатына қайшы. Бұл қызметте кейінгі 10 жылда отырған Милош Земанның құзыреті ресми түрде наурызда аяқталады.

Чехия президенті Милош Земан Прагаға сапармен келген Қытай президенті Си Цзиньпинмен сыра ішіп отыр. 2016 жыл.
Чехия президенті Милош Земан Прагаға сапармен келген Қытай президенті Си Цзиньпинмен сыра ішіп отыр. 2016 жыл.

Бес жылдық екі мерзімінде Земан Қытаймен қатынасты күшейтуді қолдап, сол елден көп инвестиция тартуды көздеді, адам құқығы мәселесінде пекиншіл саясат ұстанды. Ол Қытай энергетика компаниясының басшысы Е Цзяньминді экономика жөніндегі мәртебелі кеңесшісі етіп тағайындап, өз елінде де, шетелде де сынға қалған. 2018 жылы Қытай билігі миллиардер Цзяньминді қамауға алды, ол қайда екені әлі белгісіз.

Бұрын Праганың Ресейдегі елшісі болған, қазір саясат жөнінде кеңес беретін Колардың айтуынша, Павел сыртқы саясаттағы ұстанымын демократия мен адам құқығын жаһандық деңгейде қолдауға бағытталған посткоммунистік дәстүрмен ұштастырғысы келеді.

Оның айтуынша, Павелдің Тайваньді қолдауы Ресей Украинаға басып кіргелі өзгеріп жатқан еуропалық парадигманың тармағы болып отыр.

Сайлауалды науқанында Павел Еуропаның Украинаны үлкен күшпен қолдағанын құптайтынын, алғашқы шетел сапарында Словакия президенті Зузана Чапутовамен бірге Киевке баратынын айтқан. Ресейдің Украинаға басып кіргені "Еуропадағы демократиялық елдер Қытайдың Тайваньға деген агрессиясын назардан тыс қалдырмауға тиіс екенін еске салады" деді ол. "Қытайдың Ресей секілді күш қолдануына жол бермес үшін көмекті қазір беруіміз керек".

Петр Павел мен Словакия президенті Зузана Чапутова Прагадағы сайлау түні.
Петр Павел мен Словакия президенті Зузана Чапутова Прагадағы сайлау түні.

Чехия конституциясы бойынша, президенттің салтанатты құзыреттері ғана бар. Бірақ президенттер елдегі негізгі шешімдерге, соның ішінде сыртқы саясатқа бейресми ықпал ете алады. Президент кеңсесі премьер-министр басқаратын үкіметтің кеңсесінен бөлек. Елдегі формал билік премьер-министрдің қолында.

Бірақ Тайвань, Ресей және халықаралық саясаттағы өзге де мәселелерде Павелдің ұстанымы Земандікіндей емес, Чехия премьер-министрі Петр Фиала басқаратын коалициялық үкіметтің ұстанымына сай келеді.

Тайвань шалаөткізгіш өндіруде алдыңғы қатарда. Кейінгі жылдары елдің Чехияға инвестициясы Қытайдікінен асып түсті. Тайвань компаниялары Еуропаға қарай ұлғаюын күшейтіп жатыр.

Тайвань әлем бойынша шалаөткізгіштердің 90 пайызын өндіреді. Бұл шалаөткізгіштер хайтек өнімдер әзірлеуде шешуші рөл атқарады. Сол себепті бұл өнім өндіруші елдер үшін аса маңызды.

"Тайвань Еуропаның Қытайға деген ұстанымын өзгертіп жатқанын, бұл жерде мүмкіндік барын түсініп отыр" дейді Тайваньдағы Донг Хва ұлттық университетінің ғылыми қызметкері, Еуропа парламентінің бұрынғы кеңесшісі Жужа Анна Ференци Азаттыққа берген сұхбатында. "Еуропаға мүше елдер ашық сөйлеп, Тайваньға қолдау көрсетудің жаңа жолдарын ұсынуға құлшыныс танытып отыр. Тайбэй бұл мүмкіндікті ұтымды пайдаланудан үмітті".

ОРТАЛЫҚ ЖӘНЕ ШЫҒЫС ЕУРОПАДАҒЫ ЖАҢА ЖАҒДАЙ

Павелдің Цай Инвэньмен тіке сөйлесуіне жауап ретінде Пекин Чехияны "біртұтас Қытай қағидасын" бұзды деп айыптады. Пекин өзін Қытай мемлекетінің жалғыз легитимді үкіметі санайды.

Тайваньмен 13 мемлекет және Ватикан ғана ресми дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. 24 миллион халқы бар аралды осы елдер ғана тәуелсіз мемлекет ретінде таниды. Батыс елдерінің көбі Қытайдың Тайваньға деген таласына ашық қарсылық білдірмейді, бірақ оны қолдамайды да.

"Тайваньмен және Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы өзге де демократиялық әріптестермен қарым-қатынасты күшейту [Чехия Республикасының] мүддесіне жатады" деді жақында Чехия сыртқы істер министрі Ян Липавский Politico басылымына берген сұхбатында. "Біртұтас Қытай жөнінде өз саясатымыз бар. Ешнәрсе өзгерген жоқ".

Прага да, Еуроодақтың өзге мүшелері де Тайваньды ресми мойындағалы отырған жоқ. Бірақ сарапшылар мен лауазымды тұлғалардың айтуынша, одақ Пекин мен Тайбэйге деген ұстанымын күшейтуі ықтимал.

Бұл өзгеріс күтпеген жерден болған жоқ. Венгрияны қоспағанда, Орталық және Шығыс Еуропада бұл өзгеріс бірнеше жыл бойы пісіп-жетіліп келді. 2020 жылы Чехия сенатының жетекшісі Милош Выстрчил Тайваньға делегация бастап барған. Ал 2021 жылы Чехия мен Словакия парламенттері сапармен келген Тайвань сыртқы істер министрі Джозеф Вуды құшақ жая қарсы алды.

Тайвань сыртқы істер министрі Джозеф Ву (оң жақта) Чехия сенатының спикері Милош Выстрчилдың қолынан естелік медалін алып тұр. Прага, 2021 жыл.
Тайвань сыртқы істер министрі Джозеф Ву (оң жақта) Чехия сенатының спикері Милош Выстрчилдың қолынан естелік медалін алып тұр. Прага, 2021 жыл.

Қытай Орталық және Шығыс Еуропадағы 17 елге арнап "17+1" бастамасын көтерген. Бірақ кейінгі жылдары бұл бастама сәтсіздікке ұшырады. 2021 жылы одан Литва шығып кетті. Ал Ресей Украинаға басып кіргелі Қытайдың Мәскеуді қолдағаны үшін Эстония мен Латвия да жобадан бас тартты. Чехия мен Словакия секілді өзге мүше елдер ресми түрде бастамадан шыққан жоқ, бірақ бұл форматтағы жұмысын тежеп отыр.

"Біздің Қытаймен қарым-қатынасымыз қайта қаралып отыр" деді Липавский ақпанда The New York Times басылымына берген сұхбатында. "Жаңа геосаяси жағдай орнап жатыр".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG